Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін енді онлайн және қашықтықтан оқыту форматы толық тоқтатылуы мүмкін деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігі “Көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру” қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа өзгеріс енгізбек. Жоба құрылымы “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Онда автомектептерде бұрынғыдай онлайн немесе қашықтықтан оқыту форматының күшін жою мәселесі қозғалған.
Қоғамдық талқылауға ұсынылған жобада мұндай шешімнің оқыту сапасын арттыру мақсатында әзірленгені жазылған. Себебі оқытудың негізгі нысандары теориялық және практикалық сабақтар болып табылады. Яғни, әрбір пән бойынша теориялық сабақтар күніне екі сағаттан, ал практикалық сабақтар алты сағаттан аспайтындай жоспарланады.
Бір күн ішінде автомобиль жүргізуді үйренушінің біреуіне:
1) автотренажерде кемінде бір сағат;
2) оқу автомобилінде «лекте жүру» жаттығуын, сондай-ақ төрт сағат ішінде пысықталатын, жүк тасымалдаумен байланысты жаттығуларды қоспағанда, кемінде екі сағат пысықтап үйретуге рұқсат етіледі.
Айта кетейік, елімізде жүргізушілерді даярлау қағидасы 2016 жылдан бері бірнеше мәрте толықтырылды. Әрі автомектептердің білім беру үрдісіне жеңілдіктер жасалды. Осы арқылы онлайн және қашықтан оқу тәртібі енгізіліп, міндетті түрде оқу талабы алынып тасталған. Енді араға бірнеше жыл салып бұл жеңілдік те күшін жоймақ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!