Бейсенбі, 25 сәуiр, 21:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Шәмшия Жұбатова, ақын: «Өлең кім көрінген мініп алатын жайдақ ат емес»

25.09.2021

1651 0

«Өнер алды – қызыл тіл». Бұл жай айтыла салған сөз емес. Мұны сөз қадірін, сөз өнерінің қасиетін ұғынатын кез келген адам жақсы біледі. Иә, қазақ үшін қара өлеңнен асқан құдірет жоқ. Абайша айтсақ, «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңменен жер қойнына кірер денең». Расында, ұлтымыз ұлы өнер деп бағалайтын поэзиямен бар ғұмырын үндестіріп қойған. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – ақын Шәмшия Жұбатова. Өткен аптада Сырдың ақын қызы Қызылордаға келді. Біз де сәтін тауып сұхбат құрдық. Ол 1958 жылы қазыналы Қазалы топырағында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразиялық шығармашылық Гильдиясының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

– Туған жерге қош келдіңіз. Қазіргі кезде қандай тақырыпта қалам тербеп жүрсіз?

– Биыл балалар жылы болғандықтан жасөспірімдер мен балалар тақырыбында өлең жаздым. Бүгінде «Гүлге қонды көбелек» атты кітап дайын тұр. Алдағы уақытта демеуші табылса, жыр жинағы етіп шығаруға қолжазбамды ұсынуға дайынмын. Оның үстіне биыл Алланың берген сыйы немерем дүниеге келді. «Бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» демекші сол кезде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алдым. Осылайша қуанышым еселенген жайымыз бар.

– Шәкірттеріңіз бар ма?

– Ақындардың көбі шәкірт тәрбиелеп жүр. Менің ойымша шәкірт тәрбиелеу үшін өзің соған лайық болуың қажет. Ал әдебиет біреуге-біреудің үйрететін дүниесі емес. Оның ішінде өлең – өте кіршіксіз. Бұл ақынның көкірегіндегі көз, көңіліндегі айна сияқты ғой. Дүниені басқаша кейіпте көрсетуде, әлемнің осынау сұп-сұлу келбетін айнытпай бейнелеуде поэзиядан артық құрал таппасымыз анық. Ал оны түсіну мен түйсіну әркімнің танымына байланысты. Дегенмен ақыл-кеңес сұрап келгенге білгенімді айтып, жол сілтеуге әрқашан дайынмын. Бірақ шәкіртім бар деп айта алмаймын. Бүгінгі жастар бізден мықты ғой. Оны мойындау керек.

– Сіз үшін поэзия деген не?

– Жалпы поэзия – қалыпқа сыймайтын күрделі құдірет. Менің түсінігімде поэзия – жұмбақ әлем. Оның құпиясын ашу мүмкін емес. Т.Элиот «поэзия – қанның сияға айналуы» деп ой тастапты. Расында, ақын жүрек дүрсіліндей ырғақты күйге елітіп, тамырдағы қанда тулаған тылсым сезімді ақтару екінің біріне бұйырмайтын қасиет. Сондықтан өлең әлеміндегі барлық ақындардың өнерін құрметтеймін.

– Кейінгі буыннан кімдерді оқисыз?

– Қазір ақын боламыз деп жүрген жастардың легі көп. Оқу бар да тоқу бар. Өлеңді, сөзді түсініп, қазақтың шұрайлы, қаймағы бұзылмаған тілін қаз-қалпында көркем қолданып жүрген жас ақындар да бар. Оның ішінде Ақжол Түменбайдың өлеңдерін жиі оқимын. Өнерін ерекше құрметтеймін. Ешкім де өкпелемесін. Егер ол айтысқа кетіп қалмаса, қолтаңбасы бөлек, мықты жазба ақын болары сөзсіз. Өздеріңізге белгілі Бауыржан Халиолла басында мықты жазба ақыны болды. Қазір айтысқа кетіп, өзінің бағытынан айрылып қалғандай көрінеді маған. Әркім Алланың берген жолын өзі таңдауға тиіс. Десе де жазба ақындардың барлығының шығармашылығынан хабардар болып отыруға тырысамын.

– Туған жерге жиі келіп тұрасыз ба? Келген кезде сізді қуантатын және әттеген-ай деп қынжылтатын жағдайлар…

– Әрине, туған жерге жиі келемін. Қайда жүрсек те кіндігіміз байланған жерден алыстап кете алмаймыз. Әркім өз туған жерімен мақтанады. Мен де қазақтың қаймағы бұзылмаған Қызылорданың қызы болғаныма қуанамын. Мұнда келген сайын бір өзгерісті байқаймын. Соған қарағанда Сыр елінің дамып, өсіп-өркендеп жатқанына көзім жетті. Ал әттеген-ай деп қынжылтатын сәттер де жоқ емес. Өйткені бұл жақта кітап сататын дүкендер жоқтың қасы.

– Бізде ақын қыздар әдеби ортаға көп сіңе бермейді. Оны көбіне тағдырымен, отбасылық өмірімен байланыстыруға болатын сияқты. Жалпы қазіргі әдеби ортаның деңгейі туралы не айтасыз?

– Әйел адамға, қыз балаға ақындықты қимайтындар көптеп кездеседі. Әйел – табиғатынан нәзік жан. Екі бірдей жүкті арқалап жүрген ақын қыздар баршылық. Өлең – жыныс таңдамайды. Кім көрінген ауыздықтап мініп алатын жайдақ ат та емес. Өлең – туа біткен қасиет. Ол еркекке қона ма, әйелге қона ма, Алланың қалауы. Ақын қыздардың әдеби ортада бой көрсетпеуі қалыпты жағдай. Өйткені қайнаған қазан, отбасылық тірлік, бала тәрбиесі, келіндік міндеті, келімді-кетімді қонағы одан қалса жұмысы бар. Осының бәріне үлгеру керек. Шығармашылығы ол бар.

– Шабытты қайдан аласыз?

– Маған келетін шабыт алдын ала аспанда жазылатын сияқты. Мен тек соны қабылдап аламын. Шабыт уақыт таңдамайды. Себебі жүрегім сезініп, ойыма келген шумақты бірден жазып алуға дәптерім мен қаламымды сайлап отырамын. Мәселен, шабытым қазір де келіп қалуы мүмкін. Жалпы менің өлеңдеріме жұрттың берген бағасы шабыттандырады. Өлеңнің ішкі тынысын, қуатын сезініп, оны сыртқа шығару үшін үлкен күш керек. Қазіргі кезде жазғандарымды оқып, ақ тілегін білдіретін жанашыр жақындарым жетерлік. Бұл өнер – маған әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған қасиет. Әкем Нұрсұлтан Жұбатұлы халық ақыны болған кісі.

– Шығармашылығыңызға тоқталсаңыз…

– Бүгінге дейін «Бастау», «Махаббат кітабы», «Гүлдегенде алма ағашы», «Кездесу», «Қайта оралған көктем», «Шаңқай түс», «Жоғалмаған желкен», «Өң мен түс» атты жыр жинақтарым мен «Темір үйдің тұрғыны», «Дәлила» атты прозалық кітаптарым жарыққа шықты. Сондай-ақ француз ақыны Жан Поль Беранженің «Сынық скрипка» атты жыр жинағын, жазушы Бақытжан Момышұлының «Қасқырдың жүрегі» атты романын қазақ тіліне тәржімаладым. Қазіргі кезде 20-дан астам әнге мәтін жазып, оны өнер жұлдыздары халыққа тарту ретінде шырқап жүр. Соның ішінде көпке танымал «Сырдария» әні өз тыңдарманын тапты. Соңғы жылдары жаныма жақын балаларға арналған шығармаларға қалам тербеп жүрмін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: