Жұма, 26 сәуiр, 15:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қызыл айдаһардың басы кесілген күн

16.12.2020

1112 0

Қазақ халқының егемендігін еншілеп, өз алдына дербес мемлекет құрып, тәуелсіз елге айналамын дегенше бастан небір зұлматты өткізгені тарихтан белгілі. Қара жерге тіл бітсе талай шындықты айтары ақиқат. Адам баласы қанша жасырғанмен кәрі тарих ақ таңдақтар мен қара дақтардан таза болғанды қалайтыны сөзсіз.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жыры жаудың қолынан қырылған, өз жерінде өзгеге таланған халықтың жай-күйін көз алдымызға айнақатесіз елестетеді. Жан-жақтан қаумалаған жау, кең-байтақ жерімізге көз тігіп, аюдай айбатты, айдаһардай қаһарлы көршілер, етекте жағаласып жатқан Қоқан, Хиуа шапқыншылары, одан қалды әлсін-әлсін шабуыл жасап тұрған ойраттар мен қалмақтар, жоңғарлар елді әбден титықтатып жібереді. Елім деп бас көтерген Махамбеттей ерлерді өз ішімізге сыйдырмай өз қолымызбен келмеске жіберіп, “бауырым” деп жүрген алты алаштың бір тармағы Кенесары ханның басын орыс патшасына сыйға тартты. Басқасын былай қойғанда, сырттан соғысатын жау жоқтай үш жүзге бөлініп алып өзіміз бен өзіміз қырқысып мына қалың қазақты әбден тығырыққа тіредік.

Кеңес үкіметі орнағанша «Ұлт-азаттық көтіріліс», «Азаматтық соғыс», «Ақпан», «Қазан» төңкеріс­тері сынды қанды қырғындар, орнағаннан кейін де «шаш ал десе бас алатын» шолақ белсенділер қан қақсатқан жоқ па? Ел  басына күн туғанда, елдік пен ерлік мәселесі қатар қойылғанда қазақтың ержүрек перзенттері қайсарлығынан танбай «малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін бабалар жолын жалғастыра білді. Ел оқығандары ендігі кезекте саяси күрес жүргізуден гөрі, рухани күрес жүргізуді жөн деп тапты, сол жолда барын сала жұмылды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында тарих сахнасына қазақтың оқығандары шықты. Ат төбеліндей ғана ел оқығандары  XX ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында күшейген сталиндік әмір­шіл-әкімшіл, тоталитарлық жүйе­­лерге, қызыл империяға қарсы тұру үшін газет-журналдар мен білім сала­­сын мейлінше басып қалуға ты­рысып бақты.

Алаштықтардың мұндай әрекетін көрген кеңестік үкімет қарап отыра алмады. Қазақстанды басқаруға Голощекинді жіберіп, соның қолы­мен біздің елде “Кіші Қазан” төң­ке­рісін жасатты. Алдымен, ғасыр­лар бойы көшпелі шаруамен ай­на­лысқан қазақтай ұлтты күштеп колхоздастырып ұжымдастырды. Ұжымдастыру барысында «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген желеумен күнкөрісі баққан малы болған қазақтың малын тартып ала бастады. Елді байлар мен кедейлер деген екі тапқа бөліп, бүтін бір ұлтты өзімен-өзін қырқыстырып қояды. Осының салдарынан мал-жанын аман сақтап қалу мақсатында толық бір ауылды қамтитын байлардың қоныстары шекара асып кетеді. Одан кейін 1932-33 жылдардағы аштық қолдан ұйымдастырылады. Бұл аштықтан қазақтың үштен бір бөлігі кеміді. Бүгінде аштықты көргендер ол күндерді еске алуға да қорқады.

Елді осылай қырып жатқандары аздай енді оқыған азаматтарға, көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаларға ауыз сала бастайды. Қазақтың жарқын болашағын ойлаған Алаш орданың құрамында болған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан сынды тағы да басқа арда азаматтарды бірінен соң бірін тұтқындап,  ату жазасына бұйырады. Күллі шығыстың шоқ жұлдызы, шынайы күрескері Мұстафа Шоқайды шет ел асуға мәжбүрледі.  Басқа да бас көтерерлік жандарды осы алаштықтарға қа­тысы бар деген желеумен немесе солардың шығармаларын оқығаны үшін өлімге қиып жатты. Өлімге кесілмегендерін айдауға жіберіп, олардың отбасыларына «Халық жауының» ұлы не қызы деп күн бермейді. Сөйтіп жүргенде «Ұлы Отан соғысы» басталады. Оған да  Бауыржан, Қасым, Рақымжан Талғаттай қазақтың қаһарман ұл­дары көптеп тартылды.  Тағы да қазақтарды ажал аузына айдайды, ол аздай ауған соғысында да осы оқиға қайталанады.

Осы езгінің бәріне шыдап баққан қазаққа басқа нендей қор­лауды, кемсітуді білмеген кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе ұзақ жыл­дар Қазақстанды басқарған Д.А.Қонаевты бір күнде ауыстырып, орнына Колбинді әкеліп қояды. Енді бұған қалай шыдасын, қайран қазағым?! Басқаның бәріне көнсе де, қазақтай бүтін бір ұлысты өзге ұлт өкілінің басқаруына жол бере алмады. Алматыдағы орталық алаңға сол кезде жастар көптеп жиналып, бейбіт шеру жасап өз ойларын білдіріп бақты. Бұл 1986 жылғы 16 желтоқсан болатын. Иә, тек өз ойларын ғана айтқан, бейбіт шеру жасап пікірлерін білдірмек болған жастарды мұздай қаруланған кеңестік әскерлер күшпен тарқатпақ болады. Жастар жалаң қолмен БТР-лерге қарсы шықты. Көз  алдарында Сәбира мен Ләззат секілді жәудіреген қаракөз қыздарының шаштарынан тартып, желтоқсанның қаһарлы суығында мұз үстінде сүйрелеп бара жатқан бақайшағына дейін қаруланған қаныпезер әскерилерді көргенде бейбіт шеруге шыққан топтың ішіндегі ержүрек ұландар қарап қала алмады. Оққа қарсы кеудесін тоса құтқармаққа ұмтылды. Олардың ішінде желтоқсаншылар арасынан алғашқы құрбан болған Ербол, «Еркек тоқты құрбандық» деген Қайрат сынды батырлар бар еді. Өздерін құрбандыққа шалып, тәуелсіздік жолындағы жүздеген ұрыстарда қазақ үшін жандарын қиып кеткен бабалар ерлігін қайталады. Бірақ… Арты не болды? Отан… Атамекен… Қазақ… деп өмірлерін шүберекке түйген жастарды “маскүнем”, «нашақор» деп айыптап, сол кезде Желтоқсан оқиғасын бүлікшілердің әрекетіндей ғана  жағдайға теңейді.

Тарихи оқиғаның  шын мәнісінде өз бағасын алу үшін қазақ зиялылары күрес жүргізе бастайды. Кеңес үкіметі тарқамай тұрып Мәскеудегі өткен съезде қазақтың қайсар ақыны Мұхтар Шаханов Желтоқсан оқиғасына оң баға беруін және сол кезде алып империяны басқарған М.Горбачевқа Қазақстанға сапарында қазақ халқынан кешірім сұрауды талап етеді, дегеніне жетеді.

Қазақ халқы елді елдікке бас­тайтын қадам жасау керектігін ұғынып, тәуелсіздік алуға ұмты­лады. Осылайша 1991 жылғы 16 желтоқсанда әлем картасында тәуелсіз Қазақстан атты мемлекет пайда болды. Біздің егемендігімізді алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындайды. Бұл күнді «Қызыл айдаһардың басы кесілген күн» деп айтар едім. Менің бұл сөзіммен талай адам келісетін шығар. Кеңес үкіметі секілді алып империяны ұстанған саясатына қарай “Қызыл айдаһарға” теңеуден басқа амал қалмады. Бір жерден билеп-төстеуді көздеген аждаһа осылайша аузынан от шашқан,  жалын атқан күйі рухы мықты, арманы асқақ халықты жұтамын деп өз басын өзі жұтып тынды. Кеңестік қызыл үкіметтің қол астында болған қазақтардың көрген қорлығын, қиындығы мен нәубетін санамалаудың өзі қорқынышты. Күш­теп ұжымдастыруды қоспағанда 1932-33 жылдардағы аштық, 1936-37 жыл­дардағы қырғын… Жә-жә, ары қарай айтуға жүрегім де шыдас берер емес. 

Тарихи деректерге сүйенсек, 1937-1938 жылдары 125 мың қазақ зиялысы қырылған. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 196 мың адам қару асынып, май­данға аттанды. 700 мың адам еңбек армиясының сапында болды. Соғыстан тек 410 мың қазақстандық жауынгер ғана оралды. Осыншама нәубеттің ішіндегі ең сұмдығы – 1949 жылдан қазақ халқы атом полигондарының сынағына тасталды. XX ғасырда дүние жүзіндегі бір де бір ел қазақ көрген азапты көрген жоқ. Көрмей-ақ қойсын. Бүтін бір ұлттың жойылып кетуіне сәл-ақ қалған ХХ ғасырда өз алдына ел болып үлгерген тәуелсіз Қазақстан бүгінде дамушы мемлекеттердің қатарындағы елдердің санатында. Өз әнұраны, елтаңбасы, туы, шекарасы, әскері, астанасы бар Қазақ елі бүгінде дербес, әлем мойындаған тәуелсіз мемлекет. Жаратқан Алламыз осы егемендіктен айырмасын, әумин!

Р/с: Соңғы кездері «Қазақта жер болмаған. Қазақтың бүгінгі территориясы – Кеңес үкіметінен қалған мұра» дейтіндер пайда болды. Мұндайлар ел ішінің берекесін алғысы келетін арандатушылардың әрекетіне жол бергендер, не соларға бас болғандар дер едім. Бізге сүттей ұйыған республикамызды, еркіндіктің не екенін сездірген тәуелсіздікті барынша сақтау қажет. «Қазақстанның солтүстігі Ресейдікі» дегендердің сөзіне арандап қалып жүрмейік. «Жыланды жеті рет кесең де кесірткелік күші бар деген». Ал біз құрсауынан бусанып  шыққан Кеңес үкіметінің Қызыл айдаһардай күші болғанын ұмытпаған жөн. Елдің бірлігі бәрінен қымбат.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: