Сенбі, 27 сәуiр, 12:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Бауыржан Қаптағай, актер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Қызымды өнер жолына жібермегеніме өкінемін

20.12.2023

12490 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Бұл – театр актері Бауыржан Қаптағайдың сөзі.

         Сыр еліне ат басын бұрған қазақтың көптеген отандық телесериалдары мен фильмдеріне түскен, сахнада өнер көрсеткен танымал театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Бауыржан Қаптағай жақында Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрымен бірге гастрольдік сапармен Сыр өңіріне келді. Осы сәтті пайдаланып, театр тарланымен сұхбаттасқан едік.

– Аға, алдымен өзіңіз туып-өскен туған жер, өскен орта туралы айтсаңыз…

– Мен 1954 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, 19 партсъездегі таулы шың Хан тәңірінің түбінде дүниеге келдім. Әке-шешем орта шаруа адамдары болды.  

– Өнер жолына қадамыңыз қалай басталды?

– Негізі мен ұшқыш болуды армандадым. Кейін медицинаға барсам ба деп ойладым және тағы да басқа сала маманы болғым келді. Бірақ сол мектеп оқып жүргенде өнер жағына көп араластым. Яғни ән айттық, Мұхтар Әуезов­тің «Сарын» деген пьесасын 8-9 класста ауылға қойдық. Содан уақыт өте өнер жолына келдім.

Бірақ мен кейінірек келдім. Себебі мектепті бітірген соң әскерге бардым. Одан келген соң жол апатына ұшырадым. Кейін 1976-1980 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино инсти­тутын бітіріп, 1980 жылы Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры­ның актерлік құ­рамына қабылдандым. Белгілі актер Асқар Тоқпанов, Асанәлі Әшімов және Нұрмұхан Жантөрин осы үш кісіден сабақ алдық.

– Өнер – киелі. Бұл кез келген адам үйреніп не оқып алатын мамандық емес. Ең алдымен Құдайдың берген таланты болуы тиіс. Осы пікірмен келісесіз бе?

– Өнерге келгеннен кейін өз ішкі ойыңмен таланттымын деп келесің. Бұл енді таланттысың ба, жоқ па әйтеуір, адамның өзі армандаған дүниесі ғой. Десе де бір жақсы қағида бар. Ол – еңбек 99 пайыз, оның 1 ғана пайызы талант. Қандай мамандық болса да барлығы осы еңбекке байланысты. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген. Еңбек етсең үлкен дүниелерге жетуге болады. Жалпы өзім мен бұл салаға актер болсам екен деп армандап келдім.

– Сіздің ойыңызша сахна мен кино әлемінде қандай ерекшеліктер бар?

– Ерекшелік көп деп айтады. Дегенмен кино әлемін ұстап жүргендер театрдың актерлері. Оны мойындау керек. Киноны көтеріп жүрген  қыз-жігіттер сол театр мектебін оқығандар. Сонау заманнан бері Қыз-Жібек, Шоқан Уәлиханов тағы да басқа рөлдерді сомдаған Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков ағаларымыз, тіпті кейінгі  кезде киноға түсіп жүрген жас жігіттердің барлығы осы театр мектебін бітіргендер.

Жалпы театр мен кинода айырмашылық бар. Мәселен, адам театрда спектакльді нашар ойнап қалса немесе өзің қалағандай болмаса оны кейінгі қойылымда түзетіп алуға, жақсырақ ойнауға болады. Ал сериалға түскенде сағат таңғы 4-те барасың, күндіз-түні түсірілімде жүресің. Кейде түнгі 1 де аяқталса, енді бірде таң атқанша жұмыс істейсің. Міне, осындай қиыншылықтары болады. Бірақ өнерге келгеннен кейін қиыншылықты айта беруге болмайды. Өйткені ол өзіңнің таңдаған мамандығың, соның арқасында нан жеп, отбасыңды бағып және балаларыңды киіндіріп отырасың. Сондықтан іштей қиыншылық болса да сыртқа білдірмеу керек.

– Сіздің жаныңызға театр сахнасы жақын ба, әлде кино әлемі ме?

– Мен негізі театр актерімін. Өзімді ешқашан кино актерімін деп есептемеймін. Оқу бітіргенде бізге театр және кино актері деп бөледі. Біз киноға көп түсе бермейтін қазақпыз. Енді шақырған жерге барасың, түсесің. Бірақ театр өзіме жақын. Себебі театрда жүргеніме 43 жыл болды.

– «Кино ұлтты тәрбиелейді» деген сөз бар. Кейінгі кездері түсіріліп жүрген қазақ киносына көзқарасыңыз қалай?

– Шын мәнінде жамандауға болмайды. Қазір жақсы режисерлар шықты. Енді олар бірден үлкен нәрсені жасауы мүмкін емес. Ол театрда да сондай, қандай мықты талантты режиссер болсаң да бәрі бірден бола қоймайды. Өздеріңізге белгілі, кино саласы кішкене артта қалып қойды. Бұрынғы мықты  режиссерлар кетіп қалды ғой, бірақ Құдайға тәуба қазір жақсы режиссерлар шықты. Олардың ойы бөлек, мына заманға байланысты түсіру, заманның кемшілігі мен артықшылығы соның барлығын  ойластырып жүрген жігіттер. Қазір мен кішкене болса да әр режиссермен жұмыс істеп жүрмін. Соларға көңілім толады. Жақында жаз бойы Таллинде түсірілімге бардым. Онда Қырғызстанның Руслан Акун мен Эстониядан Артур есімді режиссерлармен жұмыс істедім. Осы Қырғыз режиссерлары қазақ актеры мен режиссерларын көп мойындайды. Тіпті қазақтың режиссер, актерларымен сұхбаттасып, бірге жұмыс істесем деген ойға келеді екен. Сол себепті кино мәселесін айта беруге болмайды деп ойлаймын. Қазір жаман емес, түрлі жанрда жастарға үлкен сабақ болатын бірнеше сериядан тұратын сериалдар түсірілуде.

– Өзіңіз сомдаған рөлдердің ішінде ұнамайтыны бар ма?

– Ондай мәселе болмауы мүмкін. Қанша адам жақсы немесе жаман ойнасаң да өзіңе берілген рөл міндетті түрде өзіңнің ішіңнен шыққан балаң секілді болады. Тіпті үлкен, кіші рөлдің өзін сомдау да балаң сияқты, оны айтып жеткізу мүмкін емес. Актер ретінде мен айта алмаймын. Мен қанша жаман ойнасам да, оны тек халық қана сынап айта алады. Енді біреуі түсінбей ойнаса, келесі адам түсініп ойнауы мүмкін. Бірақ осы жердегі басты мәселе – адам  өз ісіне міндетті түрде адал болуы керек.

– Кейіпкеріңіздің тағдыры сіздің өміріңізге әсер еткен жағдайы болды ма?

– Актер адам таңдамайды. Ол өзіне қандай рөл берілсе, сол дүниені міндетті түрде ойнауы керек. Соның ішінде әр рөл адамның өміріне әсер етеді. Мәселен, бір кісілер «Мен Мұқағалидің өлеңін оқып, содан жазылдым» деп айтады. Сол секілді сахнаның да өз құдыреті бар. Кейде ауырып келсең, ауруыңды жазып, ұмыттырып жібереді. Бұл әр актердің басында болады. Тіпті 40-45 градус болып тұрып сахнаға шықсаң да өзіңнің жазылғаныңды білмей қаласың, бірақ артынша сол ауруыңмен қайта ауруың мүмкін. Менің ойымша әр жасаған дүниең, ойнаған рөлің өміріңе тікелей әсер етеді. Бұл – керемет нәрсе. Актердің бақыты деген сол.

– Сіз бүгінге дейін бірнеше киноға түсіп, түрлі образды сомдап келесіз. Соның ішінде «осы бір рөлді мен сомдауым керек еді» деген кездер болды ма?

– Әрине, үлкен рөл ойнасам деп армандайсың. Мен ондай үлкен рөлге түскенім жоқ, бірақ Әлихан Бөкейхановты ойнадым. Бірақ соны әрі қарай жалғастырып түсірсе екен деген ішкі ойым болды, алайда оған қаражат мәселесі шешілмегендіктен жалғасы түсірілмеді. Кейін енді түсіріле жатар, мен түсем бе, әлде басқа адам ба, әйтеуір соны қазақ баласы әрі қарай жалғастырып түсіреді деп ойлаймын. Арман деген театрда  да көп. Алайда жасым 70-ке келгендіктен армандаудың қажеті жоқ. Қазір Қозының рөлін немесе Шоқан Уәлихановты сомдаймын деп айтпаймын ғой. Адам әр рөлден көп нәрсе үйренеді. Мәселен, жүріс тұрысыңа, мәдениетіңе, сөйлеу мәнері мен үй-ішіңе және балаларыңа көп тәрбие береді. Яғни тәрбиелік мәні зор.

– Ұсынған рөлден бас тартқан кезіңіз болды ма?

– Ондай болмайды, мүмкін емес. Ондайды естігенім жоқ. Енді біреулер шамасы келмей немесе болмысына қарап «осыны мен орындай алмаймын, таяқ жеп қаламын-ау» деп айтуы мүмкін. Алайда берілген рөлден бас тарту деген ол актерға жараспайды. Егер қолдан келмесе оны алдымен режиссер қарайды «кешіріңіз, сіздің қолыңыздан келмейді екен, сіз бәлкім, мына рөлді аларсыз» деген әңгімелер болуы керек. Ал актер ретінде мысалы, маған Әл-Фарабидің рөлін берсе мен міндетті түрде күні-түні жақсы жағына қарай шығаруға ұмтыламын.

– Түсірілім барысында  қызықты оқиға болды ма?

– Қызықты оқиғалар көп болады. Соның ішіндегі ең қызығы көлемді мәтіндер беріледі ғой, содан мен мысалы, адаспай жаңылмай айтып шықсам, екінші адам жаңылса бар ғой, бітті үшінші адам да жаңылады. Ал біліп тұрған менің өзім де жаңылуым мүмкін. Ол өзі сондай дүниелер ғой. Тіпті ұйықтап қалған кездерім де болды. Алғаш «Ақырғы аманат» киносының түсіріліміне барып түстім, ол кезде маған он күндей түсесіз деді. Мен оны түсінбей, сол түсірілім болған күні Алматыға жүретін бір машина тұр екен, соған мініп кетіп қалдым. Ал түстен кейін съемка болатын болған. Ол кезде телефон жоқ, менің үйімді әрең тауып, «Сіз не деген адамсыз?» деді, мен «қайдан білейін бір рет түскеннен кейін съемка аяқталды деп ойладым. Он күн дегеніңді қайдан білейін, дайын тұрған көлікке міндім де, кеттім» дедім. Ол кезде ассистенттер ескертіп айтпаған, содан осындай дүниелер болды. Жалпы бұл киноға мен емес, Құман Тастанбеков түсуі керек болған. Ол Қырғызстанда болғандықтан,  Амангелді Тәжібаев деген кісі аяқасты мені түсірді. Айта берсең қызық әңгімелер көп.

–  Өнер жолында жүрген жастарға қандай кеңес бересіз?

– Батыр, батыл болу керек. Өнер жолы деген өте қиын. Бұдан адам бір ақсаса солай кетеді. Сондықтан ақсамауға тырысу керек.

Қазіргі заманауи актерлар дейміз ғой, міне, солардың ойнауы, сөйлеу мәнері де бөлек. Олар тез ойланып, шешім қабылдап және жылдам жауап береді. Негізі актер деген қызық қой, түрлі образда ойнай алады. Жастарға айтарым, еңбексіз ештеңе болмайды, ол қатып қалған қағида. Тек қана еңбектену керек.

Бұрын менің кейбір достарым «Қойшы сахнаға сөзіңді жаттап шығасың да, айта саласың» деп айтатын. Сол кезде кішкене ызаландым да достарымды репитицияға алып келдім. Сонда досым қарап отырып, артынан шыққаннан кейін «мынау сұмдық екен» деді. Тіпті бізге «сенің талантың жоқ», «дарынды емессің» деген секілді қаншама сөз айтылса да шыдаймыз. Әлі күнге дейін жұмыс істегеніме 43 жыл болса да, сахнаға шыққанда қобалжу болады. Әрі қарай сахнаға шығып қойылым басталғанда жаңағының барлығы қалады. Сахна деген құдірет қой. Сол үшін жастар қызығып емес, ойланып келу керек. Егер өнер жолына түсті ма, онда аяғына дейін жүруі қажет. Өнер жолы деген қиын жол.

– Балаларыңыз өнер жолын таңдаса қалай қарайсыз?

– Балаларымды өнер жолына жібермедім. Бірақ қызым өмір бойына өкінішпен келеді. Себебі ол театр институтына түскісі келді, мен қарсылық таныттым. Қыздың жолына өте  ауыр дедім. Дегенмен режиссер мамандығы мен журналистика саласы бойынша бітіріп, Астанада бас режиссер болып жұмыс істеді. Кейін күйеубаламен бірге Қырғызстанға кетті. Бірақ қызым бұл саладан қол үзбей бірнеше сериал түсірді. Егер ол жақта жұмыс табылмайтындай жағдай болса, Қазақстанға келіп жұмыс істеуі мүмкін.

Жалпы қызымды өнер жолына жібермегеніме іштей өкінемін. Ол әлі күнге дейін «сіз неге мені жібермедіңіз» деп айтады. 90 жылдары адамдарда көңіл-күй жоқ, қаражат та жоқ, үйге жаяу барып-қайтатын едік. Ал театр залында арасында тек қана 10-15 көрермен отыратын. Бір жағынан, театрда қыздардың жолы өте ауыр болатын. Мысалы, театрда он еркек болса соның біреуі ғана актриса үшін болатын. Тіпті театр деп жүріп, мүлде отбасын құрмай, бала сүймей өкінетіндер бар. Осының  барлығын ойлап жібермедім. Кейін мықты актриса болатын еді деп ойлап қоям. Өйткені қызым өзіме ұқсаған. Әрине, қазіргі таңдаған мамандығынан жаман болмаса да, театрды қызығып айтады. Дегенмен менде өкініш бар.

– Сұхбатыңызға рахмет, аға!

Сұхбаттасқан

 Нәзира Мұқатаева

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: