Жұма, 29 наурыз, 14:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Ет жемесең, түсіңе кіреді…

13.12.2022

869 0

Сурет ашық дереккөзден алынды

Балаларым қазақтың ет тамағын жақсы көреді.

Екі күн демалыста етті былқытып асып, қолдан қамыр жайып жегенге не жетсін?! 

Расында, бір күнін етсіз елестете алмайтын қазақтың ұрпағымыз. Әсіресе, қыс мезгілінде. Үлкен тамаққа үйдің үлкендерін қонаққа шақыратын әдетім. Осындай бір ас-ауқаттың үстінде қазақтың соғымы жайлы сөз болды. Әңгімені енем бастады…

– Еттерің бар ма үйде? Күннен-күнге ет қымбаттап жатыр екен…

– Бүгін соңғы етті қазанға салдым. Өзіңіз білесіз, биыл етті келілеп алып отырмыз.

Үлкен кісілер келілеп алған етті соғым болмайды дейді. Қысқа арнап жылқы, сиыр байлап соймайынша астың дәмі кірмейді деген пікірде. Себебі, денсаулықтың мықты болуы құнарлы тамақтануға да байланысты екені анық.

 – Аталарың күздің соңғы айында соғымға арнайы мал дайындайтын. Әсіресе жылқы етін тәуір көреді. Денсаулыққа пайдасы да зор. Оның үстіне далада жер басып жайылған малдың еті дәмді болады. Ол кезде кеңшілік заман ғой. Бір бас малды арнайы соғымға сойып, үй-үй болып кеткен ұлдарға таратып беретінбіз, – деп әңгімесін жалғады енем.

Расында, қыстың қамын жазда ойлайтын ағайын күн суыта бастағаннан ала соғымға кірісетін. Еміс-еміс есімізде, соғымның берері мол. Ел-жұртты береке мен бірлікке шақырады.  Соғым сою – қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрінің бірі. Оған жылқы, түйе, сиыр сойылады.

Мүмкіндігінше ірі қара малды байлап, арнайы сойған жақсы. «Береке басы – бірлікте» деп бекер айтылмаған ғой. Бұл дәстүр кезінде ауыл ағайындарының басы тез қосыла кетеді. Бір-біріне қол көмек беру үшін. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, бірі пышағын қайраса, келесісі малды жығуға дайындап жатыр. Керемет көрініс. Енемнің айтқан әңгімелері менің көз алдыма келіп жатқан көріністерді жалғай түскендей болды.

– Соғым союдың өзі кішігірім той сияқты өтетін. Әулеттің ер кісілері мал союмен және оны жіліктеумен айналысады. Ал әйелдер қауымының міндеті ішек-қарын аршу мен қазы тығу. Бұл дәстүр кезінде жиналған ағайындардың әзіл-қалжыңы, мәз-мейрам болған балалардың күлкісі адамға ерекше сезім сыйлайды. Сондықтан да дәстүрдің өз құндылығы бар. Бүгінде ауыз­біршілік артта қалып барады, – деді ол кісі.

Көпті көргені айтқан әңгімесінен аңғары­латын енемнің сөзінің жаны бар. Бүгінгі ұрпақ қазақылықты сақтамай өсіп келе жатыр. «Соғым шүйгін болсын», «қазан майлы, көңіл жайлы болсын» деген тілектерді айтып, «соғым басын» жейтін салттың сәні бүгінде қашып тұр. Жөн-жосықты білетіндер «Береке қашады», «жалғыз қалады» деген ырыммен соғым басын қонақ  шақырмай, өздері ет жемейтін. Дегенмен қазіргі таңда соғымды сою, кеңшілік жасайын десе, нарық қалтаны қысып тұр. Еттің құны шарықтап барады.               

Баға шарықтап барады

Соғымды сойып, қазы қосылған етті жеуді кім де болса армандайды. Тек дағдарыс қалтаны қысып тұр. Нарықта ет бағасы күн өткен сайын қымбаттай түсуде. Мал сатумен айналысатын Ақылбек Сыздықбаев: «Базарда жылқы 280-450 мың теңгеден, сиыр 180-400 мың теңгеден, қой 40-70 мың теңге аралығында сатылымда» дейді. Мұндай бағаға жылқы немесе сиыр сатып алуға қара халықтың қалтасы көтере қоймас. Сондықтан да келілеп алып, соны талғажау етеді.

 Қала тұрғындары соғым соя ма, сойса қайдан алып, қанша мал сояды? – деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. Әркім әрқалай жауап берді. Бірқатары базардан алса, ауылдан арнайы соғым алдыратындары да бар екен.

 Соғым туралы сөз еткенде қазы-қарта жал-жаяны айтпай кете алмайсыз. Демек, қыстың аязды күндері қазыдан дәм татқыңыз келсе, жылқы етін қысқа азық етіңіз.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: