Жексенбі, 08 желтоқсан, 08:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Жарлық шықты: Барлық әкімдер, елмен жиі кездесіңдер!

12.03.2022

1623 0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы шықты. Бұған дейін «Ашық Үкімет порталында» бір ай бойы құжат жобасы жарияланғаны белгілі. Жарлық бойынша енді әкімдер кабинетте отырмайды, әрдайым елдің ортасында, халықпен бірге болуы тиіс. Бұрынғыдай жылына бір рет есеп беру ғана емес, жыл бойы халықпен кездесулер өткізілмек.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген нақыл сөз әр әкімнің ұстанымына айналмақ. Жарлықта атап көрсетілгендей, барлық әкімдер жыл бойы халықпен кездесуге міндетті. Атап айтқанда, енді облыс әкімдері әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде жарты жылда бір рет, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір, аудан әкімі әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір, облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімі қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда, ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір, ауыл, кент, қаладағы аудан әкімі тоқсан сайын кемінде бір рет кездесу өткізуі тиіс. Сонымен қатар барлық деңгейдегі әкімдер халық талап етсе, қажет болған кезде күнтізбеден тыс жұртпен кездесу өткізуге міндетті. Қазір техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып елмен етене жақын болуға да жол көп. Жарлықта атап көрсетілгендей, әлеуметтік желілер арқылы бейне конференциялар ұйымдастыру, барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықпен байланысу мүмкіндігін дұрыс пайдалана білу керек.

Айта кетелік, халықпен кездесудің де өз тәртібі бар. Бұрынғыдай елдің «ұйқысын келтіретін» ұзын-сонар баяндама жасап, сұрақ-жауапқа уақыт қалдырмайтын немесе еш мәселе айтылмайтын кездесулер болмайды. Жарлықта көрсетілгендей, кездесу үшін жоспарланған уақыттың төрттен бірінен аспайтын бөлігі баяндама оқуға, уақыттың қалған бөлігі «сұрақ-жауап» форматында өтеді. Әкімдер халықпен кездесуге алдын ала үлкен дайындықпен баруы тиіс. Ол үшін не істеу керек? Бұл туралы да Жарлықта атап көрсетілген. Біріншіден, проб-лемалық мәселелердің пулын жасау. Бұл үшін жергілікті қоғамдастық жиналысы және қоғамдық кеңестер мүшелерінің қатысуымен халықтың сұрауы мен ұсынысын жинау жөнінде комиссия құрады. Мұнан бөлек бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық-насихат жұмысын жүргізіп, кездесу өтетінін алдын ала хабарлауға міндетті.

Кездесу өткізумен іс бітпейді. Халықтың әрбір сауалы жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау, мәселелерді шешу үшін қаржы мүмкіндігін мәслихат сессиясында жүйеге келтіру, кездесу мен қабылдау аяқталған соң он күннен кешіктірмей түйткілді мәселелерді шешудің нақты мерзімі мен жауапты орындаушыларды көрсетіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға тиіс. Демек, соңғы жылдары жыл басындағы науқанға айналған есепті кездесулер осымен тәмам. Жаңа Қазақстан құруға ниетті елдің әкімдері елге де, өзіне де пайдалы кездесу өткізу керек.

Бұл Жарлық әкімдердің елге қызмет ету үшін қандай болу керегін көрсетіп бергендей. Жарлықты оқи отырып, әкім қандай болу керек деген сұрақтың жауабын таптық. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, әрдайым елдің ортасынан табы-латын, халықтың ортасына жиі барып мәселесін зерттей білетін, әрбір қадамы ашық, әрбір ісі елге жариялы,

сондай-ақ «халықтың құлағы, көзі һәм тілі» саналатын баспасөз көтерген мәселеге сергек қарайтын білімді әкім ғана елге жақын болады. Енді халық әкімді іздеп, есік жағаламайды, әкім халықты іздейді.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: