Жұма, 19 сәуiр, 05:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Аммандағы азия чемпионаты: алты алтын қоржында

15.11.2022

925 0

Иордания астанасы Амманда өткен бокстан Азия чемпионаты қорытындыланды. Бұл байрақты бәсекеде спортсүйер қауым чемпионаттан гөрі Қазақстан мен Өзбекстан спортшыларының бәсекесіне куә болды деуге болады. Екі құраманың былғары қолғап шеберлері ақтық кезеңге дейін тартысты жарыс өткізгені жасырын емес. Осылайша Қазақстан жалпы есепте бірінші орын алғанымен, ерлер құрамасы Өзбекстанға есе жіберді.

Азия чемпионатында Қазақстанның бокстан ерлер құрамасы барлығы 12 медаль жеңіп алды. Оның 3-уі алтын, 6 күміс және 3 қола. Ел құрамасынан 48 келіде Санжар Тәшкенбай, 71 келі­ге дейін салмақта құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен 92 келіде Айбек Оралбай чемпион атанды. Ал Сәкен Бибосынов, Махмуд Сабырхан, Серік Теміржанов, Дулат Бекбауов, Нұрқанат Райыс, Қамшыбек Қоңқабаев  күміс медаль иегері атанды. Жарыста жүлделі ІІІ орынға ие болған спортшылар қатарында Саматәлі Төлтаев, Нұрбек Оралбай мен Сағындық Тоғамбай сынды боксшыларымыз бар.

Айта кетерлігі, ел құрамасының жұлдызына айналған әлем чемпионы Сәкен Бибосынов бұл жарыста өз­бекстандық қарсыласы Хасанбой Дусматовтан кем түсті. Бұл туралы спортшы жекпе-жектен кейін берген сұхбатында былай деді:

− Алланың қалауымен жарыстан екінші орынға қол жеткіздік. Барын салып жұдырықтасқаныммен қателік болғанын мойындаймын. Шаршы алаңда бапкерлерімнің жүктеген тап­сырмасын, тактикаларын дұрыс орын­дай алмадым. Алдағы уақытта бұл қателіктер қайталанбайды және маған сабақ болады деп сенемін. Мықты болып ораламын. Енді Дусматовпен 1:1 болдық. Ташкенттегі әлем чемпионатына жақсылап дайындалып, есемді қайтару үшін барын саламын. Бұйырт­са тағы бірнеше рет Қазақстан туын желбіретемін, − деді Сәкен Бибосынов.

Ал Сәкеннің басты қарсыласы Хасанбой бұл жарыста әлем чемпионатында жібер­ген есесін қайтару үшін келгенін ашық айтты. «Міне, мен осы үшін бокста қалдым. Өткен жылы мен оған әлем чемпионатында есе жібергенімді бі­лесіздер. Біз осыған орай бапкерлермен көп еңбек еттік және бүгін ол еңбек ақталды», − деді өзбекстандық олимпиада чемпионы.

Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы бейресми бәсекеде қазақ былғары қолғап ше­берлері финалға дейін 4:1 есебімен алда келе жатқан. Жарыстың 1/8 сайысында Санжар Тәшкенбай Асылбек Джалиловты, Махмуд Сабырхан жартылай финалда Шахзод Музафаровты, Дулат Бекбауов Асадхуджей Муйдинхуджаевті және қыздардан Алуа Балқыбекова Фарзона Фозилованы жеңген болатын. Алайда бұл нәтиже финалдық кезеңде өзгеріп шыға келді.

Ақтық кезеңде Айбек Оралбай ғана өзбекстандық қарсыласы Мадияр Саидрахимовты тізе бүктірді. Ал Сәкен Бибосынов Хасанбой Дусматовқа, Серік Теміржанов Абдумалик Халоковқа, Нұрқанат Райыс Саиджамшид Джафаровқа, Қамшыбек Қоңқабаев Лазизбек Муллажоновқа есе жіберді. Осылайша Өзбекстанның бокстан ерлер құрамасы жарыста 5 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен бірінші орын иеленді.

 Бокстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов Азия чемпионатының қорытындысы туралы «Spots.kz» интернет порталына арнайы пікір білдірді. Онда бас бапкер жарыста қазақстандық боксшылар әділетсіз төрешілерге тап болғанын айтты:

− Санжар Тәшкенбай өзін жақсы көрсетіп, турнир жеңімпазы атанды, бұл оның болашағына үлкен септігін тигізбек.

Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегіне баға беретін болсақ, ол бар­лық жекпе-жегін жақсы өткізді. Хасанбой Дусматовқа қарсы финалдық сайыста Сәкен жеңіске жетті, бірақ төрешілердің әділетсіздігіне тап бол­ды. Өкінішке орай, басқа жекпе-жектерде де түсінбеушілік тудырған төрешілердің шешімі болды. Бірінші раундта Сәкен Дусматовтан басым түскенімен, төрешілер басымдықты өзбек боксшысына берді. Сондықтан да болар, Сәкен өзінің жеңіліп жатқанын көріп асығып кетті. Соған қарамастан Сәкен үш раундты да алып шықты. Бірақ бәрібір нәтижесінде рефери Сәкеннің емес, қарсыласының қолын көтерді.

54 келіде Махмұдтың жекпе-жегі де филиппиндіктер жағына өтті. Төрешінің мұндай шешімі жекпе-жектің шынайы келбетімен сәйкес келмейтіні өкінішті.

57 келі салмақтағы Серік Теміржанов та жақсы жекпе-жек өткізді. Менің ойымша, ол финалда жеңілген жоқ. Бізге аз басымдықпен болса да Серік жақсырақ және жеңіске лайық болып көрінді, − деді бас бапкер.

Қайрат Сәтжанов жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаевтың азия чем­пионатындағы өнер көрсетуіне де арнайы тоқталып өтті. Өз сөзінде құраманың бас жаттықтырушысы қызылордалық былғары қолғап шебері финалда екінші, үшінші раундта жеңіс­ке жетті деп санайтынын айтты:

− Аса ауыр салмақта Қамшыбек Конқабаев турнирде үш жекпе-жек өткізді. Ол финалға дейін Оңтүстік Корея, Тәжікстан елдерінен келген қарсыластарын жеңді. Ал финалда өзбекстандық Ләзизбек Муллажоновқа есе жіберді. Өз басым өзбек тарапынан айқын басымдық көрмедім. Біздің ойымызша, Қамшыбек Конқабаев екінші және үшінші раундта жақсы көрінді. Шындығында, біздің боксшымыз үшін­ші раундты жеңді, бірақ төре­шілер жеңісті өзбек боксшысына берді. Қамшыбек қарсыласын бір-екі рет жақсы «шайқатып» алды, уақыт көбірек болса нокаутқа да түсіретін еді. Қамшыбектің басынан және бүйірінен ұрған ауыр соққылары жақсы өтті, − дейді бас бапкер.

Азия чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы да жоғары нәтиже көрсете алды. Жалпы есепте боксшы аруларымыз медаль саны жөнінен екінші орынға ие болды. Қазақстандық қыздар 3 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль иегері атанды.

48 келіде Алуа Балқыбекова, 54 келіде Жайна Шекербекова және 57 келіде Карина Ибрагимова «Азия чемпионы» атанды. Ал ұлттық құрама боксшысы Гүлсая Ержан күмістен медаль тақса, Назым Қызайбай, Жазира Орақбаева, Мәдина Нұршаева, Дариға Шәкімова және Ләззат Күнгейбаева қола медаль еншіледі.

Жалпы Азия чемпионатының қыз­дар арасындағы бәсекесінде Үндістан елінің боксшылары жарыстың жұл­дыздарына айналды. Бұл елдің 4 бокшысы алтын медаль иеленсе, қор­жындарына тағы 1 күміс пен 2 қола медаль түсті. Осылайша үндістандық бокстан әйелдер құрамасы жарысты бірінші орынмен қорытындылады.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: