Бейсенбі, 10 қазан, 03:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Қазанның қағуы

18.10.2022

1139 0

Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұр­­мысында арқау етті. Қысы-жазы дала­лық өмірде тіршілік еткен қазақ бала­сы өздері тұрған өлкенің табиғи ерек­шелігі мен құпиясын терең білген. Мәселен, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасайды. Сондай-ақ жылдың әр айы мен тоқсанында болатын күн қаба­ғындағы және табиғат өзгерістері мен құбылыстарын әркез назарда ұстайды. Оған ат қойып, айдар тағып, баға беріп отырған. Мұндай жай­ларды үнемі қадағалап, күні бұрын болжайды. Табиғаттың құбылыстарын жұлдыз арқылы бақылап отыратын халық өз қамына қарай көш бастайтын болған.

Қазан айының ішінде күн суытып, қар аралас жаңбыр жауады. Ауа райы­ның мұндай құбылысын үлкендер халқымыздың ертеден қалыптасқан «Қазанның қағуы» амалымен бай­ланыстырады.

Қазанның желі қаққан ащы шөп­терді осы амалдан кейін қой, түйе жеп, ащылайды. Сонымен қатар қазан айында кіші қазан, үлкен қазан деп аталатын амалдары бар. Бұл екі амалдың да ұзақтығы он күннен арасына екі апта салып, кезектесіп келеді. Қарттарымыз бұл амалдардың кіруі мен шығуын күнтізбе бойынша есептеген.

– Кіші қазанда жел тұрып, күн суып, жаңбыр жауады. Тұщы шөптердің бояуы оңып қурайды. Ал ащылы шөптер: шағыр, сораң, қара жусан, алабота пісіп, тұшиды. Қазақ бұл құбылысты «шөпті қазанның қағуы» дейді. «Қазан қақпай мал жемейді» деген сөз бар. Сондықтан мал өсіретін ел бұл шөптерді қазан қақпай шаппайды. Себебі қазан қақпай шабылған ащылы шөп малдың ішіне тиеді, ас болмайды. Ал үлкен қазанда қар аралас жаңбыр жауады, қатты ұшырма жел болады. Өсімдік атаулы түгелге дерлік қурайды, яғни көктемде бой алып өскен өсімдік атаулы қара отқа, бойында нәрі жоқ өлі шөпке айналады. Қой баққан жылдары үлкен қазан амалы жақындағанда-ақ кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарды өріске жібермей, ауыл маңына ұстайтынбыз.  Олардың ішінен суыққа шыдамайтын қазан асын соя бастайды. Ал күздің осы амалдарынан аман шыққан малдарды қыстауға қарай айдап әкетінбіз. Малды табиғаттың тосын мінездерінен сақтап қалу үшін әр айдың амалына қарай әрекет жасайтынбыз, – дейді ұзақ жыл мал баққан әкем Батырбай Айтжанов.

Әсіресе күз мезгілінде дала қоңыр­қай тартып, жер қатып су мұздайды. Мал бағып тіршілік еткен қазақ халқы күз мезгілін өзінше сипаттап, әр түрлі амал кезінде соған сай  дайындықтарын жасап отырды. Халық аузында «күзгі аспан жеті рет құбылады» деп ауа райының аяқасты өзгеріп кететінін айтқан. Сондықтан мал-жанды сақтау үшін дәстүрлі амалдың басталуын күтетін болған.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: