Жексенбі, 08 желтоқсан, 07:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Бейжіңдегі додаға дайынбыз ба?

20.01.2022

331 0

Әне-міне дегенше ақпан да жақындап қалды. Бұл – Қытай астанасы Бейжіңде өтетін қысқы олимпиада ойындарының басталуына санаулы күн қалды деген сөз. Бүкіл әлем бәс тігетін қыстың басты додасына Қазақстан құрамасы дайын ба? Әлемнің әр түкпірінен жиналған мықтыларға біздің спортшылар қауқар таныта ала ма? Бағамдап көрейік.

Қазіргі таңда Халықаралық федерациялар ұлттық олимпиада комитеттерімен бірлесіп, қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың тізімін бекітуде. Бүкіл әлемнің назары ауған спорт додасынан біздің спортшылар да қалыс қалмақ емес. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізден олимпиада ойындарына жоқ дегенде 31 спортшы қатысады. Олардың бәрінің 60-қа жуық лицензиясы бар. Бейжіңдегі құрамамыз Токио Олимпиадасына жіберілген құрамнан әлдеқайда аз. Іріктеу кезеңінен хоккейшілер өте алмады. Сондай-ақ шаңғы спорты, скелетон, мәнерлеп сырғанау, фристайлдың кей түрлері, сноуборд сияқты жарыс түрлерінде Қазақстан өнер көрсетпейді.

Осы жолы Қазақстан құрамасы Бейжіңде спорттың тек 9 түрінен өнер көрсетпек. Оның ішінде биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен секіру, фристайл-могул, фристайл акробатика, шорт-трек пен тау шаңғысы бар.

Жалпы қысқа олимпиада ойындарындағы нәтижеге ауа-райы тікелей әсер ететіндіктен нақты болжам жасай қою қиын.

Былтыр қарашада ҚР Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов қысқы спорт түрлерінен финалға, үздік ондыққа кіре алатын 9 спортшымыз бар екенін және оларға ерекше үміт артылатынын айтты. Оны ақпарат көздері жарыса жазды. Басшының айтуынша, спортшылардың Олимпиадаға дайындалуы үшін барлық жағдайды жасаған. Биыл бұл сөзді мәдениет және спорт министрі де растады.

«Ел үшін қазіргі қиын жағдайда, соның ішінде коронавирус инфекциясының көбеюі кезінде біз спортшыларымызға алдағы Олимпиадада допингсіз, жанжалсыз, лайықты өнер көрсету міндетін қойдық. Әрине, әрбір спортшы жетістіктің шыңы саналған Олимпиада медаліне ұмтылады. Ал біз олимпиадашыларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мемлекет қолдан келгеннің барлығын жасап, спортшыларды дайындау, сапалы жаттығу, оқу-жаттығу жиындары және іріктеу жарыстарына қатысу қаржыландырылды» – деді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Алдағы додада медал үшін тартыс жоғары деңгейде болары сөзсіз. Бейжіңде өтетін қысқы олимпиада ойындарына шетелдік сарапшылар өз пікірлерін айтыпты. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан құрамасы осы олимпиада ойындарында фристайл-могулден бір қола медаль иеленеді. Ал бірінші және екінші орындарды Германия, Норвегия, Канада спортшылары алуы ықтимал. Нидерландиялық спорттық-аналитикалық агенттігі де кейінгі төрт жылда өткен ойындарды талдай отырып, біздің құраманы «Пекин-2022» олимпиадасында бір күміс медаль алады деп болжауда. Үздіктер

еуропалықтар дейді. Жалпы өзге де шетелдік сарапшылардың ойынша қысқы ойындардың көшбасшысы Норвегия, Ресей және Германия құрамалары болады. Біздің құрама жүлдегерлердің тізімінде болатынына көпшілігі сенбейді-мыс. Жеңіс те, жеңіліс те спорттың бір бөлшегі. Сондықтан қандай нәтиже көрсетеріміз уақыт еншісінде.

Кейінгі әлем чемпионаттары мен қазіргі қысқы спорт түрлерінен өтіп жатқан әлем кубоктарының нәтижесіне қарай қазақстандық спортшылардың алдағы олимпиада да фристайл-могул, фристайл акробатика, шорт-трек және конькимен жүгіруден жүлде алу мүмкіндігі жоғары. Өйткені спортшыларымыз бұған дейін бірнеше рет осы спорт түрлерінен жүлдемен оралған болатын.

Әрине, дода болғасын әр ел «сайдың тасындай» кіл мықтысын жібереді. Сондықтан нақты бір болжам жасау да қиын. Дегенмен ел намысын қорғайтын спортшыларымыздың бақ пен бабы қатар шауып құр қайтпасына, жүлделі ораларына сенім мол.

Берікбол ҚЫЗЫЛБАЙ,

Қорқыт ата атындағы университет студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: