Бейсенбі, 25 сәуiр, 08:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жаһанға құмартқан жиһанкез

14.06.2022

4779 0

Бүгінде әлемді аралап, саяхат жасап, керемет дүниелерді халыққа ұсынып жүрген жандар бар. Соның бірі – қазақстандық Темірлан Мұқашев. Ол бізге небәрі алты айда төрт елді  қалай аралағанын айтып, қандай әсер алғанын баян етті. Әрі саяхатқа шыққанда ақшаны қалай үнемдеу керектігі туралы лайфхактарымен бөлісті. Соның бәрін оқырманға сұхбат арқылы ұсынып отырмыз.

– Темірлан, сұхбатымызды алғаш саяхатқа шыққан адам нені ескеру қажеттігінен бастасақ…

– Жарайды. Саяхат та ең әуелі сақтық жайы маңызды. Мәселен, саяхатты аяқтап артқа қайту жолын қарастырып, алдын ала ұшаққа билет сатып алу қажет. Әрі артқа қайтуды қарастырмай, билетті тақап алсаң, әдетте бағасы өте қымбат болады. Тағы бір ескере кететін жайт, адам денсаулығы. Медициналық сақтандыруды міндетті түрде алу керек.

– Саяхатқа ақшаны қайдан аласыз?

– Мен қағаз бастыру жұмысымен айналысамын. Негізгі қаржы содан түседі.

– Саяхатқа шыққанда бір елге тіке барып, тіке қайтасыз ба әлде жолай өзге де мемлекеттерге аялдайсыз ба?

– Ол енді жол қалай түсетініне байланысты. Былтыр 4 мемлекетті бір деммен аралап шықтым. Оның әуелгісі – Индонезия және ондағы Бали аралы. Содан соң Вьетнамға, сосын Тайландқа, одан әрі Үндістанға ат басын бұрдым. Ақшаның ыңғайы келсе, бір шыққанда қатар қатар жатқан бірнеше елге соғып, жақсы контент жасап алуға тырысамын. Көбіне елдегі ахуалға және қаржыма байланысты бір ғана елге барамын. Мәселен, бүгінде Моңғолия елінде қазақтар орналасқан Баян-Өлгий аймағында жүрмін. Жуырда елге қайтамын.

Кейде бір мынадай жайттар болады. Мәселен, алыс мемлекет болса, Қазақстаннан ол жаққа тілекей рейс болмаса, басқа мемлекетте аялдау арқылы ұшуға тура келеді. Кейбір уақытта белгілі бір мемлекетке тікелей рейс болғанның өзінде, билет бағасы аса қымбатқа түсетіндіктен, айналып басқа мемлекет арқылы ұшу арзан болуы мүмкін. Осылай бірнеше елге соғатын да кездерім болады.

– Бір мемлекетті аралауға қанша қаржы кетеді?

– Белгісіз. Бұл жағы адамға да, табаны тиген мемлекетке де байланысты. Мәселен, былтыр 4 елге саяхаттадым. Шамамен 5-6 ай уақыт кетті. Соған 1 миллион 200 мың теңге жұмсадым. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы және Көкшетау сияқты облыстарын бір айда аралап шыққаныма 300 мыңға жуық теңге жұмсадым. Мысалы Пәкістанға саяхаттағанымда 1 рупия – 3 теңге болды. Ол кезде доллардың құны 500 теңгеден асып кетті. Алайда қазір 1 рупия – 2 теңге. Демек, бүгінгі жағдайда Пәкістанда 300 мың теңге орнына 200 мың теңге жұмсар едім.

Жалпы айта берсең көп фактор әсер етеді. Адам ақшаны қалай жартақанына байланысты бәрі. Байқасаңыз, бейнежазбаларымның астын­да, бірдеңе сатып алып жатқанда үнемі бағасын жазамын. Тағам бағасы, билет бағасы, қонақ үй бағасы дегендей. Сол бағаларға қарап сая­хат қаншалықты арзан немесе қымбат екенін көрермен түсіне алады. Бір адамдар арзан десе, екіншісі, қымбат деуі мүмкін. Ол енді әркімнің мүмкіндігіне қарай.

– Қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысқан тұста, қаржыны үнемдеп шетелге шығу үлкен тәуекелді қажет етеді. Жалпы ақшаны қалай үнемдеп, жеткізуге болады?

– Бұл енді күрделі сұрақ. Оны әркім әрқалай жасайды. Үнемді саяхаттау үшін, оған моральдық тұрғыдан дайын болу керек. Әдемі әрі әсерлі бейнежазбадағыдай саяхат болмайтынына дайын болған жөн. Мысалы, қиындыққа тап бол­ған жағдайда мен өзіме «Темірлан, осында сая­хаттағың келген өзің және осындай жағ­дайларға тап болуың  мүмкін екенін іштей білдің. Сол себепті еш мұңайма!» дейтінмін.

Қысқасы, саяхаттағысы келетін әр адам мынаны білуі шарт. Қазір кейбір тәжірибелі саяхатшылар «арзан саяхат», «эконом саяхат» деп курстар жүргізіп жатыр. Осыларға қатысу арқылы біраз дүние үйреніп, ақшаны жинау және ұтымды жұмсаудың жолын қарастыруға болады. Ең бастысы, үнемді саяхаттау үшін барлығын  алдын ала жоспарлап алған дұрыс. Маршрут құрып, билеттерді ерте арзан бағаға сатып алу керек. Сосын бес жұлдызды қонақ үйде емес, хостелдерде түнеуің керек. Бір бөлмеде өзің ғана тұрмайсың, оншақты адаммен бөлісетініңе дайын болу шарт. Түнде ұйықтайын десең, біреулер телефонның даусын жаңғыртып видео көріп жатады, енді бірі қорылдап ұйықтайды, тағысын тағы. Хостелдің бір түні 1000-2000 теңге шамасында. Тағы бір ескере кететін жайт, бай-бағландар баратын ресторандардан емес жергілікті кафелерден тамақтану қажет. Мен қайда және қандай тамаққа тапсырыс беретініме дейін алдын ала біліп, дайындалып отырдым. Көбіне кафелердегі тағамдардың бағалары 400-500 теңгенің шамасында болады. Ақша үнем­деудің тағы бір лайфхагі, таксимен емес, қоғамдық көлік немесе метроға міну де. Өз басым кейде тіпті жаяу жүріп, ақшаны үнемдейтінмін. Жалпы қалтаға қарай көсілген дұрыс.

Өз басым шетелге барсам ақша үнемдейтінім сонша, барған жерлерден елге алып қайту үшін бір тал зат та алмаймын. Өйткені басқа елде ақшасыз қалып қоймайын деп сақтанып жүремін.

– Осы уақытқа дейін біршама ел араладыңыз, жер көрдіңіз. Әсіресе Азия елдеріне көп сапарлаттыңыз. Соның ішінде ұмытылмастай әсер қалдырған ел бар ма? Ұнағаны не, ұнамағаны не?

– Әрине бар. Ұмытылмастай есте қалғаны Бали мен Индонезия. Табиғаты ертегідегідей ғой. Айналаның бәрі жап-жасыл, табиғатына тек тамсана бересің. Таулы аймақ. Адамдары да мейрімді. Ең бастысы, арзан. Шомылуға арналған жағажай өте көп. Ал жергілікті тағам арзан және дәмді.

Әрине, Үндістан мен Пәкістан да ұнады. Арзан, калоритті, іш пыспайды. Иә, екеуі де лас ел. Лас болғанымен қызық. Лас дегеніне моральді дайын болсаң, көңілге тимейді. Мен Үндістанға осы үшін бардым десем де болады. Көше ортасында қоқыс жатады. Адамдармен қоса сиырлар да емін-еркін жүреді. Әр жері сиырдың тезегіне толып кеткен. Адам абыр-сабыр шұбырып жүреді. Сауда да жүріп жатады. Әйтеуір қашан да шу.

Ал енді Мысыр ұнамады. Әр қадам сайын алаяқтық. Амалын тауып, сенен тек ақша суырып алу, алдап кету, лақтырып кету сияқты жағымсыз жайттар көп онда. Сол жағы көңіліме тиді, өйткені мен бұған моральді дайын болмадым. Қазір барсам, ол қателіктерді жібермеймін.

– Сіздің Көкшеге және еліміздің осы іспет­тес тағы бірнеше қаласына саяхатыңызды ютубтан көрдім. Өзге елдер мен өзіміздің елдің арасында нендей өзгешеліктер бар? Салыстармалы түрде айта аласыз ба?

– Туризм біздің елде де даму үстінде. Мысалы, экскурсиялық компаниялар Көлсай, Қайынды, Бозжыра секілді әдемі жерлерге саяхаттатады. Алайда Қазақстанның жолдары өте нашар, әдейі ойып тастағандай. Ойдым-ойдым әйтеуір. Қалаларда визуалды ақпараттар ағылшын тілінде жазылмайды. Басым бөлігі орысша, қазақша тіптен аз.  Ал ағылшынша мүлдем жоқ. Шетелде әр жерде жергілікті тіл мен ағылшын тілінде жазылады. Осыдан-ақ біраз нәрсені аңғарып тұрған боларсыз.

Мысалы, бізде ATM деген жазуды кездес­тірмеймін. Бүкіл әлем АТМ дейді. Әлем солай сөйлейді, солай түсінеді. Ал бізде қалай? Бізде әр жерде «банкомат» деп жазылады. Осындай мысалдар айта берсек көп. Бізге Ресейден келген туристтер керек пе әлде ғаламның төрт бұрышынан қазақты және оның жері мен тарихын танығысы келетін туристтер керек пе деген сұрақ туындайды кейде.

Тағы бір жайт, мәселен мен барған елдер­де туризмнің дамығаны сонша, такси жүр­гізушілеріне дейін бәрі ағылшынша сөйлесе алады. Жергілікті тұрғындар шетел азаматына таңқалып емес, үйреншікті қарайды.

Әр елге барғанда бірдеңе алып қайтасың. Кейде тамсанасың, кейде шошып қайтасың. Үндістанда мені бір нәрсе таңғалдырды. Ол жақ­тың лас екеніне дайын болдым дедім ғой. Бірақ тіпті тағамдары да лас болатынын байқағанда «шок» болдым. Тамақтары ащы және дәмді, бірақ олар оны қалай дайындағанын көрмей-ақ қойған дұрыс. Тамақ дайындағанда арнайы қолғап ки­мейді, ашық қолдарымен ұстай береді.

– Жалпы, осылай өзіңіз секілді емін-еркін саяхаттау үшін қалай қаржы жинауға болады?

– Ақшаны қалай жинауға болатыны туралы кеңес беретіндей деңгейде емеспін деп ойлаймын. Өзім ақшаны жақсы үнемдеймін. Мысалы, шопинг жасауға құмар емеспін. Әр уақытта ар­тық шығын жасамауға тырысамын. Бір айтқым келетіні, саяхатқа ақша көп керек деген сөз – миф. Арзан саяхат жасау еш қиын емес. Үнемдеу жолдары да көп. Саяхат қиын, қымбат деген бұл адамның басындағы барьер, блок деп көремін.

– Сіз жаныңызға ешкімді ертпей, жападан жалғыз саяхаттайсыз. Жалпы қыр-сырын қанша зерттесең де бұрын соңды табаның ти­меген беймәлім елге жалғыз бару көзсіз батырлықты, жүректілікті қажет етеді.

Бейнежазбалардан байқағанымыз, турис­тер көп аса бара бермейтін, нақтырақ айт­сақ, баруға қорқатын жерлерге барасыз. Басыңызға қауіп төнген не қандай да бір қиындыққа тап болған кезіңіз болды ма?

– Жалпы саяхаттарымда басыма қауіп төнген сәттер ешқашан болмаған. Танымаған елге жал­ғыз бару үшін моральды тұрғыда дайын болу керек. Егер қазір мені үйде отырған жерімнен, еш дайындықсыз Үндістанға телепорт жасап жіберсе, онда ана жақта сасқалақтап қалар едім. Бірақ белгілі бір мемлекетке жолға шығарда, ақпарат іздеп танысқанда, виза жасатқанда, билет алғанда алдын ала моральды тұрғыдан дайын бола бастайсың. Саяхат – бұл естелікке қалатын нәрсе. Әсіресе, егер оны жазып алсаң.

Жалпы саяхат жайына келсек, ол бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, туристердің көп елге бара бермейтінінің негізгі себептерінің бірі, ол жақ­та жағажай демалысы дамымаған болуы мүмкін.

Бірақ мен мәдени әрі рухани демалыс сыйлайтын, таным көкжиегімді дамытатын саяхат жасаймын. Мен үшін барған елімде жағажай болуы аса бір маңызды емес. Контент түсіремін. Әрине, контент түсірмейтін адам жағажайы жоқ жаққа көп аса барғысы келмейді. Біздің халықта саяхат дейтін «жағажай, бес жұлдызды қонақ үй, көрнекті жер, әлемнің жеті кереметі» деген нәрселермен ассоциацияланады.

– Әр ұлттың салт-дәстүрін қоспағанда, тіліне дейін бөлек. Тіл табысу, сөйлеу қиындық тудырмай ма? Жалпы қанша тіл білесіз?

– Мен қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгергенмін. Түрік тілін жобалап түсінемін. Шетелде көбі ағылшын тілін біледі. Егер білмесе, қазір ХХІ ғасыр, технология дамыған заман, Google Translate аман болсын! Жалпы саяхат жасағысы келетіндер үшін негізі тіл білгенннің артықтығы жоқ деп ойлаймын.

– Шетелдік саяхатшылардың жүргізетін небір блогы не бағдарламалары бар. Олар да сіз секілді әлемнің әр түкпіріне сахаттайды. Бір бай­қағанымыз, сіз әзірге мұхит асып Америка құрлығына не дамыған Еуропа елдеріне бара қоймадыңыз. Қызығушылық жоқ па әлде ат ба­сын онда бұрмауыңызға басқалай себеп бар ма?

– Еуропа маған аса қызық емес. Әсіресе контент жағынан. Мысалы, бардым делік, не істеймін онда? «Міне достар, қараңыздар, бұл Эйфель мұнарасы» деймін бе? Кім көрмеді бұл мұнараны? Сосын Еуропаның елдері бір біріне қатты ұқсас, көзің тойып қалады бір екі мемлекеттен кейін, басында қызық болады да кейін тез басылады. Тап сондай әсер Өзбекстанда болды. Ежелгі қалаларды араладым. Алайда Хиуа, Бұхараны аралап болған соң Самарқанды көруге анау айтқандай аса бір құлшыныс болмады. Себебі бәрі бірдей, көз тойды.

Ал көбі бара бермейтін, сәл жағдайы төмен мемлекеттер индивидаулды, ерекше. Глоба­лизация әбден сіңген мемлекеттер бірдей, ал глобализация сіңбеген мемлекеттер әрбірі ерек­ше. Еуропа оған қоса қымбат. Онда тек арнайы бір тақырып бойынша не бір мәселе бойынша бармасам, қатты бір қызығушылық жоқ. Оның үстіне маған дейін қаншама саяхатшы айтып кеткен дүниені қайталай бергеннен не пайда?

Америка құрлығына бармаған себебім, тым алыс, жету қымбат. Жеткеніммен онда бірнеше ай қалу керек. Ал қазіргі таңда менде ондай мүмкіндік жоқ. Кейінірек мүмкін бола жатар. Бірақ Латын Америкасы маған өте қызық.

– YouTube каналыңызда көрермендер қарасы қалың. Бұл желі пайда әкеліп тұр ма? Сондай-ақ танымалдылығыңызды арттыруға әсер етті ме?

– Ютуб монетизация ақша әкелуде. Бірақ саяхатқа жұмсаған ақшамды ақтамайды. Жоба­мен жартысын шығарып қалар. Қазіргі таңда соның өзі үлкен көмек болып тұр маған. Демеуші керек-ақ. Табыла қалса, контентімді жиі және сапалырақ жүргізуіме әсер етер еді. Ал сапалы дүниенің халыққа тигізер пайдасы орасан екенін өзіңіз де білесіз ғой. Қазіргі күніме де шүкір. Жылдан жылға оқырмандарымның да, көремендерімнің де саны артып келеді. Ютуб арнамды үлкен саяхатқа шыққаннан бері 2019 жылдардың қазан айынан жүргізіп келемін. 2020 жылы көрермендерім көбейіп, таныла бастадым. Сол уақыттары ютуб жарнама көрсеткеннен маған 150-200$ беріп тұрды. Қазір саяхат шама­лы саябырсыды. Қазір айтарлықтай ақша түсіп тұрған жоқ.

– «Жиһанкез Темірланның» өмір бағытын, мақсатын, ойын білсек…

– Мен қызылды-жасылды дүниеге аса бір қызықпаймын. Дүниемнің болғанын қалап, қымбат заттар алғанмен, оған деген қызығушы­лығым тез басылып қалады. Сондықтан мен ақша жинап, оны әлемді саяхаттауға жұмсағанды дұрыс санаймын. Өміріңнің бос өтпегені, таным көкжиегіңінің кеңейгені дұрыс қой. Менің мотивациям – осы.

– Түсінікті. Алда қандай мемлекеттерге саяхаттамақ ойыңыз бар?

– Көрермендерім де «қашан саяхатқа шыға­сың? Анда бар, мында бар» деп жазып жатады. Ойда біршама ел бар. Бірақ алда саяхаттағым келетін негізгі бағыт – Африка мен шығыс Еуропа елдері.

– Соңғы сауал. Сіздің ойыңызша әр азамат әлемнің қай елін, қай қаласын көру керек?

– Азия мен Еуропа елдерін айтуға болады. Алайда менің айтпағым басқа. Біздің азаматтар дамыған елдерді көрсе екен. Сондай-ақ демокра­тиялық, саяси жүйесі парламенттік, сол елдер­дің саяси жағына үңілсе деймін. Тәуелсіз журналистика мен тәуелсіз сот не екенін білсе екен. Сонда мүмкін отанымыз нағыз даму жолына түсіп қалар.

– Риясыз әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: