Жұма, 19 сәуiр, 02:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Саяси партиялар сенімге селкеу түсірмеуге тиіс

04.05.2022

673 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында партиялар арасындағы бәсекелестікке басымдық берілетінін мәлімдеді.

Президент сөзін іспен дәлелдеп, партия төрағасы лауазымынан бас тартты. Осы арқылы елде «Президенттің партиясы» деген ұғым мен түсінік болмайтынын білдірді.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Үкіметті, құқық қорғау органдарын, күш құрылымдарын сонымен қатар әкімдіктерді бақылайды. Әкімшілік ресурс Президенттің қолына шоғырланған. Мемлекет басшысы партия төрағасы болса, жоғарыдағы ресурстардың барлығы Президент басқаратын партияға қосымша мүмкіндік береді. Мұның салдары партиялар арасындағы бәсекелестікті төмендетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев осының алдын алу үшін батыл қадамға барды. Біздіңше, Президент қабылдаған шешім партиялық жүйені жаңғыртып қана қоймай, мемлекеттік және қоғамдық жүйені түбегейлі жаңартады.

Президент партияларды тіркеу шегін 20 мың адамнан 5 мың адамға азайтуды тапсырды. Ал өңірлердегі өкілдердің санын 600-ден 200-ге дейін қысқарту міндетін қойды. Бұған қоса партия құруға ниеттенген бастамашыл топтың санын 1000-нан 700 адамға азайтуды жүктеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдағанын жариялады.

Нақтылай кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей 5 депутатты сайламайды, тек ұсынады. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылады деген сөз.

– Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Бұдан бөлек Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс. Соған сәйкес заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығы мен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерді елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет», – деді Президент.    

Қазақстан Халық партиясы Президенттің бастамаларын толық қолдайды және оның жүзеге асырылуына атсалысады. Біз «Жаңа Қазақстан» құру ісі партияларға мүмкіндік берумен тығыз байланысты болуға тиіс деп санаймыз. Партиялар арасында адал бәсекелестік болғанда ғана қоғам алға басады.

Жолдауда айтылған еліміздегі сайлау жүйесінің өзгеруіне келетін болсақ, Қазақстан Халық партиясы аралас сайлау жүйесіне көшуді дұрыс деп біледі.

Қазақстан Халық партиясы Қызылорда облыстық филиалы Президенттің Жолдауын жүзеге асыру аясында табандылық танытып келеді.

Біз бұған дейін жылдар бойы «Қызылорда-Жезқазған» жолын жаңғырту мәселесін көтеріп келдік. Жолдауда дәл осы жоба алдағы 3 жылда шешімін табатыны айтылды.

Қазақстан Халық партиясы саяси ұйымдар арасындағы адал бәсекелестікті құптайды және сайлаушылардың сенімін ақтау үшін бар мүмкіндігін қолданады. Біздің мақсатымыз – Жолдау жүктеген міндетті мінсіз атқарып, болашақ ұрпақ үшін кемел келешек құру.

Берік Шайнуров,

Қазақстан Халық партиясы

Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: