Сейсенбі, 24 желтоқсан, 04:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Нардың жүгін арқалаған нәзік жандарға тілекшімін»

25.03.2021

13457 0

Қазақтың қайреткер қызы.  Қазақтың жанашыры. Еңбекқор, адал. Алмагүл Божанованың есімі аталса, ол туралы осындай пікірлерді естиміз. Ол мұндай құрметке қалай жетті? Ол келе жатқанда елдің тікесінен тік тұрып құрмет көрсетуінің сыры неде? Әңгімелесе келе мұның сырын ұққандай болдық. Ол елге адал қызмет етуді мақсат еткен. Елмен бірге қиналғанын, бірге қуанғанын айтқанда жайбарақат тыңдай алмайсың. Қуаныштан жанары бірде жалт-жұлт етіп, бірде жасаурағанда бірге қобалжыдық, бірге қуандық. Сұхбаттың түйіні – ол бақытты адам.

Бұл әйелдер мерекесіне, тіпті өзінің мерейтойы қарсаңына арнайы әзірленген сұхбат емес. Тәуелсіздіктің мерейлі жылында баға жетпес егемендікті сақтап қалуға үлесімді қосамын деп, ерлермен бірдей еңбек еткен нәзік жанмен, ең бастысы, бақытты адаммен әңгімелескіміз келді…

– Әр адам бір жылды қорытындылап өз-өзіне есеп береді ғой. Мерейтойыңыз жаңа жылмен тұспа-тұс келді. Көңіл-күйіңіз қалай?

– Әр жылдан жақсылық күтеміз. Биылғы жылдың ерекшелігі Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Бұл – еліміз  үшін тағы бір жаңа белес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген ма­қаласы жүректен-жүрекке жеткен дүние болды. Бұл мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен үн­десіп, кейінгі буынға Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыруға бағыт берді. Шынында, Тәуелсіздікке қол жеткізу бір бөлек те, оны көздің қарашығындай сақтау, еліміздің іргелі мемлекетке ай­налуына үлес қосу әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік. Мерейтой жылында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында уа­қытпен санаспай еңбек еткен, тәй-тәй басқан мемлекеттің нығаюына тер төккен азаматтарды ұлықтасақ деймін. Ал өзімнің 75 деген белесті бағындыруым осындай атаулы жылмен тұспа-тұс келіп қалды. Ел құрметтеп, құттықтауда. Облыс әкімі қабылдады. Өзім 75 дегенге соншалықты мән бермесем де елдің, айналамның құр­мет-қошеметіне бөленудемін. Мұның барлығы менің аз да болса елге жасаған еңбегімді бағалау деп түсіндім. Маған жасалған құрметті Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел үшін еңбек етіп, елді тығырықтан шығаруға барын салған менің замандастарыма берілген баға деп қа­былдадым. Осындай жақсы көңіл-күйде отырмын. Әрине, 75 жас та оңай емес. Дегенмен күш-қуатым жеткенше елдің маған жасаған құрметін жоғары ұстау үшін  елге әлде де пайдамды тигізсем деген мақсатпен еңбектенудемін.

«Нардың жүгін арқалаған нәзік жандарға тілекшімін»

–  Демек қазір де бос отырған жоқсыз…

– «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бір­лес­тігін жүргізудемін. Аға буынның міндеті – жастарға тәрбие беру, жақсыны насихаттау. Осы мақсатпен жұмыс жүр­гізудеміз. Жақсыны айта берсек, жүз­дің онының бойына сіңеді ғой. Жұмысымыз нәтижесіз емес. Кейде кез­десудің әсерлі өтетіні сонша, жас­тармен қимай тарқасамыз. Тек жақсы орталарда ғана емес, қателік жасап жазасын өтегендермен, отбасынан ажырап қалған, жұмыссыз жүрген жастармен де еріктілердің ұйымдастыруымен кездестік. Бұл да нәтижесіз емес. Қолымыздан кел­генше ұлттық құндылықты насихаттап, тәрбие жұмысын жүргізудеміз.

– Бір байқағаным, жеке мере­кеңізді де, жеткен жетістікті де ел Тәуелсіздігімен байланыстырасыз. Шы­нында, Алмагүл Божанова есімі аталса, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ерен еңбегі бірге айтылады…

– Адамның айналама пайдам тисін деген түзу ниеті, адал еңбек етуі, жетістікке жетуі оның отбасында алған тәрбиесіне, өскен ортасына, тәлім алған ұстаздарының үлгісіне байланысты. Қарапайым еңбек адамдары болған ата-анам бізді барынша адал болуға, ең алдымен намыс пен арды ойлау керектігін бойымызға сіңірді. Одан кейін мектептегі ұстаздардың еңбегі ерен. Нағи Ілиясов ауылындағы Түймебай Айтбаев есімімен аталатын №132 мектепте оқыдым.  Сол кезде  мектеп директоры қызметін атқарған Түймебай ағай  керемет ұстаз болды. Оқу ісінің меңгерушісі Алмат Наурызбаев бізге орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Ұстазымның өз мамандығына жан-тәнімен берілгені сондай, ауыл баласын орыс тілін еркін меңгеріп, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын жата-жастанып оқуға құштар етті. Агроном болуды арман еткен мен ұстаздан үлгі алып, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болуды қаладым.  Негізі өмірде мықты ұстаздарға жолығудан жолым болған жанмын. Еңбек жолымда Қонысбек Қазантаев, Елеу Көшербаев, Көбейсін Исаев, Қожахмет Бекқожаев, Мақсұт Әбдіразақов секілді мықты тұлғалар шоғырының ортасында тәрбиеленіп, азамат болып қалыптаспау мүмкін емес дер едім.

«Нардың жүгін арқалаған нәзік жандарға тілекшімін»

– Демек, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың жүгін көтеруге дайын болдыңыз…

– Өтпелі кезең біздің дайындығымызға қарамады. Бір сәтте жүйе өзгерді, әкімдік институт пайда болды. Бұрын-соңды әкім дегенді естімеген, тіпті әкім­дік институттың ережесі, болмаса заңы болмаса да әкімдік қызметті бастап кеттік. Бар түсінгеніміз елдегі тір­шілікті ұйымдастыратын, бар шешімді қабылдайтын әкім. Осындай үлкен жауапкершілікті арқаладық. Өтпелі кезең өте ауыр болды. Ол кездің қиындығын айтып жеткізу мүмкін емес. Қалыптасқан жүйе бір сәтте өзгеріп, реформа жүре бастады. Жекешелендіру, жерді бөліп беру басталды. Бұл өзгерістерге қоғам дайын емес. Не істейміз, неден бастаймыз? Бірақ әкімдерге талап күшті. Жоғары жақтан келген тапсырма мүлтіксіз орындалу керек. Тапсырманы жергілікті жердің жағдайымен үйлестіре білу керек. Егін де ектік, төрт түлік малды да, құсты да бақтық. Жалақы, зейнетақы, жәрдемақы айлап кешікті. Не істейміз? Елді есіктің алдына егін егіп, қолдан келген тірлікті жасауға бағыттадық. Несие беріп, бір малын екеу етіп, сүтін ішуге, болмаса қолынан келетін басқа кәсіппен айналысуына жағдай жасадық. Осылайша кәсіпке бейімделе бастадық. Ел өзін-өзі қамтамасыз етуге үйрене бастады. Бұл кездегі басты мақсат елді аш қалдырмай, бір жамандыққа жолықтырмай, қиын кезден алып шығу болды. Күн-түн демей еңбек еттік. Бір атап айтарлығы, халық осы қиындықтың бәріне шыдады, сабырлық танытты. Осы орайда бір мысал айтайын. Бірде Шаған ауылына бара жатқан жолда 3-4 ақсақал тұр екен, тоқтап ала кеттім. Құдайыдан келе жатыр екен. Жол үстінде елдің жағдайы, жалақының, зейнетақының кешіккені сөз болды. Сонда ақсақалдар сабырлы қа­лыппен «саған сенеміз ғой» дегенде көліктің алдында отырып жылағым келді. Сол мезетте менің де қолымда ешнәрсе жоқ, кешіккен жалақыны тауып беретін мүмкіндік те жоқ…

– Қиналған елді қалай жұбаттыңыз?

– Кейде зейнетақы есебінен қолдағы бар дүниені бердік. Біріне сауып ішер мал, енді біріне күріш дегендей. Бұл әрекетіміз заңсыздық болса да елдің жайын ойлап, осындай қадамға бардық. Тағы бір мысал айтайын, тамыз айының аяғында тамыз мәслихатын өткіздік. Мұғалімдермен бірге жаңа оқу жылына дайындықты талқылап жатырмыз. Ал сол мұғалімдер демалыс ақысын әлі алмаған. Олардың алдында баяндама жасауға жүрексіндім. «Ақша қайда» десе, не деп жауап беремін? Шарасызбын. Алайда бір мұғалім сыр бермеді. Осындай сабырлы қалыптарына риза болдым әрі қатты қысылдым. Әкім ретінде өзімді кінәлі сезіндім. Жиын бітісімен оларға жанұшыра жалақы іздеп кеттім. Әр есікті бір қағып, жаңа оқу жылына дейін демалыс ақысын беріп үлгердік.

Жаймендеп нарық қиындығынан шыға­тын жол таба бастадық. Бартер дегенді үйреніп алдық. Жан-жақпен байланысқа шығып, айырбас жасаймыз. Біріне күріш апарамыз, орнына май әкелеміз. Сол кезде бізге бір көмек болғаны Құмкөл мекемесі. Қараөзек ауылындағы кешенді ет комби­натының арқасында тіршілік түзу­лене бастады. Мұнайшылар бізге жанар-жағар­май берсе, біз оларға ағарған береміз. Қараөзек ауылында 16 түрлі шағын цех болды. Бірі ет дайындаса, екіншісі өнімін өндіреді, үшіншісі терісін өңдейді. Сол ауылға мектеп, аурухана салынды. Кейін сол шағын цехтардың тарап кеткеніне әлі де «әттеген-ай» деп өкінемін.

– Қазір айтса ертегі сияқты көрі­нетін, алайда жалақы, жәрдемақы айлап кешіккен, ертең не ішетіні белгісіз күндерді бастан өткерсе де сыр бермеген сабырлы, төзімді елдің осы мінезін бүгінде жоғалтып алғандаймыз.

– Дұрыс айтасыз. Заман жақсарған сайын мінез де қатты өзгерді. Қазір кішкентай қиындыққа шыдай алмаймыз, айқайға басамыз. Көшеге шығамыз. Осы жағдай мені қатты ойландырады. Қиын уақытты бастан өткерген біздің буын үшін бүгін қиын көріп жүргеніміз түкке тұрғысыз дүниелер. Заман жақсарды, тіпті салыстыруға келмейді. Табыс табуға мүмкіндік жетеді. Оқимын дей ме, бизнес бастай ма, жұмыс істегісі келеді ме, еш кедергі жоқ, жол ашық. Көпбалалы анаға да, тұрмысы төмен отбасыға да мүмкіндігінше жағдай жасалуда. Бас­панамен қамтамасыз ету жайы да қарас­тырылып жатыр. Соның өзінде көңіл толмайды, көшеге шығатындар, шулайтындар көбейді. Әрине, әйелдерді кінәлауға болмайтын шығар, бір себебі бар болар, жетпей жатқан шығар. Қазіргі баланың талабы да, сұранысы да күшті. Біздер сол шулап жүрген әйелдердің әрқайсысын тыңдауымыз керек. Көшеге не үшін шыққанын, жағдайын сұрауға тиіспіз. Көмекке мұқтаж болса, көмектесіп, мемлекеттен берілетін көмек тиесілі болмаса түсіндіру қажет. Әйтпесе, бұл көрініс жақсы емес. Көшеде шулайтындай уақытта емеспіз. Заман жақсы. Бұдан да жақсы болар ма едік, төтеннен келген індет зиянын тигізді. Ең қиыны, қаншама адамнан айрылдық. Бұл қиындықтан да шығармыз.

– Қоғамға өкпелі көпбалалы ана­ларды тыңдадыңыз ба?

– Жыл басында «Аналар кеңесімен» бірге жеті ауданды аралап, көпбалалы аналармен кездесу өткіздік. Райкүл Мансұрқызы екеуміз аналардың мұңын тыңдадық. Тыңдасақ шешілмейтін түйін жоқ. Сол кездесуден түйгенім бар мәселе мемлекеттен берілетін көмекке келіп тіреледі. «Көршім көмек алып отыр, маған берілмеді. Мен де көпбалалы анамын» деп бірімен-бірі салыстырып, соңында ашуға беріледі. Бір сөзбен айтқанда «мен алмадым, сен алдың» деген бір бәсекеге айналған. Мұның мәнісін, заңдылығын асықпай түсіндірдік. Сөйлесе келе, шешілмейтін түйін бар ма, «солай екен ғой» деп өзінің түсінбегеніне ұялғандар да болды.

Шынын айтайын, осы көпбалалы ана­лармен кездесуден мен жақсы көңіл-күймен қайттым. Өкпелеп жүрген бірді-екілі болмаса, қай ауылға барсақ та қарап отырған әйел жоқ. Қазақтың әйелдері мықты ғой. Бүгінгі заманға бейімделіп, алға ұмтылған нәзік жандар аз емес. Бала күтімімен үйде отырып, қолынан келетін тоқымасын тоқып, бірі тәттісін пісіріп кәсібін дөңгелетіп жүргендер бар. Қазақ әйелі қай кезде де еңбектен қашпаған ғой. Әйел қандай қиындықты да жеңіп шығады, мен бұған сенімдімін. Өтпелі кезеңнің қиындығынан да аналар алып шықты ғой. Сол кездердегі мына көрініс әлі көз алдымда. Көпбалалы ананың үйіне бір қап ұн бердік. Сонда сол үйдің анасы ұнды үнемдеу үшін күріштің жармасын диірменнен өткізіп, ұнға қосып нан пісіргенін көрдім. «Сәл қаттылау болмаса, нанның дәмі өзгермейді» деп күлімдеген қазақ әйелінен қалай айналып кетпейсің?! Тағы бір мысал, дүкеннің бос қалған кезі. Бір күні дүкенге соқсам, өлшемі өте үлкен кебіс келіпті. Жүз шақты кебісті тізіп қойып дүкенші отыр. «Мұны кім алады?» деп ойладым. Ертесіне дүкенге тағы бас сұқсам кешегі кебістен біреуі де қалмапты. «Өтіп кетті» дейді сатушы күліп. Сөйтсем оны да ел «ештеңе етпес, қалың етіп ұлтарақ салып киеміз» деп алып кеткен екен. Жоқшылық қой…

– Ауданды таратып жіберуден сақтап қалу – үлкен ерлік. Өзіңіз айтқандай, «әкім қыз таратып жіберді» деген артыңыздан сөз қалатынын ойлап намыстанып шырылдау, жүрек ауыртқан сәттер. Қазір мақтанасыз ба?

– Көкшетаудың, Семейдің қысқарып кеткеніне жүрек ауырып жүрген кез. Сол қысқарту Тереңөзек ауданына да келді. 30-дан аса адамнан құралған комиссияға ауданды сақтап қалу үшін дәлелдеуге бар күшімді салдым. Ауданның шағын еместігін, халық санының жыл сайын көбейіп келе жатқанын, өнім өндіруден көш басында екенін айтып, нақты дәйектерді алға тарттым. 1997 жылды 1 миллиард өнім өндірумен аяқтайтынына да сендірдім. Қазір бұл қаржы түк емес шығар, ол кезде сенсация. Көзсіздік болғанмен, тәуекел етіп, комиссияны сендірдім. Орындалды да. Сонда мені осыншама шырылдатып жүрген намыс қой. «Әкім қыз ауданды таратып кетті ғой» деген сөз қалмаса екен деп намыстанып жүрмін. Шынымды айтайын, елдің алдына шығып, «ауданды таратайын деп жатыр, мен күндіз-түні ұйықтамай жүгіріп жүр­мін» деп бір ауыз айтқан емеспін. Бір күні ауданды су алып кете жаздады. Ел ұйқыда, біз таң атқанша суды бөгеп, су тасқынының алдын алдық та, ертесіне күнделікті жұмысымызды жалғастырып кете бердік. «Кеше осындай ерлікке бергісіз іс бітірдік» деп мақтану табиғатымда жоқ.

– Сырдария ауданын алыс ауылдар­мен байланыстырған көпір бір кездері арманыңыз еді. Тіпті «Көпір» деген кітабыңыз да бар екен. Көпірден ары-бері өткен сайын керемет сезімге бөленетініңізге еш шүбәміз жоқ…

– Бір ғасыр арман болған көпір ғой бұл. Ел көпірдің азабын тартқанын көзбен көрдім, елмен бірге қиналдым. Көпір қажеттігін айтып, мәселе көтеріп, ізденуді 1972 жылдан бастадым. Қай ортада болсын, мінберге шығып сөз берсе көпірдің мәселесін көтеріп жүрдім. Облыстық мәслихаттың депутаты болған кезде «Сырдарияның көпірін айтпай сессия өтпейтін болды ғой» деп әзіл-шыны аралас айтылатын. Шынында солай. Жылдар бойы жүгірген пейіліме қарай сол көпірді салудың соңына дейін атсалыстым. Көпір салынатын болып құрылысы басталған сәтте де сапасына бақылау жасайтын комиссияны басқардым. Өзіміз зорға қол жеткізген көпірдің құрылысын қалт жібермедім. Осылай 2014 жылы көпір пайдалануға берілді. Ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Мені сондай бақытқа бөлеген сәт. Үлкен бақыт қой бұл! Әлі күнге дейін қуанамын.

– Ақын Рүстем Жанай сізге ар­наған өлеңінде «Майдалығың жоқ, еркектен бетер ірісің» деген екен. Қалай қабылдадыңыз?

– Жақсы қабылдадым (күліп). Мен ғана емес, көпшілік жақсы қабылдады. Талай адам осы өлеңді оқып, ұнатқаны сондай, өзіме оқып беретін. Көптің жылы қабылдағаны өлеңнің шынайы жазылғанынан болар деп ойлаймын. Жақын досым ғой. Өмірден ерте кетті…

– Алғашқы наурыз тойы есіңізде шығар…

– Наурыз мерекесін тойлау 1988 жылдан жайлап басталғанмен, 1991-1992 жылдардан бастап, нағыз халық­тық ме­рекеге айналды. 1992 жылғы нау­рызды ауданда бірінші рет ұйым­дастырдық. Халықтың онша көңіл-күйі жоқ кез, елдегі жағдай белгілі. Елді бір серпілтейік деп орталық алаңға киіз үйлер тіктік. Жағдай қиын болса да халықтың ықыласының ауғаны сондай, бәрі жүгіріп жүріп ұйымдасты. Қиын уақыт десе де он шақты киіз үйде дастархан жайылып, қазан асыл­ды. Ел емен-жарқын қауышып, бір жасап қалды.  Наурыз мерекесінің қасиеті сондай,  адамдарды бір-біріне жақындата түсетіні. Қазақ сол күні ерекше бір қуанып, бір-бірімен көптен көрмеген бауырдай құшақтасып жа­тады. Өкпе-ренішті ұмытып, жақсы тілек айтатын күн. Наурызды сол үшін жақсы көремін. Наурызды жыл сайын түрлендіріп, тойлау керек. Бұл мереке қазақтың ұлттық құндылығының бастауы ғой. Меніңше, Наурызды әлде де көбірек насихаттау қажет. Қазір өзі оқшауланған әлемге айнала бас­тағанда оған індет себеп болып, тіпті оқшауланып қалдық. Негізі адамдардың арасы алыстауынан қорқу керек. Кейбір көреалмаушылық, артық әңгіме адамдар бір-бірінен алыстаған сайын көбейе береді. Наурыз мерекесінің адамдардың пейілін түзейтін, бір-біріне деген ыстық ықыласын арттыратын қасиеті бар. Сонысымен әдемі де, құнды.

– Күнделік жазады екенсіз…

– Жазамын. Алдағы уақытта кітап етіп шығарсам деген жоспарым бар. Оқығанда ой түйетіндей, үлгі-өнеге алатындай кітап болса деймін.

– Елу жылда ел жаңа дегендей, Тәуелсіздіктің 30 жылында облысқа әкім болып әйел тағайындалды. Әйелдің жанын әйелден артық кім түсінген? Қалай қабылдадыңыз, қуандыңыз ба, аядыңыз ба?

– Қуандым. Тәуелсіз ел тарихында тұңғыш облыс басқарған әйел әкім. Қызметтің түрлі баспалдағынан өткен, шыңдалған. Тек індет ұшынып тұрған кезде, қиын уақытта келді-ау деп уайымдадым.  Мен ауданға әкім болып тағайындалғанда сол кездегі облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов қолыма бір парақ қағаз ұстатты. Қағазға «республикада ауыл­шаруашылықты аудан басқарған бір­ден-бір әйелсіз. Бұл бар қазақ әйеліне артылған сенім. Жауапкершілік жүгін арқалай алмасаң, барша қазақ әйелін ұятқа қалдырасың» деп жазыпты. Осы бір ауыз сөз мені қамшылады. Тарихтан белгілі, қай кезде де әйелдерге нардың жүгі артылады ғой. Сын сәтте Сыр еліне әкім болып келген Гүлшара Наушақызына  тілекшімін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: