Бейсенбі, 02 мамыр, 09:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Аз жалақыға жақсы ойыншыны ұстап қалу қиын»

18.08.2023

1238 0

«Қайсар» футбол командасы туралы жанкүйер пікірі әрқилы. Бірі «қасқырлардың» тұрақсыз нәтижесіне сын айтса, енді бірі соңғы уақыттағы жетістігін мақтайды. Биылғы көрсеткіш пен ойыншылардың аяқалысы да сан сауал туындатқаны анық. Осыған орай жуырда Қайсар» футбол клубының басшысы Садық Мұстафаевпен жолығып, клуб жұмысы туралы ой бөлісудің сәті түсті.

– Садық Шоңмұрынұлы, сыр­бойылықтар «Қайсардың» әрбір ойынын жіті бақылайды. Қазір қызу сайыс маусымы екені белгілі. ҚПЛ-дағы көрсеткіш көңіл көншіте ме? Команданың бүгінгі бабы қай деңгейде?

– «Қайсар» ФК басшылығына келгелі жүйелі жоспар түзілген еді. Алғашқы­  команданы бірінші лигадан жоғары лигаға шығару. Ол мақсат орындалғанына куә болдық. Ендігі меже ойын сапасын жақсарту, құрама дайындығын жетілдіруге бағытталатын болады. Биылғы турнир кестесіне көз салсақ, бірінші лигадан шыққан командалар арасында алдыңғы орында келеміз. Әрине қателік жоқ емес. «Көш жүре түзеледі» кемшілік ретімен шешім табарына сенім мол.

– Сәтті нәтиже көрсетіп жүрген қай ойыншыны баса айтар едіңіз? Ойыншылар құрамын жаңарту қалай жүруде?

– Әрбір ойыншы маңызды, әрбір кездесу жауапкершілік жүктейді. Сондықтан «мынау – әлсіз, мынау – осал» деп бөліп-жару орынсыз болар. Соңғы 3-4 ойында тынысы ашылып, жаңа қырынан көрінген ойыншыларды ғана атайын. Олардың қатарында Өркен Махан, Дмитрий Бородин секілді азаматтар бар.

Команда құрамын жаңартуға келер болсақ. бұл – күрделі де шығыны мол процесс. Оған қоса клубтың қарызы жаңа ойыншы алуға мүмкіндік берер емес. Жуырда бірнеше ойыншыны алу­ға талаптанған едік. Алайда, «Бан» сал­дарынан ойымыздан қайттық. Қол-аяқты байлайтын келеңсіздік – қарыз бен бюджет аздығы. Лайықты жалақыны қамтамасыз ете алмағасын мүмкіндіктен айырылып жатырмыз. Бәсекеге ілесу, ойын нәтижесіне де әсер ететін бірден-бір фактор – осы.

Мысалы, «Астана» футбол коман­дасының ойыншысы Марин Томасов айына 38 млн теңге жалақы алады. Ал біздің бүтін команданың бір айлық жалақысы 36 млн теңгеге жуық. Айыр­маны байқадыңыз ба? Өйткені, оларға бөлінетін бюджет қомақты. Ал қаржы болған жерде мүмкіндік жоғары.

– Қарыз деп қалдыңыз, «Қайсарға» мемлекет тарапынан жыл сайын миллиардтап қаржы бөлінеді. Өкініштісі, жылда қарыз мәселесі туындайды. Бұған не себеп?

– Бұл –басқарма тарапынан (Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы. -авт) бюджетті жоспарлау кезінде кететін қателік. Қарапайым жеткізсек, біздегі шығынның басым бөлігі жалақы мен салыққа кетеді. Басқарма тарапы бюджетті қорғайтын кезде ойыншыларға берілетін айлық жа­лақыны өте төмен мөлшерде бел­гілейді. Ал аз жалақыға жақсы ойыншыны ұстап қалу қиын. Амал жоқ, жалақыны көтереміз. Жаңа ойыншы алайық десек, оған 1-2 млн теңге айлық төлеу қажет. Шығынның пайда болуы мен барлық мәселе осында жатыр. Қазір қарыздарды жабуға жұмыс істеп жатырмыз. Жуырда нәтиже шығады деген сенімдемін.

– Жетістік бапкерге де бай­ланысты. Клуб бапкерлерінің біліктілігін арттыру, олардың жат­тығу әдістемесін жетілдіру бойынша нендей жаңалық бар?

– Әрине, алдымен бапкер білікті болуы керек. Команда жеңісі мен жеңілісі – бапкер нәтижесі. Сондықтан бұл бағытқа жауапкершілікпен қараймыз. «Қай­сар» командасының бас бапкері Виктор Кумыков сәтті нәтиже көрсетуде. Жаттығу барысындағы кәсібилігі, ойын кезіндегі ұтымды кеңесі команданы алға сүйреп келеді.

Өзге бапкерлер де жемісті еңбек етуде. Мәселен, жуырда клуб жанынан құрылған футбол орталығына Ресей мен Молдовадан бапкер алдырдық. Олар «Бавария», «Реал Мадрид» секілді әлемдік командадалардан тәжірибе жинақ­таған. Олар балаларды жаттықтырып, өзге бапкерлермен тәжірибе ал­масады. Алдағы уақытта да негізгі басымдықты бапкерлер біліктілігін арттыруға беретін боламыз.

– Құрамадағы легионерлердің ойын өрнегіне көңіліңіз тола ма? Ел арасында құрамадағы легионерлер санын азайту керек деген пікір бар. Сіздің көз­қарасыңыз қандай?

– Бұрын «Қайсарда» 70 процент­ке дейін жергілікті ойыншылар еді. Қазір санаулы ғана ойыншы – сырбойылық. Өзге өңірден, өзге ел­ден келген лигионерлер қатары кө­бейген. Бұл – мәселе емес, әлемдік үрдіс. Жергілікті ойыншылардың пайыздық үлесін көбейту үшін жас буынды дайындау қажет. Осы мақсатта футбол орталығының жұ­мысын жандандырдық. 11 жас­тан бастап балаларды қабылдап, жаттығуды жүйелі жүргізуге күш салудамыз. Балалар сәтті нәтиже көрсетсе, 3-4 жылда қызыл­орда­лықтардан құралған команда көреміз деген сенімдемін.

– Расында, соңғы уақытты футбол орталығындағы балалар­дың аяқ алысы жақсарды. Жүйе­лі жаттығу, тұрақты теориялық білім, жарыстарға қатысу көбей­ген. Мұндай нәтижеге қалай  қол жеткіздіңіздер?

– Басшылыққа келген сәттен футбол орталығының жұмысын жүйелеуді бастадым. Болашақ Сыр спортшыларын қалыптастыру мақсатында кәсіби көзқараспен кірістік. Бүгінде мұнда 600 бала жаттығады. Бәрін электронды жүйеде бақылаймыз. Жаттығуға қанша бала келгенін, қаншасы жаттығуды жіберіп алғанын біліп отырамыз. Бүгінде балалар рес­публикалық жарыстардан олжалы оралуда.

Жалпы, мұндай футбол ор­та­лығы, академия міндетті түрде нәтиже береді. Әлемде мойындалған әдіс. Мысалы, осыдан 20 жыл бұрын Молдова елінде «Шериф» деген футбол академиясы ашылды. Онда біз секілді балаларды фут­болға баулу, жүйелі жаттығумен қамтамасыз ету жолға қойылған болатын. Қазір қарап отырсақ, «Шериф» академиясы әлемдік футбол кеңіс­тігінде ойыншыларын сату арқылы қомақты қаржы тауып отыр. Біз де сол деңгейге көтерілуіміз қажет. Молдовадан бапкер ал­дыруымыздың сыры да осында жатыр. Әрине бастысы пайда емес. «Қайсардың» атын шығаратын жас буынды әзірлесек мақсат орындалғаны. Сонда ғана сырттан ойыншы әкелуге шығындалмай, шетелдік спортшыларға тәуелділік азаяр еді. Оған қоса тұрақты резерв жасақтауға да таптырмас тәсіл.

– Жанкүйермен байланыс, фан-клуб жұмысын дамыту бағытында қандай жаңалық бар?

– «Қайсар» стадионға жанкүйер жинау көрсеткішінде 4-орында тұр. Әр ойында орташа есеппен 5 мың көрермен жиналады. Соңғы ойында – «Ордабасы» командасына қарсы кездесуде 7 мыңға жуық жанкүйер келді. Яғни, жергілікті жанкүйерлердің потенциалы жоғары. Әрине жанкүйерлерге арнайы киім әзірле, команданы тумен қамтамасыз ету ісі кенжелеп тұр. Жоғарыда айтып өткенімдей, оған қаржылық қиындық қол байлау.

– Сіздің пікіріңізше, бүгінгі спорттағы негізгі кемшілік қандай?

– Орынды сауал. Спорттағы негізгі кемшілік – басшылық құрамның біліксіздігі мен өзіне бейтаныс бағытта жұмыс істеуі. Салдарынан салада тәжірибесі аз, бағытты болжап білмейтін басшылардың салдарынан сапа түседі. Біздегі көп сәтсіздіктің соңында осы дерек жатыр. Әркім білетін, жауапты ісін жүйелі жүргізсе, олқылық болмас еді.

Мәселен, мен футболшы емеспін. Мен – спорт менед­жерімін. Командаға қолайлы жағдай жасау, қажетті көмекпен қамтамасыз ету, тиісті талап­тардың орындалуын бақылау назарымда. Ал жаттығу процесі, ойын барысындағы стратегиялық шешімге аралас­паймын. Ол үшін арнайы мамандар бекітілген. Солар кәсіби қызметі аясында сәтті жұмыс істейді. Өз тара­пымнан әрбір ма­манның біліктілік арттыруын, тәжі­рибе алмасуын қа­дағалап отыра­мын.

Сондықтан өзім білемге салы­нып, барлық бағытта жеке пікіріңді таңу, бәрін сол бойынша жұмыс жүргізуге итермелеу қате. Ең тиімді жол – маманға сену, жағдай жасау

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Е.ЯКУДАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: