Жұма, 26 сәуiр, 07:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Төтенше жағдайдан» не өзгереді?

17.07.2021

980 0

13 шілде күні облыс әкімдігінде жиын өтіп, Арал ауданындағы қуаңшылыққа байланысты жарияланған «төтенше жағдай» аясында атқарылатын жұмыстар талқыланды. Бұл өз кезегінде халықтың көңіліне аз да болса сенім ұялатқаны рас. Себебі бұған дейін аймақ халқы ғана емес, қазақ елі бірауыздан қуаңшылықтан қиналған аудандарда төтенше жағдай жариялауды сұраған болатын. Ал енді осы жарияланған төтенше жағдайдан соң қандай істер атқарылады, не өзгереді?

Апта басында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиында Арал ауданында төтенше жағдай жариялау туралы мәселелер қозғалды.

Өңір басшысы күн тәртібіндегі бұл мәселенің маңыздылығын алға тартып, осы кезге дейін атқарылған жұмыстарды саралай келе, шұғыл түрде қабылдануы керек шешімдерді айтты.

– Биыл Арал ауданында құрғақшылық жағдайы орын алып, 559 мал басының өліміне себеп болды. Қызылорда және Маңғыстау облысындағы қуаңшылық жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қажетті шараларды қабылдау жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Бірінші кезекте мал басын аман алып қалу үшін су ұңғымаларын қазу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру үшін каналдар тазаланып, су тоспалары салынуы керек. Бұл жобалар толық жүзеге асуы үшін Сырдария өзенінің Бұрмақұлақ арнасын бөгеп, Аспай суағытқысын іске қосу арқылы, Ақшатау-Қамбаш көлдер жүйесін суландыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Жоғарыда аталған жұмыстардың ірі көлемдегі қаржыны қажет етуіне байланысты республика бюджетінен қаржы бөлу жөнінде Үкіметке хат жолданды, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Аралда қуаңшылыққа ұшыраған ауылдар «қызыл», «сары» және «жасыл» аймаққа бөлінген. Қызыл аймақ тізіміне 13, сарыға 6 және жасылға 4 ауылдық округ енген. Аудан бойынша 205 822 бас малға қажетті азық көлемі 184 640 тоннаны құраса, 13 маусымдағы ақпарат бойынша ауданға 2190 тоннасы жеткізілген. Одан бөлек ауданда ерікті жастардан 14 жасақ құрылып, олар шөп ору жұмыстарын бастаған. Қазіргі таңда  олар Қазалы ауданының Қарашеңгел, Көларық округінен, Қармақшы ауданының Жаңажол ауылынан және Сырдария ауданы Н.Ілиясов және Шіркейлі ауылдарынан шабындық жерлерін шабуға жұмылдырылуда. Мұндай игі іспен облыстың басқа аудандары да төбе көрсетіп жатқаны мәлім.

Көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының шаруашылықтарымен шөп бағасын қолжетімді ету және шабындық жерлерді ору туралы 11 шілдеде келісім жасалған. Қазіргі таңда аралдық 5 бригада шөп орымын бастап кетті.

Жиынға қатысқан Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов мал өлімінің алдын алу, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында суаттар мен көл жиектеріне ауыл тұрғындарының көмегімен кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылып, жағдай бақылауға алынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ оның айтуынша, әр елді мекен бойынша пада мәселесі күшейтіліп арнайы CALL-орталығы іске қосылып, қазіргі таңда мал өлімінің тіркелуі тоқтаған.

Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы Арал ауданы әкіміне облыстық ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларымен бірлесіп, тиісті министрліктермен жұмыс істеу керектігін айтты. Ал облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, облыстық жергілікті атқарушы органның төтенше резервінен қаржы бөлу үшін тиісті құжаттар тізбесін әзірлеп, облыстық қаржы басқармасына ұсынуды тапсырды. Одан бөлек, облыстық қаржы басқармасына жергілікті атқарушы органның төтенше резервінен қаржы бөлуді қарастыру қажеттігін еске салды.

Облыс әкімінің жүктеген тапсырмалары тізімінде облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына шұғыл түрде ауданға қарасты елді мекендер малын суару үшін бірінші кезекте қажетті 3 су ұңғымасын қазу жұмыстарын ұйымдастыру да бар. Бұл ретте «Бұрмақұлақ» су арнасын уақытша бөгеу және Бектау каналын тазарту және тоспа салу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мақсатында сыр беткейінде орналасқан елді мекендердегі  7 каналдың арнасын тазалау және су тоспаларын салу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу керек. Ал республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда каналдың арнасын тазалау және су тоспаларының құрылысын салу, 12 ұңғыманы іске қосуды ұйымдастыру керек.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Нұралы жарма» каналының арнасын тазалау және су тоспасын салу жұмысына әзірленген жоба-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамадан өткізу, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына Арал ауданы әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жануарларын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында тасымалдауға қажетті жанар-жағармай шығынын өтеу үшін облыстың төтенше резервінен қаржы бөлуді ұсыну және облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жем-шөп бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды ұйымдастырып, осы саладағы кәсіпкерлердің бірінші кезекте өңірдегі шаруашылықтарды қамтамасыз етуін бақылауға алу туралы тапсырма алды.

Ал Арал ауданының әкімі аудан бюджетінен Аспай суағытқысын іске қосу және 49 су ұңғымасының төлқұжатын әзірлеу жұмыстарын ұйымдастыруы, республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда су насостары мен арнайы техникаларды сатып алуды қамтамасыз етуі тиіс.

Аслан Жайқонысұлы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: