Сенбі, 20 сәуiр, 12:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Тарихқа айналған құс комбинаты

12.05.2022

1299 0

Қызылорда қаласындағы өндіріс орындары мен өнеркәсіптің пайда болу және даму кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келеді. Соғыстан кейін халық шаруашылығы қалпына келтіріліп, нәтижесінде қалада өнеркәсіп орындары бой көтеріп, тұрмыс нысандарының құрылыстары жедел қарқынмен дами бастады. Осындай ірі құрылыстың бірі – Қызылорда құс комбинатының тарихы туралы құжаттар архив қорында сақталуда.

1947 жылғы 3 қаңтардағы Қызылорда облыстық еңбекшілер депу­таттары Кеңесі атқару комитетінің №6 шешімімен Қызылорда құс комбинаты құрылып, оған 17 қаңтарда Сырдария ауданы «Шағын саба­лақ» тресі аумағынан  303 гектар болатын жер телімі (учаскесі), 188 гектар қосалқы егістік жер берілді. Комбинатқа Федор Ефимович Буткевич басшы болып тағайындалып, 1948 жылы жұмысшылар саны 18 адамды құрады. 1948-1949 жылдар аралығында республикалық кадрларды даярлау мектебінен 3 оператор, 1  зоотехник, 1 құс өсіруші, 1 май дайындаушы білімдерін жетілдірді.

Қызылорда құс комбинаты құс, ірі және ұсақ мал, сондай-ақ шошқа өсіру және бордақылаумен айналысты. Ірі, ұсақ малдарды  өсіру базасы «Ноғай қора» мен «Оспан көпір» учаскелерінде орналасты.

1949 жылы 10 маусымда 100 тонна құсты өңдеуге арналған Қызыл­орда типтік құс комбинатының құрылысы басталды. Үлгілік құс комбина­тының құрылысы аяқталғаннан кейін онда 20 мыңға дейін аналық құсы болды. Комбинатта сою цехы, жұмыртқа сақтау, жем-шөп, тоқ көзі, авто­парк, құрылыс цех-зерттеушілер, трактор көлігі, сантехника цехтары жұмыс істеді.

1976 жылы құс фабрикаларының өндірістік бірлестіктері жоғары нәти­желерге қол жеткізді. Осы жылы 1665,0 млн дана жұмыртқа, 54,3 мың тонна құс еті өндіріліп, мемлекетке 200 млн дана жұмыртқа, 12 мың тонна құс еті сатылды.

Қызылорда құс фабрикасында қызметкерлерді тұрғын үймен қамта­масыз ету, олардың отбасы мүшелерінің демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында кинотеатр, концерт, санаториялық-курорттық емделуге туристік жолдамалар беру, балабақшаға бірінші кезекте көпбалалы аналардың балаларын орналастыру және аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы тағайындау, балаларына туристік жолдамалар беріліп, лагерьге жіберілді.

1980 жылы құс фабрикасы  20 млн дана жұмыртқа өндіріп, 134,8 рубль пайда әкелген. Осы жылдың 5 қарашасында Ұлы Қазан рево­люциясының 63 жылдығына орай құс шаруашылығы өнімдерін өндіру, мемлекетке сату, жоспарлы тапсырмаларды және социалистік міндеттерді орындауда белсенді қатысқаны үшін 44 жұмысшы Құрмет грамотасымен марапатталған. 1981 жылы он бірінші бесжылдықтың алғашқы жылда­рында жұмыртқа өндірісі 21500 тоннаға, ет 4400 центнерге жеткізілді, мемлекетке 20300 мың дана жұмыртқа, 4200 центнер құс еті тапсырылды.

Нарық экономикасы келгенде облыс экономикасының дамуына үлес қосқан қаламыздағы іргелі өндіріс ошағы басқару формасын өзгертті. Осылайша, 1993 жылы  Қызылорда құс фабрикасы  «Сейхун» ашық үлгідегі акционерлік қоғамы болып қайта құрылады. Бір кездері талай адамға табыс көзі, жұмыс орны болған құс фабрикасының бүгінде Қызылорда тарихында аты ғана қалды.

А.Әлиасқарова,

Архив құжаттарын пайдалану және

жариялау бөлімінің II-санатты археографы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: