Бейсенбі, 02 мамыр, 19:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Үздік өңірлік БАҚ» – «Сыр бойы»

26.09.2023

583 0

Баспа, радио, интернет журналистика саласында 6 жылдан бері дәстүрге айналған «Үркер-2023» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқаудың «Үздік өңірлік БАҚ» аталымы бойынша облыстың ата басылымы – «Сыр бойы» газеті үздік деп танылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Айжан Абдуллаева мен «Сыр бойы» газетінің редакторы Қуат Шарабадинов айтты.

Жыл сайын елорда төрінде өткізілетін медиа апталықта бұл жолы ақпараттық күш, тенденция, өзгерістер мен этика тақырыбы өзек болған. Оның ішінде этика бағытына басымдық беріліп, журналистиканың жаңа бағыты мен даму аясы сараланған.
– Үш күнге созылған медиа форумның алғашқы күні телеарна жұмысы, ондағы жарнама үлесі тақырыбы аясында өрбіді. Ал екінші күні өңірлік БАҚ мәселесіне арналды. Оның ішінде цифрлық дәуірдегі журналистер жұмысының ерекшелігі, жылдамдық, ақпарат көлемі, бәсекелестік туралы кеңінен талқыланды. Яғни өңірлердегі ақпарат тарату құралдарының жұмысын жаңа технологиялармен біріктіре отырып әрі қарай қалай дамытуға болатындығы, болашақта цифрлық өзгерістер, жаңа тенденция өңірлік БАҚ-қа қандай өзгеріс әкеледі және оған қалай дайын болу керектігі жөнінде сөз болды. Бұдан бөлек «Ең рейтингтік өңірлік жобалардың үлгі кейстері» тақырыбында өңірлік БАҚ болса да республикада үздік көрсеткішке жеткен Атырау, Тараз қаласының ақпарат құралдары өздерінің жобасымен таныстырды. Осылайша олар журналистикада шекара жоқтығын, креативті, батыл қадам жасай білу керектігін ұқтырды. Сонымен қатар этика мәселесі де форумның ең өзекті тақырыбы болды. Форумның үшінші күні баспасөз қызметкерлерінің жұмысын жаңа бағытқа көтеру тақырыбымен өрбіді. Сондай-ақ баспа, радио, интернет журналистика саласының үздіктеріне арналған «Үркер-2023» сыйлығы табысталды. Ұлттық байқау жеңімпаздарының қатарында облыстық ата басылым – «Сыр бойы» газеті ұжымының кәсіби бағасын алуы үлкен қуаныш сыйлады,– дейді «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары.
– «Үркер-2023» ұлттық байқауының «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын алу облыстың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында сәтімен келген сый болды. Бұл – редакция ұжымының, журналистердің еңбегінің жемісі. Әрине бұл сыйлық Сыр журналистикасына, оның қарашаңырағы саналатын «Сыр бойы» газетіне және шығармашылық тұлғаларға берілген баға деп білеміз. Осы орайда барлық қаламгерлерді, газет оқырмандарын жеңісімізбен құттықтаймын, – дейді «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабадинов.
Тарихы сонау 1929 жылдан бастау алатын «Сыр бойы» газеті – аймақ жұртын ғасырға жуық ақпараттандырып келе жатқан басылым. БАҚ саласындағы ең маңызды ұлттық байқауда жеңімпаз деп танылуы газет ұжымының еңбегінің еленгені деуге болады.
«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: