Сенбі, 04 мамыр, 18:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Журналистер тепкен доп Қақпадан қиыс кетпейді

27.06.2023

932 0

Журналистер мерекесіне орай Қызылордада қаламгерлер арасында шағын футболдан респуб­ликалық турнир өтті. Қызылорда қаласының әкімдігі ұйымдастырған додаға Астана, Атырау, Түркістан, Шымкент, Қызылорда қаласынан барлығы 8 команда қатысты. Қызылорда қаласы әкімінің кубогі сарапқа салынған турнир биыл екінші мәрте өткізіліп отыр. Өткен жылы бастау алған журналистердің алаңдағы сайысы биыл да тартысты өтті.

Турнирдің ашылу салтанатында Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов сөз сөйлеп, ойыншыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі, спорт журналисі Әділжан Үмбет жылы лебіз білдірді. 

Таңертең сағат 8-де басталған турнир кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасты. Ойыншылар үзіліссіз ойнағанның өзінде 12 сағатқа созылған дода әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден де көрсетілді.Тіпті арнайы фоторепортаждар жасалып, қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларына сәт сайын жүктелді.

Тартысты ойындар нәтижесінде жартылай финалға «Қазмедиа», «Qaz365.kz» және «Атырау» командалары шықты. Финалда «Қазмедиа» командасы Қызылорда қаласы әкімінің кубогі үшін өткен республикалық турнирдің чемпионы болды.

Додада оза шапқан «Қазмедиа»  командасын қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков қала әкімінің арнайы кубогімен, медальдармен және 1000 000 (бір миллион) теңге қаржылай сыйлықпен марапаттады.

Екінші орын алған «Qaz365.kz» командасына 700 мың, ал қола жүлдегер атанған «Атырау» командасына 350 мың теңге табысталды.

Атыраудан келген  Қайсар Жетпісбай турнирдің «Үздік ойыншысы» аталымы бойынша  марапатталды. Ол 6 гол салып, сұрмергендігімен дараланды. «Қоғам ТВ» командасының ойыншысы Ержан Батыршаев «Үздік шабуылшы» деп танылды. Сонымен қатар «Шымкент» командасының ойыншысы Айбек Қабылша «Үздік қақпашы» атанса, турнирдің «Үздік қорғаушы» аталымымен Түркістан облысынан  келген Самат Сүлей марапатталып, қаржылай жүлделер тапсырылды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүзге жуық БАҚ өкілінің басын қосқан турнирге қатысушылар қонақжай Сыр жұртшылығына ризашылықтарын білдірді.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: