Жұма, 26 сәуiр, 09:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Балаңыз қай тілде былдырлайды?

21.12.2021

1042 0

Жақында алыс ағайынның үйіне қонаққа бардық. Қазақы тәрбиені бойына сіңіріп, салт-дәстүрді берік ұстанатын аға-жеңгемнің 5 жастағы қызы орысша сайрап жүр. «Бала тілі бал ғой». Үлкендер жағы оны қызық көріп, қайта-қайта сөйлетеді.

Сол жерде білгенімдей, бүлдіршіннің тілі 4 жасында орысша шыққан. Оған дейін апармаған дәрігері, бармаған емханасы қалмаған. Қарап отырсақ, үйінде бәрі қазақша сөйлейді. Балабақшаға да қазақ тобына барады. Сонда бұл қалай? Расында, үйде де, бақшада да қазақ тілінде сөйлесе бала өзге тілді қайдан үйренеді дейміз-ау. Әрине, оған орыс тіліндегі мультфильмдер тікелей әсер етуде. Біз куә болған бұл жағдай көптің көкейінде жүрген мәселе. Себебі қазір екінің-бірінің баласының тілі осылай орысша шығуда.

Ертеде баласының тәрбиесіне ерекше назар аударған әкесі тілі енді шыға бастаған бір жастағы ұлын аты елге мәшһүр бір данышпанға апарып тәрбиелеп беруін сұрапты. Сонда әлгі ғұлама кісі «Сіз екі жылға кешігіп қалыпсыз» деген екен. Ондағы айтпағы, бала тәрбиесі құрсақта жатқаннан басталады. Данышпанның бұл сөзін бүгінгі ғылым да растайды. Бала құрсаққа біткеннен кейін 15-18 айында миы қалыптасып, 30-40 апталығында баланың есту қабілеті дами бастайды екен.

– Қазақта ана тілі ана сүтімен дариды деген сөз бар. Бала өзінің ана тілін құрсақта жатып бойына сіңіреді. Егер ата-ана тек қазақша сөйлесе баланың да тілі сол тілде шығады. Қазіргі кезде біздің балабақшада тілі кеш шығатын немесе дыбыстарды анық айта алмайтын балалар өте көп. Осындай мәселемен келетін ата-аналар да жетерлік. Басында ата-анасы баласының дұрыс сөйлемеуін еркелік деп ойлап, көп уақытын өткізіп алады. Сондай-ақ үлкендер әкесі бала кезінде кеш сөйледі тұқымында бар деп жіті мән бермейді. Бұл қате түсінік. Мектепке барғанға дейін бала дұрыс сөйлемесе, ата-ана дабыл қаққаны жөн. Балалар көбінесе «ң», «ғ», «ү», «ұ», «қ», «ө» дыбыстарын айтуды қиналады. Мұның шешімін іздеп, баласының болашағына, дұрыс сөйлеуіне алаңдаса, маманның көмегіне жүгінуі керек. Қазір логопед маманы барлық балабақшада бар. Бұл бүгінгі уақытта ең керекті мамандықтың бірі. Ол әр баламен жеке жұмыс істеп, әріптерді дұрыс айтуына көмектеседі. Сондықтан баланы арнайы маманға апару қажет, – деді «Айжұлдыз» балабақшасының тәрбиешісі Гүлзат Мұратбекқызы.

Қазіргі таңда баланың орысша сөйлеуінің себебі – ақпараттық кеңістіктің орысша болуы. Расында, ұялы телефондағы қолжетімді мультфильмнің бәрі орысша. Сондықтан кейбір балаға қазақша сұрақ қойсаң, тілі күрмеліп, жауап беруі қиын. Өйткені баланың санасы орысша ойлап тұр. Сондықтан ол қазақша сөйлеуге қиналады.

Логопед маманның айтуынша, бүгінде баланың тілін шығаруға көмектесетін түрлі әдіс-тәсілдер бар. Олардың бірі – артикуляциялық жаттығулар. Бұл жаттығу баланың тіліне арналған. Сонымен қатар логопед маманның оқу қызметінде дидактикалық ойын барысында бүлдіршіндер асықпай сөйлеуді үйреніп, дыбысты айтуға шыңдалады. Сондай-ақ сөздік қоры молаяды. Осы ретте «Баланың тілі неге орысша шығады?» деген сұрақты логопед маманға да қойдық. Маман ата-ананың балаға немқұрайлы қарауынан екенін айтты. Сонымен бірге бүлдіршіндер сағаттап ұялы телефонға қарап, баланың санасы қажетсіз ақпаратқа толып, ойын қарапайым сөзбен жеткізе алмайтыны содан екенін айтуда.

– Бала тілінің орыс тілінде шығуының бірнеше себебі бар. Ең бірінші – ұялы телефонды көп қолдануы. Ондағы мульт-фильмдер, ойындар баланы өзіне баурап алады. Ол ата-анаға ыңғайлы болғанымен, баланың тілінің бұзылуына әкеп соғуда. Сондай-ақ отбасындағы сөйлеу тілі де балаға әсер етеді. Орыс тілінде сөйлейтін ата-ананың өзі қазақ тіліне тән кейбір дыбыстарды таза, анық айта алмайды. Оны көрген бала да үлкендер осылай сөйлеп жатыр екен, біздікі де дұрыс деп тілдерін бұрап, түсініксіз сөйлейді. Бүгінде бұл мәселе әсіресе еліміздің ірі қаласында тұрғандарды қатты алаңдатуда. Десе де жыл өткен сайын біздің өңірдің де балаларының тілі орысша былдырлап жүр. Сондықтан балаға ата-ана көп көңіл бөліп, сөйлесе беруі керек. Мультфильмдер мен әнді, қазақ тілінде көруі керек. «Бесік жырын» тыңдап ұйықтаған бала, жаңылтпаш, қазақ ертегілері, санамақтарды естіп, айтып өскен баланың тілі таза, шұрайлы болып келеді. Ал тілі шықпаған балаларға сұрақ қойып, сөзге тартудың маңызы зор, – деді логопед маман Нұрбина Есімова.

Осындайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деген тәмсілі еске түседі. Ғасыр бұрын алаңдатқан тіл мәселесі бүгінгі қазақ қоғамының да жан

жарасына айналғаны жасырын емес. Бала тілінің өзге тілде шығуы, тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Өсіп келе жатқан жас өскінді қалай қарай майыстырсаң солай қарай өседі. Балаға да қай тілде сөйлесең, сол тілде сөйлеп, сол тілде ойлайтын болады. Сондықтан бұл мәселеге ертеден мән берген дұрыс.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: