Жексенбі, 08 желтоқсан, 07:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Үкімет президент тапсырмасын қалай орындауда?

08.02.2022

732 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қаңтардағы тәртіпсіздіктер салдарын жою және елді әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Үкімет Президент тапсырмасын қалай орындауда? Бүгін осы сауалдың төңірегінде әңгіме өрбітетін боламыз.

Әлихан Смайылов басқаратын ел үкіметі Президент тапсырмаларын орындау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Алдымен биылғы 5 қаңтарда тұрғындар үшін  коммуналдық қызметтердің (жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су тарту, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау) тарифтері мен бағаларын өсіруге 180 күнге мораторий енгізілді. Осы ретте сұйылтылған газ бағасының да арзандағанын айта кеткен ләзім. Қызылордада автомобильдерге құятын газ 60 теңгеден сатылуда. Бұдан бөлек табиғи газдың да бағасы түсті. Соңғы деректерде Сыр елінде «көгілдір» отын 6 пайызға төмендегені айтылуда.

Президент пәрменімен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Қазірдің өзінде бұл қорға 100 млрд теңгеден астам қаржы аударылды. Бүгінде аталған қордың өз сайты құрылып, өтініш қабылдау басталды. «Қазақстан халқына» қоры азаматардан өтініш қабылдауды бастады. Яғни арнайы көмекті қажет ететін бизнес өкілдері мен өзге де тұрғындар www.qazaqstanhalqyna.kz сайтына кіріп, «Өтінішті қалай бере аламын» батырмасын басып, қажетті құжаттарды толтыруы тиіс. Барлық мәлімет автоматты түрде www.atamekenim.kz порталына жіберіледі. Яғни қатаң тексеруден өтеді. Қордың мақсаты мен талаптарына сай болмаса, өтініш қабылданбауы мүмкін. Сондай-ақ сайт арқылы қорға ақша аударуға ниетті демеушілер де өтініш қалдыра алады.

Елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын іске асыру басталды.  Рrimeminister.kz сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, ішкі істер органдарының бөлімшелерін материалдық-техникалық қам­тамасыз етуді нығайту үшін ІІМ-ге қажетті қаражат бө­лінген. «Тәртіпсіздіктер кезінде қызметтік автокөліктері жойылған өңірлердегі полиция департаменттеріне 457 патрульдік автомобиль мен 70 автобус жеткізілген.  Жаппай тәртіпсіздіктерден зардап шеккен азаматтар мен заңды тұлғаларға банк алдындағы қарыздары мен микрокредиттерін өтеу мерзімін кейінге шегеру мүмкіндігі берілді.  Бизнеске жүктемені төмендету үшін мемлекеттік кірістер органдарының бастамасы бойынша басталған салықтық және кедендік тек­серулер, сондай-ақ камералдық бақылау бойынша хабарламалар беру тоқтатылды. Үкіметтік комиссия ШОБ субъектілеріне тәртіпсіздік кезінде келтірілген залалды өтеу тетігін бекітті. Жақында Үкімет резервінің қаражаты есебінен кәсіпкерлерге жылжымайтын, жылжымалы мүлік бойынша, сондай-ақ жоғалған (ұрланған) тауарлық-материалдық құндылықтар бойынша келтірілген залалды өтеу басталады», – делінген primeminister.kz сайтында.

Жер-жерде комиссия құрылып, зардап шеккен кәсіп­керлерден өтініш қабылдап жатыр. Тіпті Алматыдағы кәсіпкерлерге шығынын өтеу мақсатында көмек беруде. 

Президент ерекше атап өткен мәселенің бірі – утильдік алым. Үкімет «Жасыл даму» мемлекеттік компаниясын утилизациялық төлемдерді жинау операторы ретінде белгіледі. Алғашқыда «Жасыл даму» мемлекеттік компаниясының өзі толық мемлекеттік емес деген сыбыс тарады. Осы ретте оның 100% акциясы мемлекетке тиесілі екенін айтқымыз келеді. «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның бұған дейін жиналған қаражаты мемлекет меншігіне өтті. Утилизациялық төлемдердің мөл­шерлемелері мен пайдалану тетіктері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін азаматтық және бизнес қоғамдастықтың қа­тысуы­мен алаң құрылды. Дәл қазір өндірушілер мен импорттаушылардан утилизациялық алым қабылдау толық жүзеге асырылуда. 2022 жылғы 24 қаңтардан бастап утили­зациялық төлем қабылдау «Жасыл даму» АҚ-ның екінші деңгейлі банктердегі жаңа деректемелерінде жүргізіледі. «ӨКМ Операторы» ЖШС функциялары «Жасыл Даму» АҚ-ына өткен уақыттан бері утилизациялық алым төленгендігі жөнінде 865 сертификат берілген.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында азаматтардың жекелеген санаттарына қайталама тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлем тағайындау және оны жүзеге асыру қағидалары әзірленді.

Премьер-министрдің баспасөз қызметі азаматтарға зардап шеккендер мен хабар-ошарсыз кеткендер туралы ақпарат беру үшін 1414 call-орталығының базасында тәулік бойы жұмыс істейтін тікелей желі ашылғанын мәлім етті.

«Азаматтарға кеңес беру үшін 150 оператор тартылып, 200 мыңнан аса қоңырау қабылданды. Коммуналдық қызметтер, қоғамдық көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жұмысы тұрақталды. Қаржы жүйесінің, сауда нысандарының, көлік тасымалдары мен қатынастарының барлық түрінің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді. Үкімет электрондық сауда алаңындағы газ саудасын 2023 жылғы 1 қаң­тарға дейін шегерді. Сонымен қоса, Энергетика министрлігі на­рық қатысушыларымен бірлесіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында электрондық алаңда сұйытылған мұнай газын сату тетігін жетілдіру жұмысын бастады.  Үкімет Мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құруға және әлеуметтік-экономикалық өсуді әрі қарай қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын жедел әрі сапалы орындау бойынша шараларды қабылдауды жалғастырады», – делінген primeminister.kz сайтындағы Үкі­меттің Президент тапсырмасын орындауға қатысты ақпаратта.

Ел үкіметі инвестициялық ахуалды жақсартуға негізделген жұмыстарды да қолға алды. Инвестициялық штаб отырысында айтылған мәліметтерге қарағанда 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ел экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 49%-ға артып, 18,7 млрд  долларды құраған. Қазақстан экономикасына іс жүзінде барлық негізгі инвестор елдер бойынша капитал ағынының өсуі байқалады. Үздік 10 инвестор мемлекеттің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, ҚХР, Ресей, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Оңтүстік Корея және Франция кірді.

Қазақстан Премьер-министрі Chevron, «ЛУКОЙЛ» секілді компаниялардың басшыларымен де кездесті.

Бұдан бөлек өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 трлн теңгені құрағаны белгілі болды. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 7,3%-ға артық. Инвестициялар өсімінің негізгі локомотивтері экономиканың шикізаттық емес секторлары болды. Мәселен, инвестициялардың нақты көлем индекстері өңдеу өнеркәсібінде 1,4 есе, құрылыста 1,2 есе, ауыл шаруашылығында 1,3 есе өсті. Өңдеу өнеркәсібінде өсімінің неғұрлым жоғары көрсеткіштеріне металлургияда 27 пайыз, тоқыма өндірісінде 28 пайыз, фармацевтикада 39 пайыз, химия өнеркәсібінде 55 пайыз өсім бар.

2022 жылғы 1 ақпанда Премьер-Министр Әлихан Смайылов­тың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Қаулыға өзгерістер енгізілді. Құжат жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтерді іріктеу критерийлерін бекітуді көздейді. Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның жекешелендіру туралы шешімдері мемлекеттік мүлік тізілімінің және квази­мемлекеттік сектор субъектілерінің веб-порталдарында жа­риялауға жатады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында «ҚР Парламенті депутаттарының, Үкімет мүшелерінің, әкім­дердің еңбегіне ақы төлеуді арттыруға мораторий енгізу туралы» қаулы қабылданды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтеді. Дәл осы жиында Үкіметтің биылғы жоспары қаралады.

Елдің ең өзекті екі мәселесі бар десек, бірі – баспана да, екінші­сі – несие. Үкімет бұл мәселелерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрғын үй саясатындағы және тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялаудағы жаңа тәсілдер қаралды. Осы жиында: «Азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттік саясаттың ең маңызды міндеті болып табылады. Осы міндетке жетудің басым бағыттарының бірі – ол тұрғын үйдің қолжетімді болуы», – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Премьер-министр жалпы құрылыс саласы жыл сайын оң динамика көрсетіп, өсіп келе жатқанын атап өтті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 17,1 млн шаршы метр үй салынған. Тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге инвестиция тартылды.

Бірақ қанша тұрғын үй салынса да үйсіз жүрген адам көп. Жұрттың шымбайына да бататыны осы. Жыл санап үй кезегіне тұрғандардың саны көбейіп жатыр. Бұл мәселені шешпесе болмайды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері әзірленді. Мұнда «Отбасы банкіне» ерекше орын беріледі, ол баспанаға мұқтаж адамдардың кезегін қалыптастыру және оларға жеңілдікті тұрғын үйлерді сату бойынша бірыңғай оператор қызметін атқарады. Қазіргі таңда азаматтарға үй сатып алу мақсатында өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін «Отбасы банкіндегі» депозиттерге салу мүмкіндігі берілді. Заңнаманы реформалау аясында тұрғын үйді кірісіне қарай сату, арендалық төлемдердің бір бөлігін субсидиялау және ауылды жерлерде тұрғын үй салу механизмдері енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арендалық төлемнің бір бөлігін субсидиялау механизмін енгізу туралы шешім қабылданды. Баспанаға мұқтаж 70 мыңға жуық отбасы осы механизммен қамтылады, олар жалдау ақысынан үнемделген қаражатты үй сатып алуға жинай алады.  Үкімет отырысында Премьер-министр жаңа тәсілдер мен механизмдер 10 жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған жарты миллионнан астам адамның баспана мәселесін шешуге және мемлекеттік қолдаудың әділетті, ашық әрі қолжетімді жүйесін жасауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Несие мәселесіне келер болсақ «Жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы» заң қаралып жатқанын айта кету керек. Бірақ оның халыққа қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді. Біз Үкімет басшысының баспасөз қызметі жариялаған ақпарат­тарды саралап, Президент тапсырмасының қалай орындалып жатқанын ғана баян еттік.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: