Жұма, 29 наурыз, 02:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Сыр журналистикасы тарихы» бес томдығының тұсаукесері өтуде

11.12.2021

821 0

Бүгін, 11 желтоқсанда Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінде «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының тұсаукесері өтуде.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп және Түркістан, қызылордалық қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарық көріп отыр. Бұл еңбектің ерекшелігі сол, Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгінін қызылордалық журналистердің өздері саралап, зерттеп жазып шықты. Шығармашылық топ бұған екі жыл уақыт арнады. Кітап жазу барысында Сыр журналистикасының тарихына қатысты бұрын-соңды қалам тербеген аға-әріптестердің, ғалымдардың еңбегі пайдаланылды. Мұнымен қоса Мәскеу, Алматы қалаларындағы, Қызылорда облысындағы архивтерден, кітапханалардан нақты мәліметтер, тың деректер алынды.

Бестомдық кітап қазақ журналистикасы әрі өлкетану үшін үлкен қазына болғалы тұр. Себебі, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Алаштың анасы деп баға берген Сыр бойы шежіресінің бір парағы – бұқаралық ақпарат құралдарының бай тарихы алғаш рет жүйеленіп, жазылды. Ауқымды жоба көмескі тартқан тарихты қайта түгендеу, қалам ұстаған кешегі әрі бүгінгі буынның азды-көпті еңбегін дәріптеу, талдап-таразылау, ғылыми айналымға қосу, жас журналистерге кәсіби бағдар беру секілді мақсаттарды көздеді. Сондықтан, бұл еңбек оқырмандардың, әсіресе, журналистердің, ғалымдардың назарын аударып, қызығушылығын оятады деген сенім мол.

Айта кетейік, Сыр бойында жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарының тарихын зерттеп-зерделеген жинақтың І томы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың алғысөзінен бастау алған. Сонымен бірге «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаевтың, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбектің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайманның жалпы қазақ баспасөзіне жасаған талдау ойлары, Сыр журналистикасына айтылған пайым-пікірлері берілген.

Жалпы I томда ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттері және «Ақмешіт жастары» басылымы қамтылған. Сондай-ақ «Сыр медиа» ЖШС-ның құрылу кезеңі жайлы айтылады.

Кітаптың ІІ томында облыс аумағына кіретін қалалық газет және аудандардың мемлекеттік басылымы қамтылған. Бұл үнжариялардың тарихи кезеңі, онда жарық көрген тақырыптардың ауқымы, жалпы қоғам дамуындағы газеттің рөлі жайында қызықты мағлұматтар бар.

Кітаптың ІІІ томы қазіргі күні заманауи цифрлық мүмкіндіктер арқылы Сыр бойынан республика аумағына тарайтын «Қазақстан» РТРК облыстық филиалының және Қызылорда қоғамдық телекомпаниясының тарихына арналады. Сондай-ақ бүгінде жабылып қалған облыстық радионың 80 жылға жуық тарихы да оқырманын бей-жай қалдырмайды. Аз уақыт болса да Қазалыдан хабар таратқан «Серік ТВ» және қызылордалық жастардың құлағында үні қалған СЕТА радиосы жайлы да азды-көпті мәлімет бар. Жаңа медианың жолашары болған «Qyzylorda news» ақпараттық агенттігі және оның азаматтық медианы дамытудағы рөлі жайында айтылады. Бұл томда облыстағы баспа ісі жайлы да жазылған.

Жинақтың ІV томында берілген Сыр бойында жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарының үлкен бір легі жекеменшік басылымдар тарихы жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның тынысындай әсер қалдырады. Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ашылып, кейін қаржы тапшылығынан жабылып қалған қанатқақты ірілі-ұсақты газеттер, мұнымен қоса жоғары және орта оқу орындарының, басқармалардың ведомстволық басылымдары қамтылды.

Бесінші кітап «БАҚ саласындағы Сыр мақтаныштары» және «Практикалық журналистика» деген екі бөлімнен тұрады. «БАҚ саласындағы Сыр мақтаныштары» жай ғана анықтамалық емес, сырбойылық қалам ұстаған қауымның шеберлік бастау-бұлағы деп ұсынылып отыр. «Практикалық журналистика» бөлімінде сырбойылық журналистердің тәжірибесі, жас журналистер үшін шеберлік дәрістері жинақталған.

Жиында жаңа кітаптың құндылығы, маңыздылығы туралы ой-пікірлер айтылып, бестомдықтың тұсауы кесіледі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: