Жексенбі, 08 желтоқсан, 07:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Референдум: Қалай өтті? Нәтиже қандай?

07.06.2022

1114 0

5 маусымда еліміздің барлық аймағында Конституцияға түзетулер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өтті. Дауыс беру үшін Қазақстанда және шетелде жүрген азаматтар үшін 25 елде барлығы 10 012 сайлау учаскесі белгіленді. Таңғы сағат 8.00-де жұмысын бастаған сайлау учаскелеріне қызылордалықтар да барып, таңдау жасауда белсенділік танытты. 

«Осы жылдың 6 маусымында таңғы 08-00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі барлық 10 012 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Конституциялық түзетулер бойынша дауыс беру жалпыхалықтық сипатта болды. «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 31-бабына сәйкес, егер дауыс беруге құқығы бар осындай азаматтардың жартысынан астамы қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп саналады», − деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстанда сайлау құқығы бар азаматтардың 68 про­центі референдумға қатысқан. Об­лыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық комиссия­лары ұсынған алдын ала де­ректері бойынша азаматтардың референдумға қатысу статистикасы жаман емес. Мәселен, тұрғындары ең жоғары белсенділік танытқан өңір ретінде 80,66 про­центпен Түркістан облысы көш бастады. Ал Қызылорда облысында дауыс беру құқығы бар азаматтардың 79,89 проценті референдумда өз таңдауын жаса­ған. Негізінен, еліміз бойынша референдумға қатысу мүмкіндігі және құқығы бар азаматтардың тізіміне 11734642 адам енгізілген.

Қызылорда қаласында жалпы саны 120 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлау басталған 1 сағаттың ішінде облыс бойынша дауыс берушілердің 28,87 процент рефе­рендумға қатысты. Оның ішінде Қызылорда қаласындағы дауыс беру құқығы бар азаматтардың 25,87 проценті өз таңдауын жасады. Айта кетейік, №101 мектеп-лицейде орналасқан №263 референдум учаскесіне ба­рып, дауыс берген азаматтардың қатарында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қала әкімі Асылбек Шәменов те бар. Сондай-ақ дәл сол күні шаңырақ көтерген Әлібай Сапар мен Әйгерім Шахмарданова да №263 дауыс беру учаскесіне келіп өз таңдауларын жасады.

Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, КСРО Ағарту ісінің үздігі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Марк Подольский – дауыс беруге ерте келген азаматтар қатарында. Білім саласының ардагері референдум маңызын айта келе, саяси маңызды шараға сәттілік тіледі. 90-ның төріне шыққан сала ардагеріне алғашқы дауыс беруші ретінде құрметпен сый-сияпат көрсетілді. Сонымен қатар дауыс беруге ертемен келген бірнеше адамға сыйлық табысталды.

Дауыс беруге келген азамат­тардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да белсенділік танытты. Қызылорда қаласында арнайы №366 дауыс беру учаскесі мүм­кіндігі шектеулі жандар үшін қыз­мет етті. Одан бөлек учаскеге келе алмағандарға көшпелі жәшік апа­рып, дауыс беруіне жағдай жасалды.

Жергілікті уақытпен 20.00-де аяқталған сайлау нәтижесінде облыс орталығына аумақтық референдум комиссияларынан келіп түскен мәлі­меттеріне сәйкес, тізімге енгі­зілген дауыс берушілердің жал­пы санының 79,89 проценті өз таңдауын жасаған. Аса белсенділік танытқан аудан ретінде Арал ауданы тіркелді. Референдумға аралдық сайлау құқығы бар аза­маттардың 90,22 проценті қатыс­қан. Ал облыс орталығында өз таңдауын жасағандар саны 66,09 процентті құрады.

«Exit poll» Қазақстандағы Конс­титуциялық түзетулерге бай­ла­нысты референдум нәтиже­сін шығарды. «Социс-а» кешен­ді әлеуметтік зерттеулер институты­ның экзитполының нәтижелері бойынша, сайлауға қатысқан қа­зақстандықтардың 76,7 проценті Конституцияға енгізілетін түзету­лерді қолдаса, 23,3 процент таң­даушы «жоқ» деп дауыс берген.

«Қоғамдық пікір» зерттеу инс­титуты экзитполының мәліметтері бойынша қатысушылардың 74,8 про­центі «иә» деп дауыс берсе, 25,2 проценті қарсы дауыс берген. Зерттеуге сәйкес, сайлауға 70,1 процент адам келген.

«Демократия институты» жүр­­гізген экзитпол нәтижелері бойын­ша сайлаушылардың 79,4 проценті қолдау білдірсе, қа­тысу­шылардың 20,6 проценті түзетуге қарсы дауыс берген. Дауыс берушілердің 66,3 проценті сайлауға келген.

Айта кетейік, экзитпол – әлемдік әлеуметтанулық тәжірибеде пай­даланылатын, дауыс беруден кейін сайлау учаскелерінен шығу кезінде әлеуметтік қызметтер жүргізетін азаматтарға сауалнама жүргізу рәсімі.

Еске салайық, 5 маусымда таң­ғы 07.00 мен 20.00 аралығын­да Конституциялық түзетулерге бай­ланысты референдум өтті. Рефе­рендумда қазақстандықтар Конс­титуциядағы түзетулердің болу не болмауына дауыс берді. Яғни бюллетенде тек «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына өзгерістер мен то­лықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген бір ғана сұрақ болды. Тиі­сінше сұраққа «иә» не «жоқ» деп жауап беруі керек болды. 

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: