Жұма, 29 наурыз, 00:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Семей полигонының жабылуы – тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі

31.08.2021

920 0

Қызылордада Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына орай облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. «Семей полигонының жабылуы – Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі» тақырыбымен ұйымдастырылған конференцияда сынақ алаңының жабылуына қатысты тарихи деректер талқыланып, полигонда әскери борышын өтеген ардагерлер көзбен көрген оқиғаларымен бөлісті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен қатар келген бұл күн біздің еліміз үшін ғана емес, әлем елдері үшін де маңызды екені айтылды.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық «Қызылорда-Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш пен бірлестік мүшелері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, облыстық этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымының жетекшілері және қала мен аудандардағы зиялы қауым өкілдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Шәріпбайқызы Семей ядролық полигонының жабылуы бүкіл әлемдегі ядролық сынақтарға мораторий қою жөніндегі халықаралық іс-қимылға және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құруға негіз болғандығын баса айтты. Сонымен қатар жалпы қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл адамзат үшін маңызды оқиғаға айналған Семей полигонын жабу еліміз тәуелсіздік алар тұста қабылданған ең маңызды шешім болғанын атап өтті.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет «Қазақстан – әлемде бірінші болып, ядролық қарудан бас тартқан ел. 2009 жылы Елбасымыз 29 тамызды Ядролық қарудан бас тартудың бүкіләлемдік күні деп жариялау жөнінде бастама көтеріп, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тапты. Нәтижесінде 40 жыл бойы ажал отын шашқан қасиетті Семей өңіріндегі полигонның жабылуы, Қазақ елі үшін үлкен бақыт, әлем халқы үшін үлкен жетістік әкелді. Семей полигонын жабу және Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тарту жөніндегі тарихи шешімі қабылданған бұл күнді ұлықтау бізге парыз», – деп тарихи күннің маңызына тоқталды.

Конференцияда баяндама жасаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тарих ғылымдарының докторы Дастанбек Сәтпай: «Елбасы 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, бұл апат ресми түрде жабылғаны тарихтан белгілі. Бұл сәтте халықтық дипломатияның да жарқын үлгісі көрініс тауып, сынақ алаңының жабылуына жұрт болып жұмыла атсалысты. Бұл ретте «Семей – Невада» антиядролық қозғалысының ықпалын ерекше атап өткен жөн», – деді.

Конференция қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Серік Әбжәліұлы облыстық «Қызылорда-Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбішті 30 жылдық мерекемен құттықтап, облыс әкімі Гүлшара Наушақызының «Алғыс хатын» табыстады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: