Сәрсенбі, 24 сәуiр, 21:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жаңа бұйрық: Конкурстан өтсең, мұғалім боласың

28.12.2021

882 0

Жыл аяқталар тұстағы бұл жаңалық қоғам назарын аудармай қоймады. Білім және ғылым министрлігінің жаңа бұйрығы бойынша енді мұғалімді жұмысқа мектеп директоры емес, конкурс қабылдайды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл өзгерісті әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті: «ҚР Білім және ғылым министрлігінің педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты жаңа бұйрығы ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Енді педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерий боойынша жүзеге асады» деп жазды министр.

Жаңа ережеге сәйкес, жұмысқа орналасу үшін үміткерлер конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша үміткер белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балын дербес қояды. Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балдың, оны растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады. «Сонымен қатар бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады. Үміткер оң ұсыныс үшін 3 балл жинаса, ал теріс ұсыныс үшін 5 балл жоғалтады. Ұйымдар үміткердің қандай да бір бұзушылықтарға, оның ішінде педагогикалық этика бойынша бұзушылықтарға жол берді ме, жоқ па, сол туралы ақпаратты ескере алады. Мұндай фактілер анықталса, педагог кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі. Ережеде үміткерлердің біліктілік санатының міндетті түрде болуы қарастырылған» дейді министр.

Ал жас маманның жағдайы не болмақ? Ережеде жас маманның жұмысқа қабылдануы туралы да қамтылған. Мұғалімдердің жаңа ережесі бойынша диплом алған жас маман мектепке барып бірден мұғалім бола алмайды. Ереже талабы бойынша, алдымен ұлттық біліктілік тестілеуінен өтіп, педагогтің бірінші санатын алуға міндетті.

Бұл ереженің білім саласы үшін маңызды екенін атап өткен жөн. Білім саласындағы ашықтық, тазалық, тіпті сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға үлкен ықпалын тигізеді деген үміт бар. Әйтпесе бүгінде мұғалім болу аз ақша тұрмайтыны туралы қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүргені жасырын емес. Бұл туралы министр өз сөзінде: «Айта кеткен жөн, аталған өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керектігі туралы өзі шешетін. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей, үш-төрт мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар тіркелді. Мұндай жағдайлар қандай себептерге байланысты орын алатынын болжау қиын емес», – деді.

Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: