Сенбі, 07 желтоқсан, 21:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Үкімет елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын қабылдады

18.01.2022

534 0

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады. Елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленді.

Құжат азаматтар мен бизнес субъектілерінің қауіпсіздігі мен оларды жан-жақты қолдауға, сондай-ақ елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тез арада тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шұғыл және қысқа мерзімді шараларды қамтиды.

«Жоспарды іске асыру барысында, бірінші кезекте, қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Күштік құрылымдар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне де тиісті мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Жоспардың ІІМ-ге қатысты барлық тармақтары өте маңызды және олар сапалы әрі жедел орындалуы тиіс», — деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысы жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен азаматтар мен заңды тұлғалардың банктегі қарыздары мен микрокредиттерін өтеу мерзімі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін кейінге шегерілгенін атап өтті.

«Атамекен» ҰКП мародерліктен зардап шеккен бизнес субъектілерінің тізілімін жасады.

Жаппай тәртіпсіздіктердің салдарын жою жөніндегі үкіметтік және өңірлік комиссиялар жұмысының қорытындылары бойынша келтірілген залалдың орнын толтыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден тиісті қаражат бөлінеді.

Бизнеске түскен ауыртпалықты азайту үшін 2022 жылғы 1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер органдарының салықтық және кедендік тексерулері, сондай-ақ камералдық бақылау бойынша хабарламаларды беру уақытша тоқтатылады.

«Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, қабылдау жоспарланған.

«Біз үшін ең басты мақсат – ол халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама, бірінші кезекте, халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс. Басқарудың барлық деңгейінде жұмыс тиімділігі дәл осы көрсеткіш бойынша бағаланатын болады», — деді Ә. Смайылов.

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары шеңберінде жалақы мөлшері мен жобаларға қатысу мерзімі ұлғаяды. Жаңадан құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры мұқтаж балаларға заманауи және қымбат тұратын медициналық қызметтерді, дәрі-дәрмектерді алуға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен өңірлердің әкімдеріне елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарының іс-шараларын жүзеге асыруды жеке бақылауға алуды тапсырды.

Дереккөз: primeminister.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: