Ұлттың болашағы – саналы, тәрбиелі ұрпақ. Ал ұрпақ тәрбиесінің алғашқы әрі ең маңызды мектебі – отбасы. Қазақ халқының «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөзі бекер айтылмаған. Себебі адамның мінез-құлқы, дүниетанымы, адамгершілік қасиеті, ұлттық болмысы мен өмірлік ұстанымы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан ұлттық тәрбиенің іргетасы да, алтын бесігі де – отбасы.
Қазақ қоғамында тәрбие тұтас ұлттың тағдырымен сабақтас ұғым ретінде қарастырылған. Ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше жауапкершілікпен қарап, бала дүниеге келген сәттен бастап оның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге мән берген. Бұл – ғасырлар бойы сұрыпталып, бүгінгі күнге дейін жеткен өмірлік тәжірибе мен тағылымның жемісі.
Ұлттық тәрбие – халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ана тілін, мәдениеті мен рухани құндылықтарын жас ұрпақтың бойына дарыту. Оның басты мақсаты – елін сүйетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, еңбекқор, намысшыл, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу. Мұндай қасиеттердің барлығы ең алдымен отбасы тәрбиесі арқылы қалыптасады.
Қазақ халқы баланы бесіктен бастап тәрбиелеген. «Болмайды», «ұят болады», «обал болады» деген тыйым сөздердің астарында терең тәрбиелік мән жатыр. Үлкеннің жолын кеспеу, нанды аяқасты етпеу, дастарқанды құрметтеу, суды ластамау, түнде ысқырмау сияқты тыйымдар баланың бойында жауапкершілік, тәртіп, табиғатқа жанашырлық пен адамгершілік қасиеттерін қалыптастырды. Бұл – жай ғана тыйым емес, ұлттың ғасырлар бойы жинақталған өмірлік қағидалары.
Сонымен қатар қазақ тәрбиесінде ырым-дәстүрлердің де тәрбиелік маңызы ерекше. Бесікке салу, ат қою, тұсау кесу, сүндет той, бата беру секілді ұлттық рәсімдердің барлығы – ұрпақтың жарқын болашағына деген ақ ниеттен туған тағылымды дәстүрлер. Осындай салт-жоралғылар арқылы бала туған халқының тарихын, мәдениетін, дүниетанымын танып, ұлттық рухпен сусындап өседі.
Отбасындағы тәрбиеде әкенің орны әрдайым айрықша болған. Қазақ халқы «Әке – отбасының тірегі» деп бекер айтпаған. Әкенің өнегелі ісі, парасатты сөзі мен өмірлік ұстанымы ұл-қыз үшін ең үлкен мектеп. Әке баласына адалдықты, еңбекқорлықты, батылдық пен жауапкершілікті үйретеді. Ұл бала әкесіне қарап бой түзейді, азаматтық қасиеттерді бойына сіңіреді. Сондықтан әке – тек отбасының асыраушысы ғана емес, ұлттық рух пен елдік құндылықтарды дәріптеуші тұлға.
Ал ана – мейірім мен ізгіліктің, тәрбиенің қайнар көзі. Қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, «Қызға қырық үйден тыйым» деген тағылымды қағиданы қалыптастырған. Бұл ұғым қыз баланы шектеу емес, оның ар-намысы мен абыройын, тәрбиесі мен болашағын қорғауға бағытталған. Ана қызына әдептілік пен инабаттылықты, ұқыптылық пен қарапайымдылықты, үлкенді сыйлау мен кішіге қамқор болуды үйретеді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ана ғана тәрбиелі ұрпақ өсіріп, елдің ертеңіне қызмет ете алады.
Бүгінде жаһандану үдерісі мен ақпараттық технологиялардың дамуы балалардың дүниетанымына бұрын-соңды болмаған деңгейде ықпал етуде. Әлеуметтік желілер мен түрлі ақпарат көздері жасөспірімдердің көзқарасына әсер етіп жатқан қазіргі кезеңде отбасы тәрбиесінің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Егер бала үйінде ана тілінде сөйлеп, үлкеннің батасын тыңдап, ұлттық дәстүрді құрметтеп өссе, онда ол қандай ортада жүрсе де өзінің ұлттық тамырынан ажырамайды.
Ұлттық тәрбие – өткеннің сарқыншағы емес, келешектің кепілі. Ұлттық құндылықтарға сүйенген тәрбие ғана елдің бірлігі мен рухани тұтастығын сақтай алады. Сондықтан әрбір ата-ана өз шаңырағын ұлттық тәрбиенің алтын бесігіне айналдыруы қажет. Тәрбие отбасынан басталып, білім беру ұйымдарында жалғасып, қоғамда берік орныққанда ғана елін сүйетін, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптасады.
Ұлттың қуаты – оның тәрбиелі ұрпағында. Ал сол ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына негіз болатын қасиетті мекен – отбасы. Отбасы берік болған жерде ұлттық тәрбие де, ұлттық рух та мәңгі жасай беретіні сөзсіз.
Сәкен Алдашбаев,
«Сыр дидары» газетінің бас редакторы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!