Жұма, 26 сәуiр, 07:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Күйеу бала, төрге озба

08.11.2022

1620 0

Халқымыздың қайсыбір салт-дәстүр, әдет-ғұрпына үңілер болсақ  тағылымдық мәні зор тәрбиені көруге болады. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі тұрмыста орындалатын әрбір іс-әрекетін бағамдай білген жұртымыз небір құнды, мағыналы дүние жасай білген.

Салт-дәстүрді берік ұстанған бабаларымыз түрлі ырым-тыйыммен де оның орындалу барысын жүйелеген. Мәселен, халқымыз ақ босаға аттаған келінге әулетінде қандай міндет, жауапкершілік жүктелсе, күйеу бала атанған жігіттің де өзіндік міндеті болған. Жалпы дәстүрімізде күйеу жігіт орындайтын жөн-жоралғы жетерлік. Алайда қазіргі таңда оның көбісі ұмытылып, салтымыздан шығып қалған. Білгенімізден білмейтініміз көп.

Сондай-ақ күйеу бала орындамайтын, тыйым салынған жоралғы бар. Бұл оның қайынжұртқа бата бермеуі. Иә, қазақ күйеу баласын, төрге шығармайды, бата бергізбейді. Оның да өзіндік мән-мағынасы бар.

Батаның халқымызда қандай маңызы барын жақсы білеміз. «Батамен ел көгерер» деп бүтін жұрттың игілігін жақсы сөзбен байланыстырған жұрты­мызда күйеу бала бата бермеген. Бұл туралы көпті көрген әз ана Базаркүл Байдалиевадан сұраған едік.

– Батаны кез келген адамнан сұрамайды, кім көрінген бермейді. Осыдан-ақ халқымызда оның қан­шалықты құнды екенін білуге болады. Қазақта күйеу бала бата бермейді. Бұл әдепсіз тірлік болып есептеледі. Мейлі жасы үлкен болса да ол үйге күйеу бала болса, бұл жөн-жоралғыны ол атқармайды. Оның елі басқа, руы басқа. Әрбір рудың жұртын басқаратын өз адамы бар. Батаны жасы үлкен, елге сыйлы, аузы дуалы ақсақалдан не алыстан келген сыйлы қонақтан сұраған. Бата адам өмі­ріне әсер етеді деп сенгендіктен кез кел­геннен сұрамай­ды. Қазір оның да мәні кетіп барады. Бата бере алмайтын ата-әжелер көбейді. Бата мен тілекті айыра алмайтындар көп. Бұрынғы қариялардың бата беруі бір-бірінен асып түсетін. Қазір ондай кісілер некен-саяқ, – дейді апамыз.

Дәстүріміздің түбіне үңілер болсақ небір жөн-жоралғыны табуға болатын шығар. Тек заманына сай бірі ескіріп, бірі қайта түрленіп тұрмысқа еніп жатады. Заманға сай болғаны дұрыс, ескінің сарқыншағы дейтіндер көп. Сондай ермеліктің сал­дарынан талай құнды дүниелер естен де, есептен де шығып қалуда.

Күйеубалаға қатысты тағы бір тыйым – оны төр­ге шығармайды. Келіннің төрге шығуы әдепсіздік болса, күйеубаланыңда мұндай әрекеті ерсі  саналған. Алайда қазір келіндер төрге шықпағанымен, төрде отыратын күйеу баланы жиі байқауға болады.

– Қазір ниет деген сөздің де мәні қалмады-ау. Дұрыс емес дүниеге жөн айтсаң «бастысы ниет түзу» дейтін болған. Ниетінің түзу болуын, біреуге  кесірлік жасамауды есті адам өз ұғуы тиіс. Ниеттің түзулігінен енді төрге озған күйеубала көбейген. Әрине, «Пайғамбарда күйеубаласын сыйлаған». Бірақ оның да өз орнымен болғаны жақсы. Күйеу­баланы төрге шығармауы, «есіктен кіріп, төр менікі деме, шаңырағыма ие болар өз ұрпағым бар» дегенді меңзейді. Есі бар жігіт қайынжұртының төріне шықпайды. Мұны жастарға айтып, жөн көрсететін үлкендер болуы керек. Өкініштісі, қазір күйеубаланың алдына түсіп, өзі қызмет қылатын қайынжұрт көбейіп келеді, дейді, – әз-ана.

Байқасақ, күйеубаланың да келіннің де міндеті бірдей. Бірін кем, бірін артық қылмай тең ұстаған халқымыздың даналығын осыдан-ақ байқауға болатындай. Расымен, қазір ешкім күйеубаласын есік жаққа отырғызбайды. Қайта «жоғары шық» деп төрді нұсқайтындарды жиі байқаймыз. Мұнысы «күйеу­баламды баламдай көремін» дегені ме? Әлде…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: