Жексенбі, 05 мамыр, 07:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Жыр жампозы Жиенбай

17.09.2022

637 0

Дәстүрлі өнер жиынтығының алтын арқауы – Дүзбенбетұлы Жиенбай жырау. Атадан балаға мирас болған өнер көшінің көне сүрлеуі Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік тұлғасы Жиенбай жырау саналады. Жастайынан жыраулықтың ақ туын биік ұстаған ол Омар Шораяқтың қызынан туады.

Сүтпен сіңген қасиет ата жолын жалғауына сеп болса керек. Бала жасынан әкесі Дүзбенбеттің ән-жырын тыңдап өсіп, жастайынан ауылаймақты өзінің өнерімен тәнті етіп, ел ықыласына бөленеді. Жиенбай 1864 жылы Қармақшы ауданы, қазіргі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Әке ықпалымен ақындық өнерге ықыласы ауып, зеректігімен, алғырлығымен халықтың жүрегінен орын алып, жас жырау атанады.

Ауыл мешітінен діни сауат ашып, арабша үйренеді. Кейіннен араб тілінде өлең де жазады. Көнекөз қариялардың айтуынша, Жиенбай «Көрұғлы» дастанының арабша нұсқасын қазақ тіліне аударып, ауылаймаққа жырлап таратады. Өнер биігіне талпынған жыр жампозы түрлі тақырыпта дастандар мен қиссалар, өлеңдер мен арнаулар жазып, артына мол мұра қалдырған. Жиенбай жырау талай рет айтысқа да түседі.

Айтыскер ақын айтыстың қазақ елінде кең жайылуына еңбек сіңірді. Ақынның Тұрмағамбетпен, Кете Жүсіппен, Тұрымбетпен, сондай-ақ Алтын руынан шыққан Тобжан ақынмен айтыстары бізге дейін жетті.

Жиенбайдың жыраулық өнерін сынамақ болғандар да көп. Бірде Төребай би дүр Оңғар, Жиенбай және Тұрымбетті сынамақ болып: – Жырауларым, ажал ескертусіз келеді. Егер сол ажал мені алып кеткен жағдайда сіздер мені қалайша жоқтайсыздар, соны көзім тірі кезде естіп қалсам деген ойым бар, – дейді. Сонда Төребай бидің өтінішін алғашқы боп орындаған Оңғардан кейін жоқтау кезегін алған Жиенбай:

Қайтейік, пендеде арман таусылған ба, Айбатты ең, шетіне жау кіре алмаған. Тілейміз тұлпар ізін тайы басып, Халықтың болса ұлы деп мейірі қанған. Қайран ер айта-айта торығамыз, Құтылып кеткен жан жоқ сұм ажалдан, – деп жанында отырған Тұрымбет жырауға өзің жалғастыр дегендей ымдаған екен.

Сондай-ақ 1926 жылы Қызылдың қиясында осы өңірге есімі белгілі бай, төрт түлігі төскейде жайылған бақуатты Бектібай бай әкесі Шонаққа ас береді. Үш жүздің жайсаңдары жиналған аста Бектібай түйе балуан күресін ұйымдастырып, 40 жырауды жырлатады. Талай жыр дүлдүлдері қатысқан жыр додасында Жиенбай жүлдеге тігілген 300 жылқыны жеңіп алып, ұтысының басым бөлігін сол маңда жүрген халыққа таратып жібереді. Ал қалғанын ауылдағы жарлы-жақыбай мен ағайын-туысқа үлестіреді.

Жиенбай жыраудың өнегелі ісі көптеген ақын-жыраудың шығармасына арқау болды.

Омар Шораяқұлы Жиенбай жиені туралы:

Дүзбенбетұлы Жиенбай,

Ақ домбыра қолға алып.

Ұшатын құстай қомданар,

Ерегіскен ер болса,

Екі талай жер болса,

Аянбай шауып жолды алар, – деп оның өнегелі өмірін елге насихаттаса, Даңғайыр ақын Тұрмағамбет:

Есенжол, Жүсіп, Жиенбай,

Жүйріктері заманның.

Отарбадай әр жерден,

Көрінетін бірақ бұрқыұлы, – дейді.

Сондай-ақ Бұқар жыраудың баласы ақын Жүнісбек Жолдинов Жиенбай жырларын оқып: – Жырлағанда Жиенбай,

Құлақтың құрышын қандырған.

Өрен, өнер өтпепті,

Ұрпағына қалдырған» деп бағасын берсе, ақын Қуаныш Баймағамбетов: Жиенбай жыр бұлағы Кетедегі, Шәкірт қып көп шайырды жетеледі, – деп жоғары баға берген екен.

Жиенбай жырлары халық аузында кеңінен айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жетті.

Жампоз жырау жыр жазып қана қоймаған, ол өзі сияқты ақындардың шығармаларын нақышына келтіре халық алдында насихаттап, оны тыңдаушы қауымға нақышына келтіріп жеткізеде білді. Ол жазба ақындар айтысында да өзіндік орнымен танылған тұлға. Жыраудың шығармаларын оқи отырып және оның өнегелі өмірінен сөз қозғасақ, өз дәуірінде оның өнеріне ел сүйсінген, көпшілік сыйлаған жырау болғанын білеміз.

Иә, өз заманының дүлділі атанған сөз зергерінің дарынды жолы баласы Рүстембекке, одан әрі қарай Көшеней мен Бидасқа және Арнұрға ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасып келеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: