Бейсенбі, 21 қараша, 11:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Шынар Жанысбекова: Аяқтан шалу – өзіне сенімсіз адамның әрекеті

12.12.2023

28164 0

Театр – адам жанына рухани ләззат сыйлайтын мекен. Ондағы әлем ерекше, тылсым күйге бөлейді. Ал сахна төріндегі актер шеберлігі көрерменді қойылым ішіне енгізіп, оқиғаны өне бойыңнан өткізеді. Қайсыбір өнер саласы болмасын адам жанын емдеуші күш десек, оның ішінде театрдың алар орны бір төбе. Жақында Сыр өңіріне М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры гастрольдік сапармен келген еді. Бес күнге созылған сапар барысында Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында М.Әуезовтің «Қаракөз», Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі», А.Володиннің «Қоштасқым келмейді», А.Құнанбаевтың «Қара», Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» спектаклі қойылды. Осы орайда театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрермен көзайымы Шынар Жанысбековамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Сізді көпшілік театрдан гөрі телевизия арқылы жақсы таныды десек артық болмас. Оның ішінде «77 күн» бағдарламасы арқылы көрерменнің көзайымына айналдыңыз. Одан бері де біршама жыл өтті. Қазір отандық бағдарламалардан да, кинодан да жиі  көрінбей жүрсіз. Киноәлеміндегі көрермендер са­ғынған сияқты…

– Дұрыс айтасыз, менің та­нылуыма Серік Абас-шахтың «77 күн» бағдарламасы үлкен әсер етті. Ол кезде жаспын. Жалпы телевизиялық бағдар­ламаларға көп шақыр­ту ала­мын. Тіпті тележүргізу­ші болуға да ұсыныс түс­кен. Алайда сол «77 күн­ге» түскенде жана­шыр ұстаздарым теледидар­дан көп көріне берме деп кеңес беретін. Бет-әлпетіңді сақта, жиі көріне берсең алдағы уақытта үлкен кинодан не басқа да ауқымды жобалардан шет қаласың деп ақылын айтты. Менің негізгі мамандығым театр және кино актрисасы ғой. Сол себепті кинодан көрінгенді құп көріп, біраз ұсыныстан бас тартамын. Отандық кино, сериалдарға түсуге шақырады. Бірақ ішінен саралай отырып көңілге қонымдысын таңдаймын.

– «Театр деген не?» деген сұраққа қысқаша қалай жауап берер едіңіз?

– Театр – адам жанын рухани байытатын өнер ордасы. Бірақ оған да лайық болу керек.

– Өнер саласында жүргеніңізге 30 жылдан асыпты. Театрдағы аға буын өкілісіз. Салада қазір қандай өзгеріс, тың дүниелер бар. Бүгінгі театрдың әттең-айы бар ма? Бір сұхбатыңызда «өнерді қайта жаңғырту керек» депсіз…

– Біздің кезімізде өнер саласына, оның ішінде театр актерларына қойылатын талап өте жоғары еді. Театрдағы көркемдік кеңес мүшелерінің үлкен сынынан өтетін едік. Одан біздің буын жаман болған жоқ. Өстік, шыңдалдық. Мысалы, мен театрға келгенде 3 жыл бойы ешқандай рөл сомдамадым. Ал қазір бәрі керісінше, қолжетімді, оңай дүниеге айналған. Бүгінде театрға келген жастарға бірден басты рөл беріледі. Соған масаттанады. Тіпті дайындықсыз, асығыс-үсігіс қойылым болар кезде келеді. Себебі басқа жерде қосымша жұмысы бар. Мұны өнерге деген немқұрайдылық деп айтар едім. Жалпы елімізді әлемге танытатын өнер. Халқымыздың өнері, мәдениеті арқылы болмысымызды таниды. Сондықтан өнер адамын дайындайтын оқу орындарына жауапкершілік қажет. Өз басым өнер саласындағы ақылы оқу дегенге қарсымын. Қазіргі жастар әртіс болуды құрмет, қошемет, танымалдылық, қызыл кілем деңгейінде қабылдайды. Ақылы оқуға ақшасы бар, өнерге қызыққан кез келген адам түседі. Ал нағыз тума талант тасада қалуы мүмкін. Ауыл-ауылды аралап, табиғи таланттарды тауып оқыту қажет. Олардан тұлға қалыптастыру керек деп ойлаймын. Мені тағы бір қынжылтатыны – өнердегі «менің оқушым» деген сөз. Себебі оқушысына рөл бергісі келеді. Театр басшысының оқушысы болады. Сосын оқушылар жүреді «бұл жерде менің ұстазым бар» деп. Театрда басты кейіпкерді ойнатуға болмайтын актерлар болады. Бірақ ол оқушысы болғандықтан ойнайды. Осыдан соң талғам төмендейді. Қойылым көруге келген көрермен де сол деңгейде қабылдайды. Дегенмен талантты адам түбі жарып шығады. Өнерді шын сүйген адам бәрібір ізденеді, еңбектенеді, ыстық-суығына төзеді. Мен жұмыста өзіме қандай талап қойсам, қойылымдағы серіктесімнен де соны талап етемін. Мейлі менің буынымдағы актер болсын, жас болсын ол үнемі ізденісте жүруі, бабын сақтауы, білімді болуы қажет. Бірақ бәрін бірдей жаман деп айта алмаймын. Театрға келген 5 актердің ішінен бір-екеуі ерекшеленіп шығады ғой. Оларға үнемі тілектестігімді білдіріп, қажет жерінде ақыл-кеңесімді айтамын. Бір қуантатыны, қазір театрлар классикалық жанрға қайта бет бұрып, оның ішінде М.Әуезов шығармаларын сахналауға басымдық берген. Жақында Евгений Вахтангов атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық театрының режиссері Гүлназ Балпейісованың М.Әуезовтың «Қаракөз» спектаклін тамашаладым. Сонда ондағы актерлардың ізденісіне, түрлі образ жасаудағы шеберліктеріне қызыға қарадым. Біздегі ақсап тұрған тұс – осы. Бұдан бөлек тіл тазалығын сақтау қажет. Мұны оқу орнында үйрету тиіс. Қазіргі көп актерда осы кемшілік бар.

– Қазіргі қоғам ру­хани бос, жалаңаш қо­ғам деген пікірмен ке­лісесіз бе? Театрға ке­летін көрермен көп пе?

– Қазіргі таңда бізді рухани аздыра­тын әлеуметтік желі­ге әуестік ғой. Кей­де осы біз қазақы бол­мы­сы­мызды жо­ғал­тып алмадық па деген ой келеді. Біз өзіміз­ді, ұлтымызды жет­кілікті деңгейде баға­лай алмай жүр­міз. Қа­зақы болмыс дар­хан көңіл, кең пейі­лімен ерекше ғой. Осыны ба­ғаласақ екен деймін. Ал театр­ға, рухани азық алуға, демалуға келетін кө­рермен көп деп айта аламын. Тепе-теңдікті сақ­тау керек сияқты.

– Бүгінгі күнге дейін қанша рөлде ойна­дыңыз? Оның ішінде жаныңызға жақынын атап өтсеңіз…

– Осы кезге дейін көп­теген рөлді сомдадым ғой. Берілген рөлді өзіңе жақын ету керек дер едім. Себебі саған берілген кейіпкердің бейнесін көрерменге жеткізу қажет. Бақытыма орай, мықты режиссерлармен жұмыс істедім. Қайсыбір шығарма кейіпкерін сомдасам да жаныма жақын санаймын. Дегенмен халқымыздың ұлы ақыны туралы «Абай» спектакліндегі Ажар, Мұстай Кәрімнің трагедиялық «Ай тұтылған түнінде» Шапақ, 15 жылдан кейін осы туындыдағы Таңқа-бикенің рөлін ерекше айта аламын. Көп рөлді ойнау мақсат емес. Одан өспейсің. Менің тіпті кей спектакльде ойнамаған кездерім болды. Өйткені оның жаныма жақын емесін түйсігіммен сеземін. Мықты режиссерлармен жұмыс істегім келеді.

– Өнердегі бәсекелестікке қалай қарайсыз?

– Бәсекелестік жақсы жағынан болуы керек. Театр – таланттылардың тайталасатын алаңы дейді. Өнерді терең түсіну керек. Саған бұйырған дүние қалай болса да сенікі болады. Тіпті өнер адамдарының шығармашылық жолында кездескен кедергілер де, көре алмаушылық, қызғаныш әрекеттер де актердің өсуіне, қалыптасуына ықпал етеді. Мен бала кезімнен шығармашылық адам­дарының өмірбаяны туралы кітапты көп оқитынмын. Мысалы, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлованың тағдыры жазылған кітапты оқыдым. Байқасам, халықтың көзайымына айналған мықты деген актерлардың қайсыбірінің өмірі оңай болмаған. Сондықтан аяқтан шалу өзіне сенімсіз адамның әрекеті деп ойлаймын. Нағыз таланттар, өнерді сүйгендер әрқашан бір-бірін қолдап, көтермелеп жүреді. Өзінен мықты талантты көрсе оған тамсанып, қанаттанады. Оның әрбір қойылымын жібермей көреді. Оң бағасын береді. Өзіне керегін алады.

– Өзіңіз айтқандай, сұлулығыңыздың сыры – жаныңыздың тазалығында екен. Жүректі таза ұстау үшін не істеу керек?

– Жүректі кірлетпеу үшін адам шүкіршілігін арттырып, мейірімді, жаман әдеттен, қызғаныш, көре алмаушылықтан ада болуы, адами қалпын сақтап, ұсақталмауы керек. Жанын таза ұстаған адам өмір сүрудің рахатын сезінеді. Әрбір сәттің құнын біледі. Құндылығын арттырады.

– Өнерде талапшыл екенсіз. Өмірде, отбасында қандай жансыз?

– Өмірде еркін, қарапайым жанмын. Отбасымда еркемін. Жолдасыма, балаларыма еркелеймін. Мен сахна­да ғана әртүрлі бейнеге енемін. Көбісі өмірде қарапайым екенсіз ғой деп таңғалып жатады. Халық арасында табиғи қалпымда жүремін.

– Өмірде өкінішіңіз бар ма?

– Жоқ. Еш нәрсеге өкінбеймін. Құдай не нәрсені бұйыртса соған разымын.

– Бүгінгі Шынар Жанысбекованың қандай арманы бар?

– Отбасым аман, балаларым жақсы адам болып, өмірде өз орнын тапса деймін. Әдемі қартайғым келеді. Өнерде, кино саласында нағыз қазақ әйелінің бейнесін сомдағым келеді. Немере, шөбере, тіпті арғы ұрпағыма дейін менің әжем деп мақтанатындай тарихта ізім қалса деген арманым бар. 

– Сіз үшін өмірде басты құндылық не?

– Адам атына лайық болу. Адами құндылықты сақтау.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.Сейіл

Суретті түсірген Н.Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: