Сәрсенбі, 24 сәуiр, 22:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Этно-мәдени бірлестік өкілдері референдумды қолдайды

12.05.2022

843 0

Ел тарихында екінші рет өткізілгелі отырған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық референдумның маңызы мен мәнін азаматтарға түсіндіру мақсатында кеше «AMANAT» партиясы Қызыл­орда  облыстық филиалы жанынан құрылған өңірлік штаб Төрағасы Ләйлә Төрешова бастаған штаб мүшелері  «Достық» үйінде  этно-мәдени бірлестік  өкілдерімен кездесті.

Мемлекеттік басқару жүйесін өз­гертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізілгелі отыр. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының  нақты жүзеге асуының дәлелі. Мажо­ри­тарлы сайлау жүйесінің енгізілуі – сайлаушылардың республикалық қана емес, жергілікті жердегі де мүддесін жіті қорғауға мүмкіндік туғызады. Партиялық жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында – саяси партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Өңірлік өкілдіктер саны 600-ден 200-ге азайып, бастамашыл топ саны 1000-нан 700-ге қысқарды. Бұлардың барлығы Әділетті Қазақ­стан­ды құрудың алғышарты, − деп атап өтті өңірлік штаб төрғасы, «AMANAT» пар­тиясының облыстық филиалының ат­қарушы хатшысы.

5 маусым күні өтетін жалпы­халықтық референдумда Конститу­циядағы 98 баптың 33-іне өзгеріс­тер енгізілмек. Бұл дегеніміз Консти­туциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Кездесу барысында штаб мүшесі Асылбек Жұмабаев осы бағытта жүзеге асатын міндеттерді тілге тиек етті.

− Конституцияның жаңарған нұс­қасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік сек­торда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жа­салуда, − деді өңірлік штабтың мү­шесі Асылбек Жұмабаев.

Референдумға қатысу құқығы аза­маттардың тегiне, әлеуметтiк, лауа­зымдық және мүлiктiк жағ­дайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұр­ғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан рес­публиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi.

Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдум – Әді­летті Қазақстан ұстанымының бас­тамасы деуге де негіз бар. Сондықтан этно-мәдени бірлестік өкілдері елі­міздің болашағы үшін бір ауыздан қолдайтынын жеткізді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: