Бейсенбі, 25 сәуiр, 12:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бейімбеттің биігі

31.08.2021

1095 0

Қызылорда – күллі қазақтың ортақ мекені. Тарих тінін тарқатып қарасақ, осы өңірде қолтаңбасын қалдырып, еңбек еткен тұлғалалардың сүрлеуін көреміз. Солардың атқарған істері ел игілігі жолында жасаған алуан жұмыстары ұлтқа – ұстын, ұрпаққа – үлгі болып келеді. Соның бірі де бірегейі – Бейімбет Майлиннің Сыр өңіріндегі еңбек жолы.

1925 жылы Қызылорда астана болып тұрған кезде барлық республикалық газеттер жаңа астана Қызылордаға көшірілді. Сол тұста Сыр өңірінен шыққан мерзімді басылымдар шын мәнінде ұлттық басылымдардың қалыптасу және шыңдалу кезі болды. 1925-1929 жылдары «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп», «Еңбекші Қазақ» секілді басылымдарда көркем шығармалар қазақ тарихына оның ішінде Сыр өңіріне қатысты зерттеулер дерегі мол мақалалар жиі басылып тұрды. Бейімбет Майлин Қызылорда астана болған тұста «Еңбекші қазақ» газетінде орынбасар, «Ауыл тілі» газетінде бас редактор қызметін атқарған.

– Қазақ баспасөзінің алғашқы қалыптасу тарихында Қызылорданың алар орны ерекше. Соның бірі «Еңбекші Қазақ» газеті болатын. Осы басылымның 1926 жылғы №319 санында қызықты әрі тарихи танымды қалыптастыратын мақала «Ақмешіттің тарихы» деп аталды. Мақалада Ресей мемлекетінің қазақ даласын қалай отарлағаны жөнінде айтылды. Қызылорда астана болғанда қаламызда дүниеге келген басылымдардың бірі – «Ауыл тілі» газеті. Газет 1926 жылдың 20 шілдесінен 1929 жылғы 12 ақпанға дейін Қызылорда қаласында шығып тұрған ауыл шаруашылығына арналған салалық газет. 1926 жылы партиялық тексеріс нәтижесінде газеттің №1-ші санында «Қазақ тіліне шағым», «Бөртешілердің арманы» деген мақалалар жарияланып, онда партия кеңестің қоғамдық жұмысындағы кейбір кемшілікті жақтары сынға алынған. «Газет партияның ұлтаралық саясаты мәселесін мүлде көтермеді. Шаруа басылымы болса да оның көпшілік материалдары 1916 жылға арналған» делінді тексеру есебінде. Міржақып Дулатов «Ауыл тілі» газетінің белді қызметкерлерінің бірі болды. Қазақстан баспа комитетінің баспасөз бөліміне жазған хатында «Мен, «Ауыл тілінде» қызмет еткенде газеттің тіліне ажарлық (кейбір хаттарды түзеу) газеттерден керекті хабарларды теріп алу, орысша жарлық үндеуді аудару қызметтерін атқардым, мақала жаздым», – деп келтіреді. «Ауыл тілі» газеті сол кезеңдегі барлық басылымдар сияқты оқу ағарту, денсаулық, ауылды кеңестендіру, қазақ байларын тәркілеу, индустрияландыру мәселелерін көтерді. Газет бетіне «Шаруа күні», «Бұрын қазақта той көп болатын», «Мал аурулары» сияқты ауыл тілшілерінің және Жүсіпбек Аймауытовтың «Құтыру», Ғабит Мүсіреповтің «Үлгі боларлық ауыл», Сәкен Сейфулиннің «Қысқы кіреші» өлеңдері, Бейімбет Майлиннің «Рахиланың көк тұсағы» әңгімесі, Ілияс Жансүгіровтің «Қонақтар мен қожайын» сықағы ең алғаш осы газетте жарияланған, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағат Тайман.

1925 жылы көктемде ел астанасы Орынбордан Қызылордаға көшкенде «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», «Жұмысшы», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Жаңа әдебиет» журналдары бір үйге орналасқан болатын. «Әйел теңдігі» журналының басқармасы құрылғанмен алғашқы саны 1923 жылы қаңтарда жарық көрді. Сол кезде елге кең танылған Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфулин, Ілияс Жансүгіров, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов сияқты қаламгерлер журналдың қалыптасып, аяғына тұрып кетуіне барынша жәрдемдесті. Өз жазғандарын ұсынып, қосымша әдеби туындыларды редакциялап, әзірледі. Әсіресе Бейімбет Майлин зор еңбек сіңірді. Осындай қат-қабат шаруаның арасында жүріп, Қазақстан өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бюросына мүше болып сайланды.

«Еңбекші қазақтың» редакторы Смағұл Сәдуақасов Қостанайдан Орынборға келген Бейімбетті өзіне әдебиеттік орынбасар етіп тағайындады. Көркем әдебиет мәселесінде Смағұл Сәдуақасов алашорда жазушылары – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сияқты мықты қаламгерлерге үлкен ықыласпен қарап, оларды кеңестік аталатын жазушылармен бірлестіруге тырысатын. Кеңестік жазушылардан ол тек Сәкен Сейфулинді ғана танып, еңбегін жоғары бағалайтын. Қостанайдан Орынборға қоныс аударған Бейімбет Майлинге Смағұл Сәдуақасов үлкен ықыласпен қолдау көрсетті. «Еңбекші қазақ» газетіне өлеңдерін, фельетондарын, әңгімелерін тоғыта басып отырды. Сонымен қатар оның өлеңдер жинағын шығартып, оған өзі алғысөз жазды. Бұған дейін Бейімбеттің шығармалары жинақ күйінде жарық көрмеген еді. Ақмешіт баспаханасында тез бастыру үшін Бейімбетті арнайы жіберді.

– Орынборлық дәуірді де көріп, істес болып жүргенмен Бейімбетті менің жақын тануым – Қызылорда дәуірі болды. Мен Қызылордадан 1926 жылы келсем, Бейімбет Қызылордаға өткен жылы республикалық мекемелермен бірге көшіп, орнығып алған екен. Оның қазірде көзі тірі әйелі – Гүлжамал ол кезде жас келіншек. Ауылда туып-өскен, газет оқырлық қана сауатты, мінезі ақ жарқын қазақы аталатын бұл әйелді Бейімбет Қостанайдағы туған елінен Қызылордаға келе сала алдыртыпты. Бірер баланың анасы болып қалған Гүлжамал қазақы қалжыңға да жақсы. Бейімбет тұратын пәтер күн сайын қонақтан арылмайды. Газет, журналдарда шығармалары жиі жарияланып тұрды. Жұбайы Гүлжамал күйеуі

«Халық жауы» атанып, сол жалған жаланың кесірінен көп зардап шекті. Өзі де қамауға алынып, ешкімге ешнәрсе айтпаймын деген қолхатпен босатылған болатын. Жұрт та сескеніп, жуысып, араласа қоймады. Тұрмыс ауыр әйтеуір жанұшыра жүріп балаларының үлкені Әукеннен басқаларын тауып алады. Әукен «Халық жауының» баласы деген желеумен айып батальонының құрамында майданға аттандырылып, содан тірі оралмайды. Қанша қабырғасы қайысса да абзал ана оған да төзді. Соның бәрі – сүйген жары Бейімбет үшін, оның сөзі үшін. 1957 жылы Бейімбет ақталғаннан кейін барып балаларының жолдары ашылды. Гүлжамал Бейімбеттің жазған шығармаларын күндіз-түні үзбей оқып отыратын. Бейімбеттің 70 жылдық тойын көргенде шаттанып қуанғанын көріп, толқымаған жан қалмады. Ол – рухы күшті қазақы асыл ана. Түбінде бәрін жеңді. Бейімбеттің осындай биікке жетуі жарының қолдауының арқасында десе артық айтқандық емес, – дейді Сәбит Мұқанов өз естелігінде.

«Ғабит Мүсіреповтің «Шұғаның белгісі» повесінің құрсағынан шығып, етегіне оранып өскендейміз» деген шы-ғармасының алғашқы нұсқасын Бейімбет Майлин жиырма жасында жазған екен. Оның өнерге араласып, өлең шығара бастауы бұдан әлдеқайда бұрын. Ауыл арасында айтысқа түсіп, сықақ өлеңдер шығарып жүрген. Жазғандары он алты жасынан кейін жариялана бастаған. Талант бүр жарып оянбай, бұйығып жатар ма, кейбіреулер оны қазақтың Чеховы, немесе Гоголі, я болмаса Горькиі деп жүрді.

– Бейімбет Майлинді мен 1925 жылы Қызылорда қаласында көрген едім. Ол кезде Қызылорда – республика астанасы. Сол жыл ол Қостанайдағы «Ауыл» газетінен келіп, «Еңбекші қазақ» редакциясына орналасты. Бейімбетпен 1925-1926 жылдардың аралығында жақын араласып, әдебиет майданында бірге болдық. Қазіргі «Социалистік Қазақстан» (Бүгінгі «Егемен қазақстан» ред) газеті болатын. Онда «Еңбекші қазақ» деген атпен шығып тұратын. Бейімбет Майлин осы газеттің әдебиет бөлімін басқарды. Алғашқы рет астананың Қызылордаға келуіне арнаған құттықтау өлеңімді салтанатты жиында оқыдым. Ал Бейімбеттің өзімен тікелей танысуым 1925 жылы «Көктем» деген өлеңімді көрсетуден басталды. Ол орта бойлы, бетінің аздап шешек дағы бар, қара торы кісі еді. Барынша сабырлы, мінезі салмақты көп сөйлемейтін. Осы байсалды қалпын бұзбастан өлеңімді зейін қойып, ұзақ отырып оқып шықты. «Өлеңіңіз басылады. Тәуір екен. Мұнан былай да жазып тұрыңыз. Басылған, басылмағанына қарамаңыз. Көп ізденіп жазыңыз. Жақсы шығарма далада қалмайды. Осында әдебиет үйірмелері бар. Соған келіп, қатысып тұрыңыз, – деп ақыл берді». Осыдан соң таныстығымыз нығая түсті. Көп өлеңдерім Бейімбеттің қолынан өтті. Бейімбет әдебиеттің жетістігін зор мақтаныш ететін. Қандай жиын екені есімде қалмапты. Бір жиналыста қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдеріне арнаған өлеңімді оқып бердім. Президумда Ілияс, Сәкен, Бейімбеттер отыр еді. Өлеңім жоғары бағаланды. «Ертең редакцияға әкеліңіз, газетке басамыз», – деді Бейімбет. Бұл кісі барынша адал, шыншыл адам еді. Оның «Шұғасын» өз уақытында оқырман қауым жылы қабылдады. Ол Ілиястың «Күй» поэмасын оқығаннан кейін: Мен енді өлең жазуды қойдым. Жарайсың, поэзия құлагері, – деп Ілиясты құттықтағаны есімде. Міне біз білетін Бейімбет осындай кең көңілді, кішіпейіл елін шексіз сүйген ұлы тұлға болатын, – дейді Қуаныш Баймағанбетов.

Міне, қазақ руханиятында қайталанбас қолтаңбасын қалдырып, мәңгілік мөрін таңбалаған тау тұлға Бейімбеттің биігі осылай қалыптасты. Оның өз ортасы, шығармашылық шыңы туған елге деген шынайы сезімі барлығы өн бойынан істеген ісінен айқын аңғарылып тұрды. Сыр өңірінде болған сәттері сарқылмас қазынаға айналды. Ол жоғарыда атап өткеніміздей ұлтқа – ұстын, ұрпаққа – үлгі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: