Жұма, 19 сәуiр, 10:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Бейжің-2022: Желге ұшқан 625 миллион теңге

22.02.2022

1579 0

Әне-міне дегенше, Қытай астанасы Бейжіңдегі ақ Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде спортшыларымыз ел қоржынына жүлде сала алмады.

Әлем мықтылары жиналған бұл дода өзімізді жұбататын санаулы ғана сәт болды. Соның бірі – шорт-трек жарысы еді. Бұл спортта ел Абзал Әжіғалиев пен Денис Никишаға сенім артқан. Денис жарты жолда сүрінді де, басты жарысқа Абзал Әжіғалиев жолдама алды. Алайда Абзал да үздік үштікке ене алмады. Жарысты төртінші орынмен аяқтады. Осы додадағы ең үздік көрсеткішіміз бұл.

Тағы бір айта кетерлік жайт, құрамада жалғыз бесінші орын бар. Оны да шорт-трекшілер алды. Бірақ бұл аралас коман-далық эстафета жарысында. Бұл жолғы бәсекеде ауыз толтырып айтарлық жайт осылар ғана. Қалғанының бәрі біз үшін өте сәтсіз аяқталды. Қазақстан және әлем сарапшылары осыдан төрт жыл бұрын Олимпиада жүлдегері атанған Юлия Галышева жүлде алады деп болжам жасаған. Алайда ол да финалда сүрініп, суперфиналға шыға алмай қалды.

Біздің спортшылардан тек бірнешеуі ғана үздік ондыққа енді. Олардың қатарында шорт-трекшілер Денис Никиша мен Әділ Ғалиахметов және могулшы Дмитрий Рейхерд бар. Өкініштісі сол, өзге спорт түрлерінен мүлде артта қалдық. Расында, біз үшін нағыз тоқырау осы Олимпиада болды. Соңғы жылдары мұндай додалардан еліміз жүлдесіз қайтқан емес. 2010 жылы биатлоншы Елена Хрусталева күміс медаль, 2014 жылы мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен 2018 жылы могулшы Юлия Галышева қола медаль жеңіп алған болатын. Биыл бұл серияны бұзып алдық.

Осы тұста неге жүлде ала алмадық деген сұрақ әрбір спорт жанкүйерін мазалайтыны анық. Бірақ мұның жауабын дөп басып айту қиын. Бірақ командадағы бәсекелестік деңгейінің аздығы осы жарыста анық байқалғандай. Бұлай деуімізге салмақты себеп те бар. Атлеттеріміз Бейжіңдегі бұл бәсекеге дейін де әлем кубогы кезеңдерінде, халықаралық жарыстарда тәуір нәтижеге көрсете алмады. Осының өзі біраз нәрседен хабар берді. Әлемдік сарапшылардың айтқанындай-ақ, жүлдесіз оралдық.

Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов Қазақстан Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында байрақты бәсекелерде тәуір нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен балалар мен жасөспірімдер спортына назар аудару керек екенін айтады.

«Қазақстанның көп бөлігінде қыс мезгілі алты айға дейін созылады. Былайша айтқанда, қысқы спортпен айналысуға толық мүмкіндік бар. Бірақ спортымызда құрылым (жүйе) дұрыс жұмыс істемейді. Спортта жетістікке жету үшін алдымен жақсылап талдау жасалу керек. Яғни қай облыста қандай спорт түрін дамытуға болады деген сияқты. Сонан соң жүйелі түрде орындалатын жақсы бағдарлама қажет. Мұның барлығын жасау үшін қаржы мен халықаралық деңгейдегі жаңа спорт нысандары керек. Спортшылар арасындағы бәсекелестікті үнемі арттырып отырған жөн. Ол үшін бізге жиі спорттық шаралар өткізіп, шетелдегі бәсекелерге көбірек қатысу қажет. Әсіресе көршілес елдерге барған дұрыс. Бұл тек негізігі құрамды ғана сайыстарға жібере беру керек деген сөз емес. Балалар, жасөспірімдерге де жағдай жасалғаны жөн. Елімізде балалар, жасөспірімдер, студенттер спортын дамыту керек. Алайда бұл үшін жақсы бағдарлама керек екенін тағы да қайталап айтамын. Бұл бағдарламаны құрастырып шығатын талантты адамдарды тарту керек және оны енгізу өте маңызды» – дейді Владимир Смирнов.

Бейжіңдегі бұл ақ Олимпиададан кейін қысқы спорт түріне біраз өзгеріс қажеттігі анық байқалды. Бөлінген қаржы аз емес. Осы жолғы додаға 625 млн теңге бөлінді. Бірақ нәтиже жоқ. Күткен үміт, артқан сенім ақталмады. Бүгінгі жағдайдан енді сабақ алып, қандайда бір өзгеріс жасау қажет. Ал егер өзгеріс орын ала қалса, оны алдағы төртжылдықта Италияда өтетін қысқы Олипиададан көретін боламыз.

К.АҚТАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: