Бейсенбі, 25 сәуiр, 06:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Референдум: Қоғамдық штабтың іс-қимылы ширақ

21.05.2022

778 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бағытталған референдум өтетіні белгілі. Осыған орай барлық өңірде тарихи бастаманы қолдауға бағытталған қоғамдық штаб құрылды. Біздің өңірдегі штаб құрамына үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, журналистер, ғалымдар, заңгерлер, қоғам белсенділеріжәне ниет білдірген 31 адам топтасты. Оның төрағасы болып Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай сайланды.

– Жұмыс тобы Ата заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады. Алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай түрлі сала мамандарынан құрылған топ мүшелері 6 мамырдан бастап, арнайы әзірленген әдістемелік құралдарын пайдалана отырып, халық алдында үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Олар мемлекетіміз үшін тарихи маңызы бар саяси шарада азаматтық белсенділік танытып, референдумды лайықты өткізуге атсалысуға дайын екендіктерін жеткізуде.

– Қазақстанның әрбір азаматы Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттігі туралы өз пікірін білдіруге құқылы екені заңда көрсетілген. Сондықтан біз Мемлекет басшысының Конституцияға ұсынылатын түзетулерді референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс беруге шығару туралы шешімін қолдаймыз. Бұл – азаматтардың сенімін ақтайтын дұрыс қадам. Референдумның нәтижелері халықтың еркі мен оның ел болашағын түсінуінің айқын дәлелі болмақ. Біз күшжігерімізді біріктіріп, республикалық референдум өткізуге дайындыққа атсалысамыз. Конституциялық түзетулердің мағынасы мен ережелерін түсіндіру, олардың Қазақстанның одан әрі дамуына қандай ықпал етуге қабілетті екенін жеткізу үшін еліміздің барлық өңірлеріндегі халықтың түрлі топтарымен белсенді жұмыс жүргізетін боламыз. Референдумды өткізу халықтың мемлекет жүйесін басқаруға тікелей бағытталған ауқымды өзгеріс. Біз күшжігерімізді біріктіріп, азаматттық қоғам өкілдері ретінде белсенділік танытып республикалық референдумды лайықты ұйымдастыру және өткізуге жәрдем көрсетеміз, – деді облыстық қоғамдық штабтың төрағасы Жандос Базартай.

Бүгінде облыстық қоғамдық штаб барлығы 40-тан астам кездесу өткізді. Алдағы уақытта да бұл шаралар жалғаса беретін болады. Штаб бірнеше бағытта жұмыс істейді. Атап айтсақ, бірінші бағыт бойынша 12-19 мамыр күндері облыстық штаб мүшелері қаладағы білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Осы кезге дейін 12 кездесу өткізілді. Алдағы уақытта 13 кездесу жоспарлануда. Ал екінші бағыт негізінде басқа салалар бойынша 7 кездесу өтті.Енді 23-30 мамыр күндері ірі ұжымдарда 5 кездесу ұйымдастырылады. Үшінші бағыт бойынша – облыстық кәсіподақ бірлестігімен штаб мүшелері 12 кездесу өткізіп, үгіт-насихат жүргізді. Сондай-ақ төртінші бағыт – ауданға іс-сапар. Жаңақорған мен Шиелі ауданында 18-19 мамыр күндері штаб мүшелері халықпен кездесіп, референдум туралы толық түсіндірді. Алдағы уақытта Байқоңыр қаласында 4 кездесу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының тұрғындарымен кездесіп, оларға Ата заңдағы өзгерістер мен толықтырулар туралы кеңінен түсіндірме жұмысы жүргізілмек.

– Қазіргі кезде халыққа жан-жақты түсіндіру мақсатында әлеуметтік желілер арқылы да белсенді жұмыс жүргізудеміз. Мәселен, YouTube каналдағы «Нүкте», «Ашығын айтсақ» бағдарламаларында штаб мүшелерінің қатысуымен арнайы подкаст түсірілді. Ал «Qyzylorda» телеарнасының «Қайырлы күн, Қызылорда» бағдарламасында, республикалық «PARASAT IDEAS» платформасында тікелей эфирге шықтық. Сондай-ақ қалалық «Қоғам тв» телеарнасының «Көзбе-көз» бағдарламасына спикер ретінде сұхбат бердік. Алдағы уақытта «Ақ пен қара», «Ақиқат алаңы» бағдарламасына түсу көзделіп отыр, – деді штаб төрағасы.

Бір сөзбен айтқанда, штаб мүшелері референдум кезінде қазақстандық қоғамдастықты топтастыру үшін жұмыс істемек. Себебі енгізілетін түзетулер саяси жүйені қайта құру үшін көптен күткен шараларды қамтиды. Бүгінде олар сол түзетулердің бәрін, Конституция қалай болатынын, болашағымызға не беретінін халыққа жіті түсіндіруде.

Расында, Жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болсын десек, ел дамуындағы ең маңызды саяси және тарихи шешімнің қабылдануына, нағыз халық қалаған демократиялық қоғамның орнығуына баршамыз бір кісідей атсалысып, сөзсіз белсенділік танытуымыз қажет. Облыстық қоғамдық штаб мүшелері осындай абыройлы міндетті атқарып жүр.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: