Сенбі, 27 сәуiр, 03:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Трилогия тәмам

20.09.2022

1028 0

Жексенбінің таңын қазақ халқымен қатар күллі спортсүйер қауым асыға күтті. Себебі бұл күні кәсіби былғары қолғап шеберлерінің бүгінгі жұлдыздары Геннадий Головкин мен Сауль Альварес үшінші жекпе-жегін өткізді. АҚШ-тың Невада штатында өткен кездесуде екі шебер арасындағы текетірестің нүктесі қойылды. Лас-Вегастағы  «T-Mobile Arena»-да супер орта салмақтағы абсолюттік әлем чемпионы атағын мексикалық «Канело» Альварес жеңіп алды.

12 раундқа созылған жекпе-жекте төрешілер бірауыздан мексикалық былғары қолғап шеберін жеңімпаз деп таныды. Осылайша, Альварес кәсіпқой мансабындағы 58-ші жеңісіне қол жеткізіп, 168 фунтта абсолютті әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Ал Геннадий Головкин өз карьерасында екінші рет жеңілді. Бұл кеште Сауль Альварес абсолютті чемпион атанса, Головкин әлі де бір дивизион төмен «WBA, IBF және IBO титулдарының иесі» атағын сақтап қалды.

Бокс кешінен кейін көпшілікте Головкиннің болашағы жайлы қызығушылық болғаны рас. Бұған былғары қолғап шебері GGG: «Әрине, менің үлкен жоспарларым бар. Менің әлі қарсыласым көп. «Канелоны»  және барлық бокссүйер қауымды құттықтаймын. Есіңізде болсын, менде орта салмақтағы үш белбеу бар! Мен қайтып келемін! Мен әлі чемпионмын! − деп жауап берді.

Атаулы жекпе-жекте Геннадий Головкинге үміт артқан жанкүйер қатары көп болды. Күллі қазақстандықтар желіде «Сен біз үшін бәрібір чемпионсың» деген жазбаларын жаңбырша жаудырса, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рингте спортшыға арнайы хабарласты. «Жанкүйерлер үшін сен халық чемпионы және әлемдегі «ең үздік» болып қала бересің. Біз сені мақтан тұтамыз», − деді Мемлекет басшысы.

Трилогиядан кейін Головкинге қолдау білдіргендер қатары көп болды. Соның ішінде атышулы боксшы Рой Джонс та бар. Ол өз сөзінде Геннадий өз мансабын керемет өткізгенін айтты. «Головкин барын салды. Десе де уақыт өзінікін алады. Ол қарсыласын жеңуге тырысты, бірақ сәтсіз. Менің ойымша, бастапқыда оған Андре Уордпен кездесу керек еді. Бірақ ол Канелоны таңдады және осы үшін оны құрметтеу керек. Ол керемет кәсіпқой бокс мансабын өткізді. Мен оған өмірінің келесі кезеңінде барлық жақсылықты тілеймін», − деді Рой Джонс.

Естеріңізде болса, Головкин мен Канело алғаш рет 2017 жылы жұдырықтасып, тең нәтиже көрсеткен болатын. Ал 2018 жылы төрешілердің шешімімен Канело жеңімпаз атанды. Осылайша 5 жылға созылған әйгілі текетірес трилогиямен аяқталып, «Канело» чемпион атанды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: