Жексенбі, 08 желтоқсан, 02:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Аяқсудан тапшылық көрмеуіміз керек

04.04.2023

533 0

Қала әкімі Асылбек Шәменов А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Жиын барысында қала басшысы облыс орталығында атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылатын жобаларға тоқталып, халықты толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.

Биыл Қызылорда қаласында ірі жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 53 млрд теңге бөлінген.

– Бүгінде облыс әкімінің бастамасымен ай­мақта үш бірдей ғимараттың іргетасы қаланды. Мәселен, 1,6 млрд теңгені құрайтын «Неке сарайы», 2,8 млрд теңгені құрайтын «Облыстық қан орталығының» құрылысы. Алдағы уақытта бұл ғимараттар қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосады. Сонымен қатар белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы қарқын алды. Инфра­құрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қол­дауымен құны 31 млн АҚШ доллары болатын «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының құрылысы басталды. Қазіргі кезде қалада бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынуда. Ауқымды жобаларға республикалық және облыстық бюджеттерден 27 млрд 510 млн теңге бөлінді. Осы нысандардың құрылысы аяқталысымен, баспана кезе­гіндегі тұрғындарға пәтер кілті табысталады. Сондай-ақ бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсектік көпбейінді аурухана салу­ға республикалық және облыстық бюджеттерден 3 млрд 272,4 млн теңге бөлінді. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі 8 мек­теп салу жоспарлануда. Оның бесеуінің құрылысы биыл басталады. Ерекше айту кету керек, сол жағалаудан 400 орындық және 300 орындық жатақханасымен физика-математикалық мек­теп-интернатының құ­рылысы жүргізіледі. Со­нымен қатар көп­пәтерлі 12 тұрғын үйге күр­делі жөндеу жүргізу үшін 773,8 млн теңге бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстары жуық арада бас­талады, – деді шаһар басшысы.

Кездесуде айтылған мәселенің бәрі жеке бастың емес, қаланың өсіп-өркендеу жолындағы жұмыстарды дамыту төңірегінде болды. Оның ішінде тұрғындардың басты сұрағаны – сапалы жол, жарық, таза ауызсу, қолжетімді аяқсу. Ең бастысы, көктем мезгілінде аяқсу тапшылығының алдын алуды сұрады. Халықтың айтуынша, қаланың орталық көшелеріндегі су көз­дерін тазалау жұмыстарына дер кезінде кіріссе, аяқсудан тапшылық болмайды. Осы орайда айта кету керек, биыл тозығы жеткен ауызсу және кәрізсу желілерін қайта жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3 млрд 791 млн теңге қаралған. Зерделеу бойынша анықталған аумақтардағы желілер жаңа­ланып, қосымша жұмыстар жасалмақ.

Жиын барысында күн тәртібінен түспей тұрған қоғамдық көлік мәселесі де сөз болды. Сондай-ақ қала тұрғындары жаңадан қоныстанған аумақтарға балалар ойын алаңдарын салуды сұрады. Қала басшысы басқосуда айтылған әрбір мәселе мамандармен бірге мұқият зерделеніп, заңдылығына қарай шешім қабылдайтынын жеткізді.

Кездесуде тұрғындар берілген уәденің, айтылған сөздің орын­далып жатқанына ризашылықтарын білдіріп, қала әкіміне бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Шаһар басшысы талап-тілек ескерусіз қал­майтындығын айтып, мәселелерге бай­ланысты жауапты сала жетекшілеріне тапсырма жүктеді.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: