Халқымызда «Ел үмітін ер ақтар» деген сөз бар. Шынтуайтында елдің үміті – азаматқа артылған сенім. Ал сенімге селкеу түсірмей үміт үдесінен көріну әрбір азаматтың тұлғалық қасиетін танытады.
Газетіміздің «Депутат мінбері» айдарының келесі кейіпкері – қалалық мәслихат депутаты, «Bastau-S» ЖШС төрағасы Нұрлан Тұрғанбаев. Ел сенімін арқалап, депутат мінберіне көтерілген азаматтпен ашық сұхбат барысында сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асып жатқандығы, сайлаушыларға берген уәделердің орындалуы жайлы егжей-тегжейлі әңгіме қозғадық.
– Депутаттық мандаттың міндеті қандай? Алғашқы сауалды осыдан бастасақ…
– Депутат ол – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Депутат болу тек халық қалаулысы деген атақ емес, ол елге деген құрмет, білім мен тәжірибе, көпшілік үшін еңбек ету деген сөз. Біздің күнделікті өмірімізде жетістіктермен қатар толық шешімін таба алмай жатқан мәселеде аз емес. Сондықтан әлеуметтік мәселелер, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты жою жайы халық қалаулыларының үнемі назарында екенін айтқым келеді. Бұл міндеттерді абыроймен атқару – депутаттың парызы. Билік тармақтарының алдында тұрған ең басты мақсат мемлекетімізді одан әрі нығайту болып табылады.
– Халық қалаулысын қоғамда не алаңдатады?
– Алаңдатарлық мәселе баршылық. Қазіргі кезде басты мәселе індет болып тұр. Халықтың індетке деген немқұрайлығы. Қауіпті індеттің ендігі тізгіні тұрғындардың өз қолында деп айтар едім. Төтенше жағдай режимі аяқталса да карантиндік шараларды сақтау, осыған дейінгі тәртіп пен талапты орындау өте маңызды екенін елдің түсінуі қажет.
– Өзіңіз сайланған аумақ ахуалы үшін не маңызды? Мәселенің қандай шешу жолдарын қарастырдыңыз?
– Маған «Шанхай» мөлтек ауданының Бейбітшілік көшесінен темір жолға дейінгі аумағы қарасты. Қазіргі таңда тұрғындардың талап-тілектеріне байланысты аймақты абаттандыру, жарықтандыру және жол мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті депутаттық сауалымды жолдап, оның шешілу жолдары қарастырылуда. Тұрғындарды алаңдатқан басты мәселе темір жол вокзалынан «Шанхай» шағын ауданына қарай өтетін жаяу жүргіншілер көпірі, Қаржаубаев көшесін жарықтандыру мен жол жайы болып тұр.
– Сайлауалды бағдарламаңызда қандай бағытқа басымдық бердіңіз?
– Сайлауалды бағдарламада қамтылған «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Кедергісіз келешек», «Жастар Отанға!» және «Халыққа көмек» жобалары аясында өзімнің нақты бағдарламамды қала тұрғындарына ұсындым. Қазіргі таңда бағдарламамды жүзеге асыру үшін жұмыс жасаудамын. Мен бағдарламадан бөлек халықтың игілігіне жарамды істер ауқымын атқара берем деп ойлаймын.
– Жастардың бойынан қандай қасиетті көргіңіз келеді?
– Мағжан Жұмабаев айтқан сөздің биігі ешқашан аласармақ емес. «Мен жастарға сенемін!» деп ел ертеңінің жарқын болашағына үлкен үмітпен қарап кеткен. Біздің болашағымыз білімді де талантты жастардың қолында. Қазақтың әрбір баласы ана сүтінен нәр алып, ана тілінен қуат алып өсуі керек. Өз тілін жетік білген жан ұлттық салт-дәстүрді, рухани байлықты, өнер мен мәдениетті бойына сіңіріп өседі. Ондай адамның діні берік, ділі мықты болады. Жастарымыз ана тілін жетік меңгеріп, заман талабына орай білім мен мамандықты игеруге, бірнеше шетел тілін меңгеруге тынбай ұмтыла беруі қажет. Жастардың білім алуына қазір мемлекет жағдай жасап отыр және жастар да болашақта өз елінің дамуына үлес қосып, Қазақстанның отансүйгіш азаматтары болуға тиіс.
– Кімнен биіксіз, кімнен аласасыз?
– Ешкімнен биік емеспін, бәріміз халықтан аласамыз.
– Өмірлік мақсатқа жету үшін не істеу керек?
– Бұл дүниедегі әрбір адамның өз армандары болады, соған жетуді мұрат тұтады. Арманға жету үшін ең алдымен мақсат қоя білу керек. Ал мақсатты орындау үшін талпыныс, қажымас қайрат, табандылық пен шыдамдылық, ұмтылыс қажет.
– Қоғамдық көлікке жиі мінесіз бе?
– Қоғамдық көлік қала ішінде уақытылы жүріп, елдің қажетіне жарап тұрғанын атап өту керек. Қазір қоғамдық көліктің жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды деп айтуға толық негіз бар. Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен де арнайы көлік қатынасы артып отыр. Көп мінемін деп айта алмаймын. Көбіне өзімнің жеке көлігіммен жүремін.
– Халық қалаулысы ретінде елге есеп бересіз. Азамат ретінде өзіңізге есеп бересіз бе?
– Әрбір азамат «не істедім, не істеуім қажет?» деп өзіне есеп береді деп ойлаймын. Әрине, өткен күніме сәл шегініс жасап отырамын. «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ» деген халық тәмсілі тегін айтылмаса керекті. Өткен күндерді ой елегінен өткізіп, келешек жоспарларды бағамдап тұрамын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!