Жұма, 27 желтоқсан, 07:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

ҰҚШҰ: миссия аяқталды

18.01.2022

495 0

Озбырлардың ойранынан кейін елге ҰҚШҰ әскері кіргізілген еді. Республикамызда өз күштік құрылымдарымыздың арқасында конститутциялық тәртіп қалпына келтірілді. Стратегиялық нысандарды күзеткен бітімгершілік әскер де елден шығарылды.

Жалпы содырлардың лаңынан кейін еліміз сырт­тан көмек сұрауға мәжбүр болды. Сөйтіп Қазақстан ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшыларына елдегі жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу үшін Біріккен бітімгершілік контингентін енгізу туралы 5 қаңтарда өтініш жасады. Бітімгершілік ұйымы ұсынысты сол күні-ақ қолдады. Осылайша 6 қаңтар күні ҰҚШҰ әскері елге келіп, әскери міндетін орындай бастаған болатын.

Бұл туралы «Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің басты мақсаты  – бейбітшілік. Арнайы жасақ Қазақстанға алауыздық тудыру үшін емес, ел тыныштығын күзету үшін келді. Артық әрекетсіз нақты тапсырма бойынша жұмыс жасайды. Бәрі аяқталғаннан кейін елге оралады» деді Ұжымдық Қауіпсіздік Туралы Шарт Ұйымының баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов.

Нақтырпақ айтсақ, Армения, Беларусь, Қыр­ғызстан, Ресей Федерациясы мен Тәжікстан аумаққа 2030 адамнан тұратын әскері мен 250 техника жіберді. Негізі Ұйымның жедел әрекет ету ұжымдық күшінің саны 18 мыңға жуық. Бізге тек екі мыңнан аса қарулы күш тартылды. Әскердің басым бөлігі – Ресейден. Беларусиядан жеткен қарулы күш саны – 100-300 арасында. Ал Армения – 70, Қырғызстан – 150, Тәжікстан – 200 сарбазын жіберген. Бұл Қазақстан­дағы жағдайды қалпына келтіруге деген бауырластық көмек болды. Алайда елдегі Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес ҰҚШҰ Ұжымдық бітім­гершілік күштері мемлекеттік, стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету бойынша тапсырмаларды ғана орындады.

Осылайша ұйымдағы елдер лаңкестік әрекет кезін­де қолдау білдіріп, дер кезінде көмек көрсете білді. Бітімгерлердің аса маңызды нысандарды күзетуге алуы Қарулы Күштер, құқық қорғау органдары мен құралдарының негізгі бөлігін босатып, лаңкестермен күресуге мүмкіндік берді. Осы жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының тиімділігі білінді. Осы тұста айта кету керек, ҰҚШҰ күштері тек Нұр-Сұлтан мен Алматыға табан тіреген болатын.

Елдегі ахуал тұрақталды. Соған орай ҰҚШҰ бітімгершілік контингентін елден кезең-кезеңімен шығару Қазақстан Президенті белгілеген мерзімге сәйкес 13 қаңтардан бастап жүзеге асырылды.

Алғаш болып біріккен кон­тингенттің негізін құраған Ресей әуе-десант әскері Отанына орал­­ды. Ізін ала ертесіне Бе­ларусь және Армян әскери қыз­меткерлері Қазақстаннан кет­­ті. Беларусь, Тәжікстан және Армения әскерін өз елдеріне жеткізген кезде Ресей әуе-ғарыш күштері авиациясының ұшағы пайдаланылған. Ал Қырғыз әскері өз әскери техникаларымен еліне жеткен. Біз өз кезегінде ҰҚШҰ мемлекеттері бітімгершілік әскер командирлерінің пікірін бергенді жөн санадық.

Талантбек Калибов, Қырғыз Республикасы бітімгерлік кон­тингентінің командирі:

«Жергілікті халық бізге жылы қабақ танытты. Жақсы тілектерін де аямады, бұған қуанып қалдық. Қырғыз контингенті де бауырлас елге барынша көмек беруге тырысты. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында бұндай бітімгерлік операция алғаш өтті және ол сәтті жүзеге асты деп санаймын. Қазақ еліне өркендеу мен бейбітшілік тілеймін».

Мировар Хушбахт, Тәжік­стан Қарулы күштері бас штабы басшысының бірінші орынбасары:

«Міндетті түрде салтанатты қарсы алу болады, Тәжікстан аумағындағы әскери контингент, Тәжікстан Республикасының қор­­ғаныс министрі және бү­кіл тәжік халқы елде күтіп отыр. Бізге жүктелген міндетті абы­роймен атқардық деген мақ­танышпен өз отаны­мызға атта­нып бара жатырмыз. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітім­герлік контингентін әске­ри операцияда қолданған ал­ғашқы ел. Сәйке­сінше әскери қызметшілер де алғаш тәжірибе алғандарын жасырмады. Оның ішінде стра­тегиялық нысандарды қорғау аса маңызды міндет екенін іс жүзінде көрді».

Тарон Качарян, Армения Рес­публикасы бітімгерлік кон­тингентінің командирі:

– Біріншіден, бітімгерлік операцияға қатысу біз үшін үлкен тәжірибе. Екіншіден, Ар­мения бауырлас елдерге қол ұшын созуға әрдайым дайын. Қазақстан біз үшін солардың бірі. Бұл біз үшін абырой да, міндет те. Осылайша Ұйымның Бас хатшысы Станислав Зась атап өткендей, бітімгерлік күш жүктелген міндетті абыроймен атқара білді. Ұйымға мүше елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекет тұтастығын сақтауға зор үлес қосты.

Қазақстан тарихында алғаш рет республика бойынша тараған терроризм мен экстремизм әре­кеттеріне қарсы күресте елге көмек қолын созған Бітімгершік әскеріне ел президенті де алғы­сын айтты. Осылайша одақтас елдерден тартылған әскер сын­дарлы сәтте қолдау көрсетіп, елдегі жағдай тұрақталғанда елдеріне қайтты.

Жалпы ҰҚШҰ әскерінің ел­дегі ахуалды тұрақтандыруда көмегі зор болды. Қазақстанның қарулы күштері негізгі мемле­кеттік мекемелерді қорғауға емес, ел ішіне іріткі салып, төң­керіс жасамақ болған бүлік­шілерді ұстаумен айналысты. Өз кезегінде бұл жұмыстар нәтиже берді. Қазірдің өзінде Қазақстандағы жалпы ұстал­ғандардың саны 10 мыңнан асты. Оққа ұшып, қарсылық көрсетіп, қаза болғандардың саны әлі белгісіз.

Қазір жағдай тұрақты. Ел ең­сесін тіктеп, елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыс­тар жасалып жатыр. Келтірілген шығын көлемі есептеліп, тер­рорлық әрекет кезінде зардап шеккен нысандар қалпына келтірілуде.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: