Сәрсенбі, 29 мамыр, 13:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№42-2052
28.05.2024
PDF мұрағаты

Несие тарихын қалай жақсартуға болады? Маман кеңес берді

26.12.2022

1255 0

Бүгінде кредитін уақтылы төлемей жүрген қазақстандықтардың 10 пайызының несие тарихы бұзылған. Нәтижесінде борышкерлердің кредиті өтелмей, олар «қара тізімге» енген. Олардың көбі қарызды туыстарының атынан алған. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Сондықтан Нұрғалиева қазақстандықтарға тек өз атынан кредит алуға және кредит өтеу мерзімін 15 күннен асырмауға кеңес береді.

«Кредитін мерзімінде төлемей, кешіктіріп жүрген кез келген қарыз алушының несие тарихы бұзылып, келесіде несие алу мүмкіндігінен айырылады. Себебі банктер клиенттің соңғы 2-3 жылдағы несие тарихына қарап, бұрын қандай кредит және қандай мерзімге алғаны, оны уақтылы жауып жүр ме, жоқ па, қандай банктерден алғаны туралы мәліметті қарап шығып болған соң ғана өзінің несиелендіру саясатына сәйкес шешім қабылдайды.

Қарыз алушының кредитті 90 күннен аса уақыт төлемей жүргені анықталса, банк кредит беруден бірден бас тартады. Ал кешіктірілген мерзім 30 күн болса, банк өтінішті қарастыруы мүмкін. 15 күнге дейін кешіктірілген кредит несие тарихына әсер етпейді. Себебі ол техникалық қате болып саналады», – деп түсіндірді маман.

Бірінші кредиттік бюро өкілінің айтуынша, олар қарыз алушының кредиті бойынша барлық мәліметті 10 жыл сақтауға міндетті. Онда уақтылы төлемей жүргені туралы ғана емес, сондай-ақ, кредитті қандай мақсатта алғаны мен төлем қабілеті туралы мәлімет сақталады дейді.

Осы ретте Нұрғалиева банк кредит беру кезінде қандай факторларға қарайтынына тоқталды.

«Банк бірінші кезекте өтініш берген адамның несие тарихын тексеру үшін Бірінші кредиттік бюроға сауал жолдайды. Қарыз алушының дәл қазір қанша кредиті бар және оларды қалай төлеп жүргені туралы мәлімет алған соң ғана шешім қабылдай алады.

Екінші кезекте, клиенттің жалақысы тексеріледі. Қарыз жүктемесі 50 пайыздан аспауы тиіс. Яғни сіздің жалақыңыз 100 мың теңге болса, көп болса 50 мың теңгесін кредитке құя аласыз. Жүктеме одан асып кетсе, банк өтінішті қарастырмайды.

Үшінші жағдайда, қаржы ұйымы борышкердің салық, алимент бойынша мемлекетке қарызы бар-жоғын, сондай-ақ, шетелге шығуға тыйым бар ма, жоқ па – осы мәселелерді анықтайды», – дейді Әсем Нұрғалиева.

Ал банктің қара тізімі туралы түсінікті маман жоққа шығарды.

«Қара тізім деген тіркес мүлдем дұрыс емес. Банктер де, Бірінші кредиттік бюро да ешқандай қара тізім жасамайды. Кредиттік бюро тек кредитке қатысты мәліметті жинайды. Қарыз кешіктірілген болса, банк ол туралы мәліметті кредиттік бюродан алады. Мұны көбі қара тізім деп түсінеді. Алайда ол қате түсінік. Негізі ол несие тарихы туралы толық мәлімет болып саналады», – дейді Әсем Нұрғалиева.

Сондай-ақ, маман соңғы кездері несие тарихын тазартып, қара тізімнен шығарып беремін деген алаяқтардың көбейгенін, сондықтан алаяқтардан сақ болуға кеңес береді.

Бұдан бөлек, Бірінші кредиттік бюро өкілі қазақстандықтарға несие тарихын жылына бір рет тегін тексеруге кеңес береді. Айтуынша, бұл алаяқтықтың алдын алып, борышкерге несие бойынша қарызы қалай өтеліп жатқанын бақылап жүру үшін қажет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: