Жексенбі, 08 желтоқсан, 07:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Құмиян туралы аңыз немесе кетпеннің ортасы қалай тесілген?

17.05.2022

1936 0

Жеті нан неге таратылады? Шаруа құралы саналатын кетпеннің ортасы не себепті тесілген? Көне шаһарлар жайлы сөз қозғалғанда әңгіменің бір ұшын әкеліп не үшін жы­лан­дармен байланыстырады? Мұның құпиясы не? Осы сұрақтардың барлығына жауапты бір ғана Құмиян атты көне шаһарға байланысты айтылатьн аңыздан табуға болады.

Бүгін Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты көне Құмиян шаһары туралы баяндайтын боламыз.

Жалпы бұл қала туралы ел аузында сақталған аңыз әңгімелер баршылық. Алайда олардың барлығы жыланмен байланысты болып келеді. Тіпті мистикалық оқиғаларға құрылған әпсаналарда бұл қаладағы тіршіліктің тоқтауына да жыландар себеп болғаны айтылады. Сондай оқиғаның бірін Талап ауылының тұрғыны, жасы 90-нан асып өмірден өткен Әбубәкір Данияров атты ақсақал баяндаған еді.

Оқиға желісі былай баяндалады. Бір күні халқы көп, қайнаған тіршілігі бар Құмиян қаласынан бір шаруа отын шабуға барады. Бір жыңғылдың түбінен ысылдаған жылан шығыпты. Дереу қолына кетпен алып, әлгі жыланның басын шауып тастайды. Бір қызығы, әлгі жерден бірінен соң бірі жеті жылан шығыпты. Шаруа барлығын өлтіріп тынады. Отынын шауып, үйіне келгеннен кейін көрші қартқа болған оқиғаны баяндайды. Көпті көрген қария дереу шаһар басшысына хабар беріп, қаладан кету керектігін айтады. Алғашында қала бегі мән бермей, бір алжыған шалдың әңгімесіне балайды. Дегенмен сол түні қаланы жылан басып қалады. Небір ер-азаматтар семсерлерін қыннан суырмай жатып құрбан болады. Ақыры, болмаған соң бек қалған халықты қаладан аман алып шығуды бұйырады. Өзі қасына осындай оқиға болатынын айтқан қарияны алдырып, мына сұмдықтан құтылудың жолын іздейді. Сонда қария: «Біздің шаруа ордалы жыланның ордасын бұзған. Енді олар соны тапқанша тыныштық таппайды» – дейді. Қала басшысы: «Онда сол шаруаны берейік те құтылайық мына пәледен» деп шаруаны алдыртады. Қария болса жыландар бір алған қамалын оңайлықпен босатпайтынын айтып, шаруаны ажалға итермелеуден еш пайда жоқтығын жеткізеді. 

Қала сыртына шыққан соң елді бір жерге жинаған қария кісі бойындай ор қаздырады. Оның ішіне әлгі шаруаны түсіріп, басына жеті нан қояды. Жеті нанның үстіне «жыланды кетпен шапты ғой» деп жеті кетпен қойдырыпты. Ордағы адамға аждаһа оңай жетпеуін ойлап кетпеннің үстіне жеті қазанды төңкертеді. Бұлар осы әрекетті жасап болғанша қаланы түгел тінтіген жыландар арттарынан қуып жетеді. Бірден әлгі орға қарай беттеген жыландар жеті түрлі қазанды жеті жаққа ұшырып жібереді. Ішінен біреуі ысылдаған бойы жеті кетпенді тесіп өтеді. Содан бері кетпеннің ортасы тесік болып жасалады екен. Жеті қазан мен жеті кетпеннен өтсе де шаруаның басында тұрған жеті күлше наннан өте алмай тоқтаған екен. Жыландар өз бетімен кетеді. Шаруаны ордан шығарып алған қария жеті күлше нанды айналадағы жеті елге таратып береді. Содан бері сайын даланы мекендеген жұртшылық  иіс шығарғанда, құран оқытқанда жеті нан таратуды әдетке айналдырыпты.

Бұл менің Әбубәкір қариядан естігенім еді.

Ғаламтор энциклопедиясы саналатын укипедиялық мәліметтерде Құмиян ХІІ-ХІІІ ғасырларда болған қала екені, оның Келінтөбе ауылының оңтүстік-батыс жағында 30 шақырымдай қашықтықта орналасқаны айтылады. Сонымен қатар Сырдарияның құрғап қалған арнасынан 3-4 шақырым жерде тұрғаны, оның  тік төртбұрышты қала екені, көлемі 210х180 метрге жуықтайтыны жайлы мәліметтер бар. Қорғанның кейбір сақталған биіктігі 5-6 метрді құрайды. Дуалының ені – 3-3,5 метр шамалас. Оңтүстік жағындағы екі бұрышында мұнараның құлаған орны 2,5 метр төбе болып жатыр. Қорғанның құрылыс жүйесіне қарағанда төрт жағында бес-бестен мұнара болған. Мұнаралардың арасы – 35 метр. Қақпасы оңтүстік-шығысында орналасқан. Қорғанның сыртын айналдыра қазылған ордың ені 8 метр болса, тереңдігі 1,5-2 метрге жуық.

Иә, біздің заманымызға дейін жеткен Құмиян тағы қандай сырды сақтап жатқаны бізге беймәлім. Тек білетініміз оның сақталған орны  әлі күнге дейін өзін тарихта болғанын айтып жатқандай көрінеді.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: