Бейсенбі, 26 желтоқсан, 08:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Уәдеңе беріксің бе, депутат?

12.11.2022

609 0

Депутат болу енді оңай болмайды. Бұл туралы Мемелкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтқан еді.

«Императивті мандатқа көшу депутаттардың сайлаушылармен өз­ара байланысын нығайта түсе­ді. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қай­таруға болады. Бұл – халық қа­лаулыларына ықпал етудің  тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негіз­дел­ген жаңа саяси мәдениетті қалып­тастырады», – деп атап айтты Президент.

Демек, депутаттардың сайланып алып, уақыт өткізуіне жол жоқ. Халық сұранысына сай, елдің өзекті мәселелері депутат тарапынан ат­қарушы билікке, тиісті орындарға жетуі тиіс. Жолдауда айтылған бұл мәселе көп ұзамай іс жүзінде жүзеге аса бастады десек қателеспейміз. Жолдау жүктеген тапсырманы орындау мақсатында арнайы заң жобасы туралы Әділет министрі Қанат Мусин былай деген еді:

«Сайлау процесі заманның талап­тарына сай жетіліп келеді. Депутаттық мандатты кері қай­тарып алу жаңа институты енгі­зіледі. Мандатты кері қайтарып алу институты реформаның маңызды қадамы шығар. Өйткені бұрын заңнамада мұндай норма болмаған. Сайлаушылардың сені­мін жоғалту  кандидаттың өзіне бай­ланысты. Сай­ланған кезде бәрі халықтың алдында уәде береді, ше­шілмеген мәселелерін біліп, ха­лықтың өтінішін тыңдап, уәде беріп, орындамайтындар да бар. Депутат мандатын алып, халықпен кездеспей, ха­лықпен қатынаспай, олар­дан қа­шып жүргендер де болады. Енді сайлаушылар өздері шешім қабылдайды. Жағдай әртүрлі болады. Оны сайлаушылардың өзі шешуі керек», – деп түсіндірген болатын.

Сонымен қатар министр бұл институтты депутаттың бәсекелестері теріс пайдаланбауы үшін нақты процедурасы бар екенін атап өтті.

«Сайлаушылар депутаттың мандатын қайтарып алу туралы дауыс жинауы керек. Мандатын кері қайтаруы үшін сайлаушылардың отыз пайызы қолын қою керек. Ондай жағдайда сайлау комиссиясы сайлау күнін анықтайды, содан кейін сайлаушылардың елу пайызынан астамы депутаттың мандатын кері қайтарып алуға дауыс берсе, мандаты қайтарылады», – деді Қанат Мусин.

Жақында бұл мәселе заң жүзінде бекіді. Ресми мәліметке жүгінсек, Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова уәдесін орындамаған депутаттардың мандатын қайтарып алу туралы институт енгізілгенін мәлімдеді.

– Енді депутаттар сайлауалды бағдарламасын дайындаған кезде өте сақ болғаны жөн. Себебі халық қалаулысы берген уәделерін орындамаса, қоғам сұранысын қанағаттандырмаса, мандатынан бір сәтте айырылуы мүмкін. Бүгінде депутаттық мандатты қайтарып алу институты енгізілді. Бұл өз кезегінде халық қалаулыларының жауапкершілігін арттырып, сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыруға ынталандырмақ, – деді вице-министр.

Қазірде көп көзіне түсе бермейтін, тіпті мұндай депутаттың бар екенін ел ұмыта бастаған халық қалаулыларының тізімі жасала бастады. Мәселен, «Egovpress» телеграмм арнасы Мәжіліс депутаттарының ішінде бүгінгі күнге дейін белсенділік танытпаған, тіпті бірде-бір сауал жолдамаған «үндеместердің» тізімін жариялай бастады. Әрине, депутаттың тағдырын енді халық шешеді. Бұл орайда халық белсенділігі қажет. Бүгінде көкірегі ояу, көзі ашық қоғамда депутатқа қойылар талап та жоғары. бұл талап депутат үшін де, халық үшін де тиімді.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: