Сейсенбі, 24 желтоқсан, 23:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды   

05.11.2024

568 0

«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген қазақта керемет тәмсіл бар.    Әкенің тәрбиесін алып, оның мектебінен тәлім алған ұрпақ қоғамда өз орнын тауып, отбасын құрған кезде де сол өнегені әрі қарай дамытып, өзінен өрбіген балаларына да  саналы тәрбие береді.  Әрине, қазір қоғамда әкелердің мәртебесі өте биік немесе өте төмен деп те айта алмаймыз. Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы республикалық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Камал Әлпейісованың айтуынша, қазір Қазақстанда 900 мың толық емес отбасы, 72 мың жалғызбасты ана бар екен.  Бұл сандар көп құпияның сырын ашқандай. Әрине, бес саусақ бірдей емес.  Өз отбасына үлгілі тәрбие берудің орнына ішкілікке салынып, отбасына залалын тигізіп жүрген ерлер қаншама.  Қазіргі жасөспірімдердің арасында қылмыстың көбеюі,  өз-өзіне қол салу дерегінің жиілеп кетуі, жастардың ажырасуы көбіне  осындай әке тәрбиесінің әлсіздігінен деуге негіз бар.

Керісінше шаңырағына қамқор болып, отбасының ыстық-суығын жұбайымен бірге көтеріп, перзенттеріне үлгілі тәрбие беріп,  қоғамның дамуына белсенді үлес қосып жүрген  азаматтардың көп екенін де жоққа шығара алмаймыз.  Әрине, балаға ата-ана тарапынан тал бесіктен беріл­ген тәрбиенің  маңызы зор.  Ұядан не көрсе ұшқанда соны ілетін перзент тәрбиелеу –  адамзат баласының асыл арманы.

Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінде өткен  «Тәр­бие – тал бесіктен» атты IX республикалық әкелер форумы­ның маңызы зор.  Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қызылорда облысы әкімдігінің, «Әкелер одағы» РҚБ қолдауымен ұйымдастырылған басқосуға зиялы қауым өкілдері, отбасы саясаты саласындағы сарапшылар, халықаралық ұйым өкілдері, республикалық Әкелер одағының өңірлік жетекшілері, республиканың барлық өңірінен 150-ден астам делегат қатысты.  Форумның алғашқы күнінде қонақтар қаланың көрікті жерлерін аралап, жаңадан салынған әлеуметтік нысандармен танысты. Ал сессия жұмысының екінші күнінде «Ер адамның бейнесін қалыптастырудағы әкенің рөлі: жауапкершілік, батылдық, құрмет»  тақырыптары талданып, «Отбасы академиясының» негізін қалаушы, отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың модераторлығымен спикерлер «KAZAQSTAN ARDAGERLERI» қауымдастығының төраға­сы Бақытжан Смағұл, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі» РМКҚ директоры Біржан Хасанғалиев, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы республикалық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Камал Әлпейісова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, фило­ло­гия ғылымының докторы Баймырза Қожамберлиев  қоғам­дағы әкелер ролінің маңызына тоқталып, әкенің мәрте­­бесін көтеру үшін алдымызға қандай мақсат қоюымыз керек деген сауалға өз пікірлерін білдіріп, мәселені кеңінен тарқатты. 

Алдымен сөз алған модератор Ержан Мырзабаев өзінің балалық шағының қалай өткенін айтып берді.

– Менің ата-анам ерте ажырасып кетті, бірақ әкем бізден байланысын үзген жоқ. Өкінішке қарай, денсаулығы сыр беріп, өмірден озды. Сондықтан әке тәрбиесін толық ала алмадым. Бала кездегі бірге болған сәтіміз есімде, бірақ нағыз керек ететін жасөспірім шақта жанымда болған жоқ. Әке болуды кітаптардан, жолымда кездескен тұлғалардан үйрендім. Отбасы құрған соң бес жыл балалы бола алмадық. «Балам болса қалай тәрбие беремін, қалай сөйлесемін?» деп ойланатын едім. Уайымымды амалға айналдырып, ізденіп оқи бастаған соң өзіме сенімді бола бастадым. Ең бастысы, тәжірибе мен әрекет. Әрекет әдет қалыптастырады, әдет мінез қалыптастырады, ал мінезің – сенің тағдырың» деген сөзді өзіме ұстаным еттім, – дейді  тәжірибелі психолог.

Шынында, бала тәрбиесі ағаттықты кешірмейді.  Тәрбие жұмысындағы ең үлкен жетістік – баланың бақытты болуы. Перзентің өзіне сенімді, өмірге құштар болып өссе, балабақша немесе мектебіне қуанып барып, күліп қайтса,  мұның бәрі үлкен жетістік.

Жиында спикер Бақытжан Смағұл өз  сөзін өлеңмен бастады.

Қайсарлық пен парасаттың өлшемі,

Әке тұрса емендей боп еңселі.

 «Әкесіне тартып туған ұл ғой» деп,

Қадірлейді қай кезде де ел сені.

Есті бала әкесіне ілесер,

Қиындыққа қарсы тұрып күресер.

Анасына тартса қалай қыз бала,

Әкесіне тартып солай ұл өсер.

 Әйел ерін сыйламаса не дейін,

Ер әйелін қорлап жатса не дейін.

Әйел-ана  азаматын сыйласа,

Ұрпағының биіктетер мерейін, – деген өлең жолдарымен елді баурап алып, әрі қарай әңгімесін негізгі тақырыпқа бұрды.

– Әке ең бірінші отбасына ие болған дұрыс. «Еркегі жігерсіз елдің әйелі шідерсіз» болады. Қай кезде де  ер-азаматтың орны ерекше. Мен шешемнен 13 жасымда жетім қалдым. Отбасында 12 жанбыз. Әкем қаттырақ сөйлесе, шешемді өлтірген сол сияқты көрінетін. Бірақ өмірден опық жемесін деп бізді қатал тәрбиелеген  әкем ананың да, әкенің де орнын жоқтатпады. Өкінішке қарай, қазір жағдай басқаша. Ер азаматтарымыз «күйдім, сүйдім» деп біреудің алақанға салып  отырған қызына үйленгенмен, оның жауапкершілігін мойнына алмайтыны өкінішті. Ал отбасына мейір-шапа­ғатын төгіп, берекесін кіргізіп отырған азаматтарымыз да жетіп артылады. Ақпарат көздерінде осындай елге үлгі болып отырған өнегелі ер-азаматтарды насихаттап отырса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. «Қара құйын» сияқты дүрбелең заманда өз тіліңе, отбасыңа, дәстүр-салтыңа  жаны ашып тұратын ұрпақ тәрбиелесек деймін, –  деді ол.

Мұнан соң сөз алған қазақтың біртуар әнші-композиторы Ескендір Хасанғалиевтың ұлы Біржан Хасанғалиев болса өз әкесінен көрген тәлім-тәрбиесі жайлы сөз қозғады. Әрине, қазақтың патриоттық әндерімен бесігі тербелген перзенттің айтар ойы да салмақты екен.

– Даңқты әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің ұлы болу маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Әкем менің мақтанышым, тірегім, қамқоршым, досым болды деп қаймықпай айта аламын. Себебі елін жанындай сүйіп, құрметтеп, әнге қосып әлдилеген әкемнен көп тәрбие алдым. Мен өмірге келген сәттен әкем шығармашылық жұмысымен қоса, менің тәліміме көп мән берді. Алматының қақ ортасында дүниеге келіп, айналам орысша сөйлеп жатқанда мені ана тілімде алғашқы сөзімді айтқызып, ата-баба тіліне баулыған, №12 қазақ орта мектебіне оқытқан әкеме ризашылығым шексіз. Әкем  басқа ұлт өкілі жанында да тек ана тілінде сөйлейтін. Бала тәрбиесіндегі негізгі маңызды нәрсе – ата-анаңның араласатын ортасы. Мен бұл жағынан бақыттымын. Себебі менің әкем мен анам зиялы кісілермен араласты, оларды қонаққа шақырды. Елге белгілі ірі тұлғалар Сырбай Мәуленов, Әбу Сәрсенбаев, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевтармен дастархандас болып, керемет әңгімесін тыңдадым. Әкем қасына отырғызып «балам, осы кісілердің әңгімесін тыңда» дейтін. Бұл менің бүкіл өміріме рухани азық болды. Қазір қонақ шақырсақ, балаларды басқа бөлмеге жібереміз. Үлкендердің өнегелі әңгімесін балалар тыңдағаны да дұрыс деп ойлаймын. Бүгінде әкемнен алған ғибратымды, құндылықтарды балаларыма үйретіп келемін», –  деп ой түйіндеді ол.

Жиында шығып сөйлеушілер тағылымды әңгімелерін айтып, өз саласын жетік меңгерген психолог мамандар «Отбасы және қауіпсіздік», «Саналы ата-ана», «Бұқаралық спорт – мықты денсаулықтың кепілі» тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісіп, ашық диалог алаңында күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты талқылады.

Келелі жиын «Достық» үйінде пленарлық отырыспен қорытындыланды. Пленарлық отырысқа облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, форум қонақтарына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құт­тықтауын жеткізіп, отбасы құндылығы мен киелі шаңырақ қасиетін жас ұрпақ санасына сіңіру, рухани-адамгершілік тәрбиені дәріптеу мақсатында Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Әкелер кеңесінің мәртебесін арттыру бағытындағы форум басқа өңірлерде де өткізіліп, республикаға насихатталмақ.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: