Сенбі, 20 сәуiр, 00:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

«Әлиханның Қызылордаға келуіне екі маңызды себеп болды»

13.07.2021

2890 0

Ұлт зиялысы Әлихан Бөкейханның біртұтас «Алаш» идеясын ұсынуы халықты жұдырықтай жұмылуға, ұлт болып ұйысуға бастаған қадамы еді. Газетіміздің «Ақмешіт Қызылорда болғанда» айдарында Қызылорда ел астанасы болған тұста Әлихан Бөкейханның бастамасымен атқарылған жұмыстар, Алаш қайраткерінің біз білмейтін қыр-сырлары туралы бүгінгі сұхбатта кеңінен айтылды. Алаштанушы, әлихантанушы ғалым, Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлымен сұхбатты назар­ларыңызға ұсынып отырмыз.

– Сізді ел әлихантанушы ре­тінде жақсы біледі. Ғылым­ға оның ішінде Әлихан Бөкейханұлын зерт­теуге қалай келдіңіз?

Ашығын айтсам, ғылымға да, Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды зерттеуге де кездейсоқ «душар» болдым. Ол ұзақ әңгіме. Мейлінше қысқартып айтсам, хикая 1986 жылдың желтоқсанындағы қазақ жастарының наразылық шеруі­нен басталды. Мен ол уақытта қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мем­лекеттік ұлттық университетінің фи­лология факультеті араб тілі бө­лімінің 3 курсында оқитынмын. Өзім­нің туған інім 16-18 желтоқсанда 3 күн жалғасқан наразылық шеруінің қайнаған ортасында жүреді. Өзі сол кезде Алматыдағы «МедеуСтрой» құрылыс компаниясының комсомол комитетінің хатшысы. Оны комсо­мол­­дан шығарып, жұмыстан қуға­ны айтпаса да түсінікті. Міне содан бастап ол жаз шыққанша фил­фактың жатақханасындағы менің бөлмемде жасырынып жатты. Ініме қалай көмектессем екен деген оймен, 3 курстың сессиясын тап­сыра саласымен мен қазіргі Ақтау қаласындағы (ол кезде Шевченко қаласы) Каспий жағалауында ашыл­ған жазғы демалыс лагеріне тәрбиеші болып барып, ақырында қалалық комсомол комитеті мені қызметке шақырып, мен араб тілі бөлімімен қош айтысып, қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша сырттай оқу­ға ауысып, Ақтауға комсомол жұмысына кеттім. Сөйтіп 1987-1990 жылдары Ақтау комсомолда қызмет етіп, інімді комсомолға қайта алдырып, жұмысқа орналастырып, диплом алған 1990 жылы Алматыға қайта оралдым. Бірақ Алматыда не жұмыс, не қызмет істейтінімді әлі білмейтінмін.

Әйтсе де Алматыда не істейтінім диплом қорғаған күні анықталды. Диплом жұмысымның тақырыбы Алаш қайраткері, ақын Ғұмар Қараштың өмірі мен ақындық шығармашылығы туралы еді. Дип­лом жұмысын жазу барысында Ғұмар Қараштың қадімше тілінде жазылған 5-6 кітабын ескі арабша жазудан кирилға аударып, жетекшіме мәшенкеге басылған нұсқасын әкеп тапсырғанымда, ол кісі шалқасынан түсе жаздаған еді.«Саспа, диплом жұмысыңа даусыз 5 аласың!» деп қуантқаны бар еді. Мемлекеттік ем­тихан комиссиясының төрағасы – Қазақ ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қазіргі заман әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, институттың ең бірін­ші директоры, ғылым докторы, профессор Мәсілім Базарбаев (ол кісі, айтпақшы, Қызылорда облысының тумасы, Қазақ КСР-ның 2 рет министрі – мәдениет және сыртқы істер министрлері болған, 1995 жылы марқұм болды). Ол кісі де менің диплом жұмысыма дән риза болып: «Ғылыми жұмысқа талабың зор екен, сен біздің институтқа кіші ғылыми қызметке кел, аламыз»! – дегені.

Ғылымға мен осылайша «душар» болғанмын. Дәл сол күнге дейін ғылыммен айналысу, ғылыми дис­сертация қорғау, ғалым болу, ғы­лыми мақала, кітап жазу деген үш ұйықтасам түсіме кірген емес.

Ал қазіргі қазақ халқының ата­сы, шынайы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға қалай «душар» болғаныма келсем, ғылыми-зерттеу институтына алғашқыда аға лаборант, одан соң кіші ғылыми қызметкер ретінде қызметке алынған соң не істеп, не қою керектігін білмей, сең соққан балықтай жарты жылдай жүргенім бар. Есім кіре ғылыми диссертация тақырыбын таңдап, оны ғылыми кеңесте бекітетін кез келгенде Ғұмар Қараш туралы диплом жұмысым есіме түсіп, жетекшімнің «сен 130 бет­тік диплом жұмысыңа тағы 50-60 бет­тей зерттеуіңді қоссаң, ғылыми диссертацияң дайын» дегені бар еді. Сол жетекшіме шауып бара қой­сам, ол тақырыпты басқа бір аспи­ранттың диссертация тақырыбы етіп бекітіп алғанын айтып, көңілімді су сепкендей басты. Енді не істеймін деп жүргенде, Міржақып Дулатұлы тақырыбынан диссертация қор­ғайын деп жүрген Марат Әбсеметов деген бір әріптесім қонаққа шақырып: Сен диссертация тақырыбына Әлихан Бөкейханды алсаң қайтеді?! Ол кісі өте көп мұра қалдырған, әдебиет та­қы­­рыбына да көп жазған. Сенбесең – «Қазақ» газетін парақтап көр, – дегені.

Ашығын айтсам, сол сәтке дейін Әлихан, Алаш туралы естіп-білген емеспін. Марат әріптесімнің әңгімесінен кейін амал жоқ, Орталық ғылыми кітапханаға барып, 1913-1918 жылы Орынборда шығып тұр­ған «Қазақ» газетінің сандарын ақ­тарып, Қыр баласы, Қ.Б. Әлихан Бөкейхан деп қол қойған бір емес, тіпті ондаған да емес, жүздеген мақала, әдеп сын, фольклорлық зерт­теу, ашық хат, саяси шолу, үндеу және т.б. дүниелерін оқып көрдім. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, бірте-бірте Әлиханның бір қазақ әдебиеті, халық ауыз әдебиеті, қоғамдық тақырыптарға жазған телегей теңіз мұрасына қоса орысша мұрасы да том-томдап та­была бас­тады. Әлиханға дейін мені ешбір тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасы мұншама қызықтырған жоқ еді. Әлихан менің көзқарасымды, бүкіл сана-сезімімді астан-кестеңін шығарып төңкеріп, түбегейлі өзгертті. Мен үшін есім кіріп, есейгенге дейін көзім көріп, құлағым естімеген, 10 жыл мектепте, 5 жыл университетте оқып көрмеген, үш ұйықтасам түсіме де кірмеген мүлде басқа да ұшан теңіз бай дүние – қазақ деген халқымыздың өзімізден жасырып келген шынайы тарихы, жарқын да қиын-кескі күреске толы, жасампаз тарихы бар екеніне көзім жете бастады. Сөздің қысқасы, 1991 жылдың наурыз айында, яғни осыдан тура 30 жыл бұрын, мен Әлихан Бөкейханның өмірі мен ғылыми және әдеби-публицистикалық мұрасын өзім­нің ғылыми диссертациямның тақырыбы етіп ҚР Ұлттық Ғылым академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесінде бекітіп алдым. 1991 жылдың шілде-тамыз айын­да Ленинград (қазіргі Санкт-Пе­тербор), Мәскеу кітапханалары мен мұрағаттарынан Әлиханның қазақ­ша-орысша еңбектерінің бір сан­дық болатын мұрасын жинадым. Оның ішінде 1991 жылдың 22 тамы­зында КСРО КГБ-сының жаңа тағайындалған (1991 жылдың 21 тамыз күні тағайындалды. – С.А.) төрағасы Вадим Бакатиннің қабылдауында болып, Ә.Н.Бөкейханның Бутырка түрмесінде отырған ақыретті фото суретін, оның ісінен біраз маңызды құжаттың кө­шірмесін ең алғаш болып мен алдым.

Ал 1992 жылы Орынбор мен Омбы кітапханалары мен архивтерін ақтарып, Әлиханның балалық ша­­ғына қатысты құжаттар мен 1895-1908 жылдарды қамтитын «Омбы кезеңі» туралы мол тарихи мате­риалдар тауып қайттым. Одан кейін Алматы, Семей (ҚР), Томскі, Самар (РФ), Минскі (Беларусь), Ташкент (Өзбекстан Республикасы) мұрағаттары мен кітапхана қорларын ақтаруға тура келді.

Міне сол алғашқы 2 жыл ғылы­ми жұмыстың нәтижесі – 1995 жылы «Қазақ энциклопедиясынан» жа­рық көрген «Әлихан Бөкейхан. Таң­дамалы – Избранное» атты ака­демиялық жинағы болды. Бұл кітап менің ғылыми диссертациямды жазу барысында құрастырылған жинақ болды.

Міне содан бері Әлихан Бөкей­хан­ның өмірі мен сан қырлы қыз­метін зерттеуім бір тиылған емес. Нәтижесінде біріншіден, 1992-1994 жылдар аралығында сол кездегі орталық телеарнада «Қыр баласы» атты 7 сериялы және «Абай және Әлихан» атты деректі фильм­дер түсіріп, республикалық теле­арна­ларда 1992-1995 жылдар үз­бей көрсетіліп келді. Екіншіден, 2009, 2010, 2013 жылдары Ә.Н.Бөкейханның 9 томдық шығар­малар жинағы, 2012 жылы «Алаш арыстары» деректі фильмдер циклы бойынша «Әлихан Бөкейхан» атты деректі фильмнің сценарийін жазып, фильмнің өзі «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында 2012-2013 жылдары көрсетілді. 2016 жылы, яғни туғанына 150 жыл толуына орай 15 томдық толық шығармалар жинағын шығардым, қазақ, ағылшын, украин және орыс тілдерінде «Әли­хан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы», «Alikhan Bokeykhan. The Unifier of Kazakh Lands», «Аліхан Букейхан. Син Великого степу» және «Алихан Букейхан. Собиратель казахских земель» атты әрқайсысы 2 томнан тұратын 4 монография жазып, кітап етіп басып шығардым. Бұл 30 жылда атқарылған ғылыми зерттеу жұмыстарының бір қыры ғана.

– Әлихан Бөкейханды ел қай­раткер, ел келешегін ойлаған тұлға ретінде таниды. Оның қазақ жерінің тұтастығына қатысты еңбегінің өзі том-том кітапқа жүк болары сөзсіз. Қайраткердің ел білмейтін тағы қандай қыры бар?

– Әлихан Бөкейханның тәуелсіз Қазақстан қоғамы әлі күнге дейін білмейтін, бірақ бүгінгі қазақ халқы алдындағы ең басты тарихи қызме­ті – Ресей империясының отарлық езгісінде шырт ұйқыда отырған қалың елі қазағының ұлттық сана-сезімін, намысын оятып, «Алаш» туы астында басын біріктіріп, қазіргі ұлттық жазба тілі мен мәдениетін қалыптастырып, жерін қорғап, 1917 жылдың желтоқсанында қазіргі Қазақ ұлттық мемлекетінің іргетасын қайта көтеріп, шекарасын анықтап, оның тұңғыш басшысы болғаны. Төл тарихымыздан білетіміздей, Кенесары хан қай­ғылы қазаға ұшырауы салдарынан хандық үлгідегі Қазақ мемлекеті 1847 жылы біржола ыдырап, тарих сахнасынан кетсе, арада тура 70 жыл өткен 1917 жылы Әлихан Бөкейхан бас­таған ұлт зиялылары сол хандықтың үйіндісі үстінен заманауи парламенттік әрі шынайы де­мократиялық Қазақ мемлекетінің туын кө­терді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылында да кеңес дәуірінде мейлінше бұрмаланған, жалған тари­хымыздың көлеңкесінен әлі шыға алмай жүрген халқымыздың әлі білмейтін тағы бір тарихи дерек – Әлихан құрған Алаш Ұлттық Жерлі Ау­то­номиясы өзінің 1911 жылы Барлыбек Сырт­­танұлы жазып кеткен конституциясының жобасы бойынша, қазіргі Қазақ елінің аумағында құрылған, біріншіден, тұңғыш зайырлы, екін­шіден – парламенттік республика болатын. Үшін­шіден, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан күндері Орын­борда жиналған жалпы қазақ құрылтайында Алаш болашақ Федеративтік Ресей құрамындағы ауто­номия ретінде құрылды. Алайда Ресейді фе­де­­ративтік республика ретінде жариялайды деп күтілген бүкілресейлік құрылтайы жиналысы 1918 жылдың 6 қаңтарында кеңес өкіметі тара­пынан күштеп қуылды да, біріншіден – Ресей федерация болмай қалды, ал екінші­ден – кешегі Ресей империясында халық сенімін ар­­қалаған заңды (легитимді) билік қалмады. Кеңес өкіметі бүкілресейлік билікті қылмыстық жол­­мен басып алды, немесе Әлиханның өз сөзі­мен айтсақ, «қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен» тартып алды. Міне Ресейде заңды (легитимді) орталық биліктің болмауы себепті ІІ-жалпы қазақ құрылтайында аутономия ретінде құрылған Алаш Республикасы амалсыз болса да егеменді мемлекет құқына ие болып, 1920 жылдың тамызына дейін Алаш егеменді мем­лекет болып жасады, ал оның үкіметі – Алаш Орда егеменді ішкі де сыртқы саясатын жүзеге асырып, алдымен кеңес өкіметімен, одан соң Сібір, Комуч, «Уфа директориясы» және адмирал Колчактың өзін өзі «бүкілресейлік билік» деп жариялаған үкіметтермен бір-бірін мойындау туралы келіссөздер жүргізді. Ал Кеңес өкіметін Ресейдің орталық үкіметі деп мойындап, оған қосылған соң ғана – 1920 жылдың 26 тамызында Алаш Республикасы Қырғыз Аутономиялық Кеңестік Республикасы болып, яғни кеңестік үлгіде қайта құрылды. Кеңестік болып қайта құрылуына Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан, Алаш Орда мүшесі Әлімхан Ермекұлы, Алаштың мемлекеттік білім комис­сиясының (қазіргі Білім және ғылым министрі) төрағасы Ахмет Байтұрсынұлы тікелей атсалы­сып, Кремльде В.Ленин бастаған бүкілресейлік үкіметпен арада болашақ Қазақ Автономиялық Кеңестік Республикасының шекарасын анықтау және қайта құрылатын ұлттық автономияның құқықтық әлеуеті туралы келіссөздер жүргізді. Қысқа айтқанда, қазіргі Қазақстанды құрған Кеңес өкіметі емес, Ә.Н.Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары болды. 1917 жылдың 13 жел­тоқсанында Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиялық Республикасы ретінде дүниеге келіп, 1920 жылдың 26 тамызында ол Қырғыз-Қазақ Ауто­номиялық Кеңес Республикасы болып атауы өзгертілді де, 1936 жылдың желтоқсанында ол Ресей федерациясының құрамынан шығып, толыққанды одақтас республика мәртебесін алды, яғни Қазақ КСР-ына айналды. Ал 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ КСР – өзінің толық тәуелсіздігін жариялап, Қазақстан Рес­публикасына айналды.

Міне осыдан-ақ қазіргі Қазақ мемлекетінің іргетасын көтеріп, негізін қалап кеткен, оның атасы әрі оның тұңғыш  елбасы Әлихан Бөкейхан екенін кеңес дәуірінде өз тарихымызды ұмытып қалған біз әлі де білмейміз, мойындамаймыз. Барымызды кеңес өкіметіне телиміз.

Ал енді Әлихан Бөкейханның бүгінгі тәуелсіз Қазақ Республикасының халқы білмейтін екінші бір қыры – ол қазіргі қазақ халқының ұлттық тілі, оның ішінде жазба тілінің, қазіргі заманауи мәдениетінің бастауында тұрғаны. Қазақ тіл білімінің, әдебиетінің, бастауыш, орта және жо­ғарғы білім беру жүйесінің, ғылымының, жалпы мәдениетінің негізі сонау 1917 жылғы Ақпан төңкерісінде қалыптасқанын ұмытпайық. Кеңес заманында өмірінің ақырғы 15 жылын Әлихан Мәскеуде НКВД-ның қатаң бақылауында өт­кізсе де, алыстағы туған елінің бүкіл тыныс-тіршілігіне – ағартушылық, білімі мен ғылымына, мәдениеті мен өнеріне жетекшілік етіп отырды. Оны Әлиханның сақталып қалған азды-көпті хаттарынан, Мәскеуде жолдап отырған мақала, ашық хат, рецензия, зерттеулерінен айқын аңғарамыз.

Мысал келтірсем Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалы», Сұлтанмахмұт Торайғыр­ұлы­ның «Қамар сұлуы», Спандияр Көбейұлы­ның «Қалың малы» сынды қазақтың тұңғыш романдары 1917 жылға дейін жазылып жарық көрсе, бүгін біз мақтан ететін «абайтану» ілімінің басы-қасында тұңғыш абайтанушы Әлихан тұрды, Абай шығармаларының тұңғыш жинағы да 1909 жылы Санкт-Петерборда жарық көргенін естеріңізге сала кетейін. Тұңғыш поэмалар, тұңғыш драмалық шығармалар – пьесалар да 1917 жылға дейін жарық көріп, олар да төңкеріске дейін сахнаға қойылды емес пе?!

Өкінішке орай, тәуелсіздігіміздің 30 жылында кеңестік жалған идеология мен тарих-сымақтан арыла алмаған халқымыз осы жайттардың бар­лығын Кеңес өкіметінің «жемісі» деп адасады.

– Әлиханды айтқанда Алаш тақырыбын сөз етпеу мүмкін емес. Ендігі әңгімені Алаш пен оның басында тұрған елшіл Әлихан жайлы өрбітсеңіз…

– Әлихан дегенде Алашты сөз етпеу мүмкін емес деу аз. Анығын айтқанда Әлихан десек ойға Алаш келеді, Алаш десек – көз алдымызға Әлихан елестемей ме?! Олай дейтін себеп – «Алаш» идеясын ұсынып, 1905 жылы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалап, сонау 1910 жылы Санкт-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» (1925 жылдың сәуіріне дейін біздің этнонимді қасақана бұрмалап «қырғыздар» деп атайтынын еске сала кетейін. – С.А.) атты тарихи-анықтамалық очеркінде 9 облыс, бір гүберне (Астрахан гүбернесінің Бөкей ордасы. – С.А.) және Алтай өңірінің Барнауыл, Змеиногор және Томскі ояздарын қазақтың ата-бабадан мұра болып қалған жері деп 9 облыс, бір гүбернені нақты атап көрсетіп, ал 1917 жылғы желтоқсанда сол аумақты қазақтың Алаш Ұлттық Жерлі Республикасының заңды жер аумағы (территориясы) деп жариялаған, Алаш Республикасының жоғарғы атқарушы мемлекеттік билік тетігі – Алаш Орда үкіметіне 2,3 жыл басшылық еткен Әлихан емес пе?

Бір назар аудара кететін мәселе – Алаш Республикасы жерінің аумағы шамамен 3,5 млн шаршы шақырым болса, Кеңес өкіметіне қосылып, Алаш Қырғыз (Қазақ) Кеңес Аутономиясы болып қайта құрылған 1920-1925 жылдары жер аумағы 2,9 млн ш.ш. болатын. Әлихан би­ліктен аластатылуының салдарынан 1924 жылы бізден Қырғыз аутономиясын бөліп алып РФКСР-ге қосты, кейін оған одақтас республика мәртебесін берді. 1925 жылы Орынбор қаласы мен облысы Ресейге, Ташкент қаласы мен оның төңірегіндегі бірнеше аудан Өзбекстанға берілді. 1930 жылы Қарақалпақ аутономиялық ауданы алдымен Ресей құрамына, одан соң 1936 жылы Өзбекстанға берілді. Тәуелсіздік алған 1991 жылдың желтоқсанында жеріміз – 2,7 млн ш.ш. болатын, 1990-жылдары Қытайға 100 мың ш.ш. жер беріліп, қазір одан да кеміп қалды.

Осы күні алаштанушы ғалымдардың дені «Әлихан бастаған «Алаш» қайраткерлері арман­дарына жете алмай, арманда кетті» дегенді айтумен келеді. Ол барып тұрған адасқан пікір. Себебі Әлихан баулып өсірген Алаш қайраткерлері өздерінің ең басты мақсат-мұраты болған қазақтың ұлттық мемлекетін қайта құрып кетті емес пе? Осыны неге ұмытамыз?

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында өзінің қиян-кескі күресі мен ағартушылық қыз­меті арқылы қазақтың қазақтығын – тілін сақ­тап, заманауи әдебиетін жасап, көне дәуірден қалыптасып келген көшпелі мәдениет негізінде халқының заманауи мәдениетін қалыптастырған Әлихан мен ол теориялық негізін қалаған «Алаш» идеясы мен қозғалысы емес пе?! Ағыл­шындардың Оксфорд университеті жанындағы Орта Азияны зерттеу орталығы ғалымдары 1985 жылы «Қазақтар 1917 жылға дейінгі орыстар жайында» атты ғылыми еңбегінде қазақ зиялылары 20 ғасыр басында «мәдени ренессанс», яғни мәдени төңкеріс жасады» деп тегін жазбаса керек.

Тоқетерін айтқанда ХХ ғасырдың басында «Алаш» қайраткерлері түбегейлі реформалаған қазақтың ұлттық жазба тілі мен әдебиеті және жалпы төл мәдениеті содан бері ешқандай реформа, жаңалық не қайта жаңғыру дегенді көрген жоқ. Біз сол Алаш арыстары мұра етіп қалдырған мәдениетімізбен келеміз.

Бір кезде біз «Орта Азияның барысы бола­мыз» деп бір қаңғырдық, «нано-технологиялық мемлекет», «ғарыш мемлекеті» боламыз деп аузымызды құр шөппен сүртіп екі адастық, Кеңестік дәуірден жаман мұра болып қалған басшыларымыздың бос сөз, құрғақ үндеуіне алданып, «әлемнің маңдайалды 30 еліне қосы­ламыз» деп өзімізді өзіміз алдап үшінші рет қаңғырып келеміз. 30 жыл алданып адасқанымыз аз ба?! Қазаққа оның қазақтығын сақтап қалып, оның заманауи мәдениеті мен мемлекетін қайта жаңғыртып кеткен «Алаш» идеясынан артық идея жоқ. Болмайды да.

– Қызылорда астана болған шақта зиялы қауымның басым бөлігі Сыр елінде болды. Әлихан Нұрмұхамедұлының Қызылордамен байлансы бар ма? Алаш арыстарына бағыт берген, жөн сілтеген ұлт зиялысы Әлихан Бөкейхан десек, артық айтқандық болмас. Қызылорда ел астанасы болған тұста Әлихан­дай қайраткердің бастамасымен немесе кеңесімен Сыр елінде атқарылған іс бар ма?

– Алаш көсемінің Қызылордамен байла­нысы ұзақ болмады, бірақ өте маңызды еді. Тарихи мәліметтерге қарағанда, Әлихан Қызылордаға 2 рет – 1925 және 1926 жылдары аяқ басқан. Алғаш рет халқымыздың «қырғыз» дегеннен «қазақ» деген төл этнонимін қай­тарған 1925 жылғы сәуіріндегі 5-ші партия кон­ференциясы кезінде ат басын тіреп, оған құрметті қонақ ре­тінде қатысқан сияқты. Кон­ференцияға қа­тысқаны туралы ешбір ресми дерек жоқ. Оның есесіне сол конференциядан бейнежазба сақталыпты. Алғаш рет белгілі деректі фильм түсіруші Қалиолла Омар ма, әлде тележурналист Болат Мүрсәлім тауып жариялаған әлгі бейне­жазбадан Әлиханның конференция төралқа­сының (президиумының) қақ алдында жеке орындықта отырғанын көреміз. Ал тарихи де­ректер бойынша, 1922 жылдың желтоқсанында Мәскеуге өз ықтиярынсыз кісендеп жеткізіліп, КСРО ха­лықтарының орталық баспасында (кейін Ор­талық Күншығыс баспасы аталып та жүрді. – С.А.) Қазақ бөлімінің редакторы қызметінде жүрген Әлихан елге оралып, Қызылордада жер бойынша халық комиссариатына қыз­метке орналасуға көп күш салады. Оның Қызылордаға оралуына Нығмет Нұрмақұлы бастаған Қазақстан Халық комиссарлар кеңесі де (КазСНК), Қа­зақстанның Жалау Мыңбайұлы бастаған Жо­ғарғы атқарушы комитеті де (КазЦИК – кейін Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі) аса мүдделі болды. Алаш қайраткерлерін жаппай қудалауға алған НКВД құжаттарында Жоғарғы атқарушы комитет төрағасы Жалау Мыңбайұлы мен бір халық комиссарының егер үкімет басына Әлихан Бөкейхан отырса, Қазақстан бүкіл Орта Азия Республикаларына жетекшілік етер еді деген әңгімесі келтіріледі. Алайда Алты Алаш көсемінің Ұлы дала еліне қайта оралуына Кремльдің қожайыны И.Сталин мен Қазақстанға партия көсемі болып келген Ф.Голощекин үзілді-кесілді қарсы шығады.

Әлиханның 1925 жылы Қызылордаға келуіне 2 маңызды себеп болды. Бірі – Қазақ елінде қазақ халқының жер пайдалану нормасын анықтап, оны Ресей Федерациясы үкіметінің жанындағы жер комиссиясында бекітіп алу, екіншісі – Смағұл Сәдуақасұлы мен Сұлтанбек Қожан­ұлын өзара татуластыру болғанға ұқсайды. Әлиханның тағы бір маңызды мақсаты – Қазақстанның жер нормасын  Ресейден орыстың жерсіз келімсек, қарашекпен шаруаларын жолатпайтындай дең­гейде бекіту, қазақтың келімсектерге беретін «артық» жері жоқ ету болды. Міне сол норманы жасату үшін Әлихан өзінің ұзақ жылғы досы, үндітанушы ғалым, патшалық Ресей мен Кеңестік Ғылым академиясының ғылыми хатшысы академик Сергей Ольденбург арқылы 1926 жылы КСРО Ғылым академиясының экспедициясын ұйымдастырды. Экспедицияны ол мақсатты түрде Қазақстанның сол кездегі Адай оязына (қазіргі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары – С.А.) бағыттады. Себебі бірінішіден, Адай оязы қазақтары әлі де толығымен көшпелі болатын. Екіншіден, отырықшы шаруашылыққа қарағанда көшпелі мал шаруашылығына әлдеқайда көп жер берілетін. Мұндай норма тіпті патша заманында қарастырылған болатын. Әлиханның КСРО Ғылым академиясының экспедициясын Адай оязына бағыттауының басты сыры осында жатты және Қазақстанның кеңестік жер нормасын Адай оязындағы жерді көп талап ететін көшпелі мал шаруашылығы негізінде жасатып, бекітпек болды.

Сонымен 1926 жылдың жазы мен күзінде КСРО Ғылым академиясының одақтас және аутономиялық республикаларын зерттеу жөнін­дегі ерекше комитетінің антропологияық экспедицясының экономикалық зерттеулер партиясын бастаған Әлихан Бөкейхан болашақ академик, ол кезде Ленинградтағы мемлекеттік университеттің студенті Әлкей Марғұланды жанына алып, Адай оязында зерттеу жүргізеді.

Экспедициясы жұмысын мезгілінен бұрын аяқтаған Әлихан 1926 жылдың ерте күзінде Ақтөбеден Қызылордаға екінші рет ат басын бұрады. Оны теміржол бекетінде Қазақстанның Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы (бүгінгі премьер-министр) Нығмет Нұрмақұлының өзі қарсы алады. Қызылордада ол ең жақын үзеңгілестері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлымен сыр­ласып, үкімет мүшелерімен кеңеседі. Бірақ өзін тосып отырған экспедиция мүшелеріне қосылып, Мәскеуге қайту үшін Қызылордадан Ақтөбеге жеткен сәтінде тұтқындалып, тағы да қолына кісен салынып, күзетпен Мәскеуге жеткізіліп, еш айып-қылмыссыз Бутырка түрмесіне жабылады. Оның ең басты «қылмысы» – Халықаралық Қызыл крест ұйымының Мәскеудегі өкілдігінің төрайымы, жазушы Максим Горькийдің жұбайы Екатерина Пешковаға 1933 жылы жазған ха­тында Әлиханның өзі атап көрсеткендей, НКВД өзінің сыртынан 1925 жылдан бері қатаң бақылау орнатқан екен. Алаш көсемі НКВД-ның ол бақылауын елемей, КСРО ҒА экспедициясын емін-еркін ұйымдастырып, өзі ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ Қазақстанға жүріп кеткен екен. 15 тәуліктен кейін И.Сталинді әлі де «Коба» деп атайтын Василий Шелгунов деген бір қарт бәлшебек түрмеден босатып алады. Алайда бұл Қызылордаға сапары Әлиханның туған даласына ең соңғы аяқ басуы болды. Ол аздай 1927 жылдың қазан айында Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі Орталық күншығыс баспасындағы Қазақ бөлі­мінің редактор қызметінен «штат қысқарту» деген желеумен босатылып, мезгілінен бұрын зейнетақысыз зейнетке жіберіледі. Нәтижесінде көрнекті Алаш қайраткері Қошқе Кемеңгерұлы 1924 жылғы «Қазақ тарихынан» атты еңбегінде жазғанындай, қазіргі қазақ ұлты мен ұлттық мемлекетінің атасы, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхан – 1927 жыл­дан 1937 жылдың шілдесіне дейін Мәскеудегі 2 бөл­мелі коммуналды пәтерінде НКВД-ның қатаң бақылауында жүруге мәжбүр болды.

Бірақ кешегі патшалықты биліктен де, оның мұрагері болып келген кеңес өкіметінен де сескеніп көрмеген Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан пәтерінде қамалып отырмай, 20-ыншы жылдардың соңында Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жұмахан Күдеріұлы сынды үзеңгілестері жаппай тұтқындалып, Мәскеуге жеткізіліп, Бутырка түрмесіне жа­былғанда, соларға азық-түлік, бір-бірімен хат алмасып тұруы үшін қалам-қағаз жеткізіп тұрады. Жоғарыда аты аталған Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Мәскеудегі өкілі Е.Пешкованы араға салып, оларды босатып алуға да бар күшін салады. А.Байтұрсынұлы Архангельскіге, М.Дулатұлын Соловкиге, қалғандарын жаппай Воронежге айдағанда, Әлихан барлығымен хат арқылы байланысып, бәріне бір-бірінің мекен-жайларын хабарлап, мүмкіндігінше пошта арқылы азық-түлік, жылы киім-кешек жіберіп отырған. Өзі ақырғы рет тұтқындалып, тағы да Бутырка түрмесіне жабылған 1937 жылдың 26 шіл­де­сіне дейін Әлихан осы ісін доғармай жал­ғастыра берді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: