Бейсенбі, 09 мамыр, 23:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

«Ұстазды алыстан іздемедім»

29.06.2023

9747 0

Бойда бар талантты тану, таныту ерлікке пара-пар әрекет. Оған күш-жігер мен ақыл-білімнің қосар үлесі де зор. Сондықтан болар, қоғам таланттан таным биігін, сана тереңдігін күтеді. Сыр өңірінде осы өлшемге лайық азаматтың бірі – Нұрмат Мансұров. Айтыс өнеріне өзіндік қалдырған Сыр перзенті талай додада ел абыройын асқақтатып келеді. Жуырда сан саланы бойына тоғыстырған өнерпазбен сұхбаттасып, түрлі тақырыпта ой бөлісудің сәт туды.

– Нұрмат Абдоллаұлы, сізді жұртшылық дарынды ақын, қарымды журналист, іскер басшы есебінде таниды. Аймақтың рухани-мәдени әлеуетіне қосқан үлесіңіз де мол. Осы орайда әңгімемізді бекзат өнерді таңдау тарихыңыздан бастасақ…

– Әркім ақындық жолға әрқилы жолмен келеді. Менің тағдыр-талайыма бұл бақыт әулетімнен дарыған секілді. Себебі ақындық қанымда бар. Мансұр атам сөз қонған дарын еді. Өз ағаларым да өнерден кенде болмады. Мысалы, қара шаңырақтағы Бағдат Есназаров деген ағам елге белгілі ақын. Көптеген сөз додасында алдына қара салмай, зиялы қауымның көзіне түсті. Ақындардың қаласына айналған Алматыдан тәуір қызмет, жақсы жалақы да ұсынған сәттері болған екен, Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тұрмыс ахуалы ауылға байлап, аға туған өңірде қалды.Сондықтан, ақындық өнерді таңдауыма көрген өнеге түрткі болды.

Бала кезімнен айтысқа құмарттым. Ауылдағы ақсақалдармен бірге айтыс тамашалауға ынтам ауып, ойын баласы болсам да ойлы азаматтарға жақын өстім. Ұстазды да алыстан іздегенім жоқ. Бағдат ағамның өлең-жыр жаттатып, өнеге беруі өрісімді кеңейтті. Шайтұрсын Әбдібаев, Жұмабек Әлиев, Дүйсенбек Аяшұлы, Шаһизада Әбдікәрімов секілді ағалардың ықылас-пейілі, жол көрсетуі де сеп болғаны анық. Әрине, бірден жолға түсіп, жосылып кеттім демеймін, жанашыр жақсы адамдардың ақыл-кеңесімен бағыт түзегеніміз рас.

– Соңғы уақытта айтыс өнерін жаттанды ой, келісімді сөздің ортасына айналып бара жатыр деген пікір бар. Осы орайда бүгінгі айтыс шынайы суырыпсалма өнер ретінде құнын жоғалтып бара жатыр деп ойламайсыз ба?

– Шыны керек, мұндай әңгіменің бары рас. Жалпы Расында, сурыпсалма айтыс – ең құнды ақындық қасиет. Суырыпсалмалық дәстүрін ұстану маңдайға біткен бақпен тең. Ақын болып танылу айтыспен егіз, екеуі қатар дамыған, бірінсіз бірі жоқ. Бұл халқымыздың тұрақты баспасы, мектебі жоқ көшпелі өміріне сәйкес орнығып қалыптасқан. Кезінде айтыс ақындарының бас қосып, шаршы топ алдында сөз бәсекесіне, өлең жарысына түсуі көпшіліктің көңіл көтерер нысанынаайналған. Мұның небір тамаша үлгілері көптеген айтысты мысалға келтіруге болады.

Расында, сурыпсалма айтыс – ең құнды ақындық қасиет. Суырыпсалмалық дәстүрін ұстану маңдайға біткен бақпен тең. Ақын болып танылу айтыспен егіз, екеуі қатар дамыған, бірінсіз бірі жоқ. Бұл халқымыздың тұрақты баспасы, мектебі жоқ көшпелі өміріне сәйкес орнығып қалыптасқан. Кезінде айтыс ақындарының бас қосып, шаршы топ алдында сөз бәсекесіне, өлең жарысына түсуі көпшіліктің көңіл көтерер нысанынаайналған. Мұның небір тамаша үлгілері көптеген айтысты мысалға келтіруге болады.

Айтыс «тірі өнер» болғандықтан, халық шаппа-шап сөз барымтасын көргісі келеді. Мұндай талап пен талғам орынды екен анық. Дегенмен, әр ақынның әлеуеті сан түрлі. Бірі бұл тұрғыда алға озса, бірінде бұл қасиет кемшін. Алайда суырыпсалма деңгей ақынды аласартпауы тиіс. Арнайы дайындалып айтылған сөздің де мән-маңызы жоғары. Алдын ала өлшенген ой суырыпсалма сөзден жинақы әрі толымды болуы да ықтимал. Сондықтан, айтыскердің қалай айтқанына емес, не айтқанына мән беру қажет. Бастысы – өз сөзі болса, жеткілікті.

Мұны айтыс тек дайын сөзге құралады деп түсіну қате. Айтыскерлер арасында таза таланттар баршылық. Суырыпсалма айтыстың да, дайын сөз орайын да орайын қиыстыратын өнерпаздар көп. Әсіресе, жас буынның жігері, саф өнерге деген риясыз көзқарасы бекзат өнерді алға оздыратынына сенемін.

– Өзіңізге мәлім, айтыс көпбағытты. Құлмамбет, бәдік, қыз бен жігіт, жұмбақ айтыс секілді сан алуан түрі бар. Бүгінде айтыстың өзге бағытының кенже қалуына не себеп?

– Қазір сүре және қыз бен жігіт айтысы танымал. Бұл көрерменнің талғам таразысының нәтижесі болар. Әйтпесе, айтыстың өзге бағытын шашау шығармай халыққа жеткізе алатын ақындар жетерлік. Кезінде Серік Қалиев, Бекұзақ Тәңірбергенов сынды марқасқалар түрлі жанрды жандардырды. Оған халық куә.

Дегенмен заман озды, уақыт өтті. Сұраныс аз болған жерде өнер ақсайды. Сондықтан,  айтыстың өзге саласының кенже қалуының бірден-бір себебі көрермен жоқтығынан дер едім.

– Ұзақ жыл журналистика саласында еңбек еттіңіз. Ақындық пен тілшіліктің нендей ұқсастығы бар?

– Журналистика мен ақындықтың ұқсастығы – ортақ мүдде жолындағы қызмет. Себебі, қос тарап та қоғамның мұң-мұқтажын көтеріп,оның шешілуіне ықпал етеді. Екеуі де сөз майданының жауынгерлері іспетті. Ұлттық, мемлекеттік бағыттағы ой кеңістіктің еркін қырандары. Үнімен халықты оятуға, қоғамдық ой-сананы қалыптастыруға жетелейді. Ақындар өлеңмен бұқараның сөзін айтса, тілшілер ақпаратымен халық көзін ашады.

– Аймақтағы шығармашыл жастарды қолдау көңіліңізден шыға ма?

– Бүгінде жастарды жан-жақты қолдау жөнге келді деуге болатындай. Оны өнер саласынан-ақ аңғару қиын емес. Мысалы, біздің кезімізде оқушылар айтысы дегенді көп естімейтінбіз. Болса, некен-саяқ. Ал қазір әр өңірде оқушылар айтысы ұйымдастырылып, арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Әр ауданда жастар белсенді, өзіндік ой-пікірін ашық білдіруге құмар. Яғни, еркіндік сезіледі.

Аймақта да мұндай жұмыс жалғасын табуда. Жастар айтысын айтпағанда, ұлттық дәстүрді, экономикалық ілгерілеуді дәріптеген шаралар легі толастаған емес. Сондықтан жастар мәселесі мемлекеттің басты  назарында. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да ерекше. Біршама уақыт бұрын «Сыр жастары» сынды жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы және қаладағы бос жұмыс орындарын ұйымдастыру ісі қолға алынды. Осы сынды жүйелі жұмыстар мәдениетті ғана емес, шығармашылық жастарды қолдауға таптырмыс мүмкіндік екені даусыз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: