Жұма, 29 наурыз, 00:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Күн тәртібінен түспеуі тиіс мәселе

31.07.2022

668 0

Ел үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың қатарында бағаны тұрақтандыру, халықтың табысын арттыру, тұрғындарды жұмыспен қамту сынды міндеттер бар. Әрі бұл – күн тәртібінен түспей орындалуы тиіс тапсырма. Оның үстіне қала, аудан әкімдеріне әрбір он мың тұрғынға жүз жұмыс орнын ашу жүктелген. Қала әкімдігінде актив отырысы өтіп, Президент тапсырмасына байланысты негізгі мақсат-міндеттер сараланды.

Актив отырысына төрағалық еткен қала әкімі Асылбек Шәменов азық-түлік бағасын тұрақтандыру, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, экономиканың нақты секторына қолдау көрсету сынды міндеттерге тоқта­лып, бөлім басшылары мен кент және ауыл әкімдерінен жүктелген жұмыстардың жайын сұрады. Тағы бір айта кетерлігі, үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, қала және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелген болатын. Қала әкімдігіндегі актив отырысында сол тапсырмалар аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі де айтылды.

– Құрметті әріптестер, қазір инфля­цияның ушығып кетуі өте күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы да әсер етті. Бағаны тұрақ­тандыру үшін қаладағы азық-түлік тауар­ларын импорттауды төмендетіп, өзімізде өндірілетін тауарларды пайдалану туралы ұсыныстар енгізуіміз қажет, – деді қала әкімі. Сондай-ақ «Байқоңыр ӘКК» АҚ мен қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі­нің басшыларына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтан­дыру жобасын әзірлеуді тапсырды.

Қазақстан Президенті үкімет отыры­сында азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттағанын және үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шыққанын баса айтқан болатын. «Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, баға­ны жасанды түрде ғана реттеп отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде реттеп отырудың тиімсіз жол екенін нарықтың өзі айқындап берді. Дәл қазір бағаны тұрақтандырмақ түгілі ауыздықтау қиын болып тұр. Оған жаңа қадам, басқаша бағыт қажет. Қала әкімі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Бақытжанұлына кәсіпкерлер мен мемлекеттік-жекешілік әріптестік бойынша көтерме сауда орта­лық­тарын салу жобасын ұйымдасты­руды тапсырып, нәтижелі жұмыс күте­тінін айт­ты. Сонымен қатар шаһар басшысы азық-түлік тауарларын шығаратын аймақ кәсіп­керлерінің өнімдерін сауда орын­дарына делдалсыз өткізу үшін арнайы шара­лар қабылдау қажеттігін назарға салды.

Ел президенті жүктеген тапсырманың бірі – халықтың табысын арттыру. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың та­бысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Мемлекет басшысы Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кеткенін баса айтып, биыл мамыр айында азаматтардың нақты табыс көрсеткіші минус 2,9 пайызға дейін төмендегенін және мұндай құлдырау көптен бері болмағанын қаперге салды.

Үкімет отырысынан соң жиын өт­кізген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықтың табысын арттыру мәселесін көтерген болатын. Расында, Қызылордада соңғы 2 жылда халықтың табыс көлемі төмендеп кеткен. Мәселен, 2019 жылы халықтың нақты қаржылық табысы алдыңғы жылмен салыстырғанда 109,4 пайыз болса, 2020 жылы өсу динамикасы біршама төмендеп, 103,8 пайызды құрады. Жауапты сала басшылары тарапынан жіберілген кемшіліктер салда­рынан 2021 жылы көрсеткіш тағы да төмендеп, 99,9 пайыз­ды көрсетті. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажет.

Облыс әкімі халықтың табысын арттырудың бірден бір жолы ре­тінде өңірде түрлі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажет екенін алға тартты. Бұл ретте аймақта нақты жұмыстар басталды. Айталық, биыл Сыр өңірінде 30490 жаңа жұмыс орнын құру межесі белгіленіп, 6 ай ішінде 14423 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 5491 тұрақты жұмыс орны. Аймақта инвестиция тартуға басымдық берілуде. 2022 жылдың I жартыжылдығының қорытындысы бойынша Сыр өңірі респуб­ликада алдыңғы бестікке еніп, 127,7 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Облыс әкімі Президент тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындалуы қажет екенін қатаң ескертіп, өзінің тұрақты бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Активте қала әкімі де тиісті жұмыстың жасалатынын айтып, қалалық жұмыспен қамту орталығы мен бөлім басшыларынан нәтиже күтетінін жеткізді. «Жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпорындарына жұ­мыссыз жастар мен азаматтарды тарту мақсатында тиісті жұмыстарды атқаруды тәжірибелеріңізге қарай көретін боламын. Тапсырма 100 пайыз орындалуы керек», – деді Қызылорданың әкімі.

Қала, аудан әкімдеріне әрбір он мың тұрғынға жүз жұмыс орнын ашу жүктелген. Президент бұл жұмысты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, жұмыс орындарының құрылуын анық есепке алу әдістемесін әзірлеп барып атқаруды міндеттеді. Жалпы жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша қалада қарқынды нәтиже көрінбейді. Оны Асылбек Өмірбекұлы да мойындап, кент және ауыл әкімдеріне қатаң түрде ескерту жасады. Әрі бұл мәселені өзі тікелей бақылауға алатынын мәлім етті.

Жиында білім беру ұйымдарының басшыларына міндеттелген қызметтердің барысы да талқыланды. Сонымен қатар салық базасын ұлғайту мәселесі де сөз болды. Бұдан бөлек инвестиция тарту, жанар-жағармай бойынша жұмыстарды бастау, жөндеуден өтетін жолдардың сапасына және күтіп-ұстау шараларын ұйымдастыру жайы да кеңінен тарқатылды. 

– Бүгін Мемлекет басшысының үкімет­тің кеңейтілген отырысында және облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісінде берілген тапсырмаларды талқыладық. Сондықтан берілген тапсырмалардың үдесінен шығып кетпей, жұмыс қар­қынын барынша күшейтуіміз керек. Кем­шіліктерге жол бермеңіздер. Абырой барлығымызға ортақ. Қалған мәселелер жұмыс тәртібінде қаралатын болады, – деді қала әкімі.

Мәжілісте аймақта өзекті түйткілге айналып отырған Конго-Қырым геморра­гиялық қызбасы жайлы да айтылды. Мінберге көтерілген қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Амантай­ұлы хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Қызылорда аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошағында орналасқан. Осы жылдың маусымында алғашқы диагнозбен 11 жағдай тіркеліп, 1 науқас қайтыс бол­ды. Жүргізілген эпидемиологиялық зерттеу қорытындысының нәтижесінде анық­талған адамдардың барлығы мал шаруашылығымен айналысатын кісі­лер болып шықты. Қалаға қарасты аймақ­тардың барлығына тиісті дезинсекциялау жұмыстары жүргізілді. Кенеге қарсы дезинсекция жұмыстары 14 сәуір мен 5 мамыр аралығында жүргізілген болатын. Ұлттық сараптама орталығының Қызыл­орда облыстық филиалының брига­да­сымен санитарлық қорғаныш бел­деуінде 450 гектар жер кенеге қарсы дезинсекцияланды. Аса қауіпті, қолай­сыз аймақтардың қатарындағы 3 елді мекенге кенеге қарсы қайтадан жоғары дезинсекцияландыру жұмыстары қарас­тырылды. Қолайсыз аймақтар қа­тарына Абай, Досан, Иіркөл ауылдары мен Белкөл кенті кіреді. Сондай-ақ кенеге қарсы сақтану шаралары мен түсін­дірмелерді тұрақты түрде, күнделікті ақпараттандырып отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Шынын айтқанда, кенеден келетін залал аз болмай тұр. Кісі өлімі тіркелгенін назарға алсақ, қауіптің де жоғары екенін түсінуге болады. Қала әкімі сани­тарлық-эпидемиологиялық бақылау бас­қармасының басшысына Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидахуалы және алдағы уақытта шұғыл атқаруға тиісті шараларды қолға алу қажеттігін ескертіп, қатаң тапсырма берді.

– Кене шағып, вирус өршігеннен кейін барып қимылдағанша алдын алу, ескерту, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілсе, мұндай күрделі мәселеге дейін бармайтын еді, деген қала басшысы білім саласына, азық-түлік тауарларына, сауда орталықтарын жандандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бәсекелестік, заңсыздық жолдарына мониторинг топ­тарын құрып, күнделікті тексеріс жасалып, арнайы шараларды қолдануды негізгі шаруа ретінде қарау керектігін баса айтты.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: