Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 13:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ата тәлімін алған әке тәрбиесін көргеннен артық па?

17.12.2021

2286 0

Ауылда Гүлмайрам де­ген апай бар еді. Жасынан кемпірдің қызы болып өскен. Әке-шешесін мойын­­да­май­ды. Күндердің кү­нін­де кемпір қайтыс бол­ды. Бір­де себебін тауып ше­шесі ұрсыпты. Сөйтсе үй­дің артына кетіп қалып: «Құ­дай-ау, бар екенің рас болса, мынаның да қыздары мен құсап жетім қалсын» – деп жылап жүр дейді. Сол оқиға ойыма орала береді. Бүгін түйсікті тағы толғаған соң, осы дәстүр туралы жазайыншы дедім. Қазақта баланы ата мен әженің қолына беру дәстүрі ертеден бастау алғаны бел­гілі. Бірақ оның өзіндік себептері болған. Сонау жаугершілік заманда баланы ата-әжесіне қауіпсіздік үшін берген. Сол дағды бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Алайда мұның пайдасы кімге, зияны кімге?

Бұл жайында қоғамның пікірі екіге жарылды. Естіген пікірлерімізді өз ойымызбен қорытып, ешкімнің атын атап, түсін түстемей жалпы­лама беруді жөн көрдік. Сонымен бірі бұл дәстүр дұрыс дегенді алға тартады. Себебі өмір көрген тәжірибе­сі мол кісілер қауырт тірлік­пен басы қатып жүрген әке-шешеге қарағанда балаға жақ­сы тәрбие береді. Ата мен әженің қолында өсу – ханның баласындай күн кешу дегенмен шамалас. Ешкім маңдайынан шертпейді, ақ дегенің алғыс, қара деге­нің қарғыс болады. Бұл баланың ес біліп, етек-жеңін жинаған тұста ойын еркін айтып, ортасында сыйлы, жақсы адам болып өсуіне ықпалын тигізеді екен. Оның үстіне ата-әженің ба­ласына бере алмаған мейі­рімін, бар ынтасын сол не­мереге беретіні де рас. Оған қартайған шақтағы көңіл­шектікті қосыңыз. Көз қуанышына айналған не­ме­рені туған баласы мен келіні­нен қызғануы да осыдан.

Ал бірі бала әбден толысып, өсіп-жетілгенге дейін ата-анасының қолында болғанын жөн көреді. Бұған да салмақты себеп бар. Балада жеті жасына дейін айналасын танып, жан-жа­ғындағы адамдар жайлы ой қалыптасады. Міне, осы кезеңде ата-ананың қо­лында өссе, әрқайсысының қадірін жете түсініп,  от­ба­сындағы адамдардың рө­лін бағамдайтын болады. Сонда әке-шешесін атымен атап, не оларға дөрекі сөйлеу болмайды дейді кейбір пікірлер.

Шынында қазіргі қоғам­да баланы ата-анасы олай, ата-әжесі былай тарту бір әдетке айналған. Сөйтіп жү­ріп, баланың махаббатына балта шауып алғанын өз­дері де байқамай қалады-ау шамасы. Ата-анасына барайын десе, үлкеннің көңі­лін қимайды. Басқа шара қылайын десе, ол да тиімсіз. Біз білетін кейбір отбасында жағдай осылай. Мұндай таң­даудың ортасында қал­ған бала депрессияға ұшы­рай­тынын психологтар ай­тып та, жазып та жүр. Осыны естен шығармағаны жөн-ау деп ойлайсың кейде.

Баяғыда бір апа:

– Балаларымызды атам мен енеме беріп едік. Ұл-қы­зымыз есейген шақта сөзі­­міз­ді құлағына ілмейтін бол­­ды. Содан кейін немере­ле­­рім­ді әкесі мен шешесінен ажы­­ратпауды жөн көрдім, – деген еді. Кім қалай істеймін десе де өз еркінде. Алайда бо­­лашақта балаға да, басқаға да зияны тимес үшін осы бір түйткілді мәселенің байы­бына барып, болар-болмас қате­лік­тің алдын ал­ған жөн секілді.

К.АҚТАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: