Жұма, 29 наурыз, 15:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Шүкіровтің пианиносы

23.10.2022

958 0

2018 жылы Қызылорда қаласы 200жылдық мерейтойын атап өтті. Осы тұста қала мерейтойына тарту ретінде қалалық тарихи музей ашылды. Ғимарат Қызылорда Қазақ АКСР-інің астанасы болған тұстағы Қазақ орталық атқару комитетінің сызбасы негізінде салынды. Бүгінде бұл мұражайда қала тарихына қатысты құнды мәліметтер, әр кезеңдегі маңызды оқиғалар мен зиялы қауым өкілдері қолданған жәдігерлер сақтаулы тұр.

Қазіргі кезде музей қорында шамамен 830 экспонат бар. Оның 796-ы экспозицияда орналасқан. Музей көрмесі «Алаш партиясының құрылуы және Ақмешіт-Перовск қаласының тарихы», «Қызылорда – Қазақ АКСР астанасы және Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» мен «Қызылорда қаласы тәуелсіздік жылдарында» атты үш залға бөлінген. Музейдегі экспонаттар қатарында тарихқа толы жәдігерлер бар.

Мысалы, мұнда абыз ақын Әбділда Тәжібаевтың мылтығы бар. Жәдігер музей қорына ақынның өкіл қызы Қатира Жәленованың бастамасымен арнайы табысталған. «Сырдың сыршыл ақыны қолданған бұйымның өзі туған өңірде, өлке тарихын бойына жинаған киелі шаңырақтың төрінде тұруы – үлкен мақтаныш. Себебі Тәжібаев қолданған білтелі мылтық бүгінгі ұрпақ үшін қайталанбас құнды қазына. Осындай жәдігерді өз деңгейінде дәріптеп, жас ұрпаққа аманаттау – парыз», − дейді музейдің ғылыми қызметкері Жадыра Жаркеева.

Музейдегі тағы бір ерекше жәдігер – пианино. Бұл − жай пианино емес, ақын-жазушы Зейнолла Шүкіров ойнаған, бүгінде музей төрінде тұрған құнды жәдігер. Жазушының тұтынған жеке заттарын қызылордалық інісі Алпысбай Шүкіров өзі табыстаған. Сегіз жасында түйеден құлап, мүгедектікке шалдыққан Зейнолла Шүкіров ғұмырын жазушылық, ақындық өнерге арнаған. Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов екеуі «Сыр сұлуы» әнін жазды. Міне, сол әнді жазушы осы пианинода ойнап, талай рет сыңғырлатып, шырқаған болар.

Музей төрінде пианинодан бөлек ақынның үстел сағаты, баспа машинкасы, радиосы мен қолжазбаларының түпнұсқасы сақтаулы тұр. Сонымен қатар экспонаттар қатарында Зейнолла Шүкіровтің киімдері, бала кезіндегі аяқкиімі де бар.

Бүгінде қалалық мұражай қызметкерлері осы секілді халықтың аманат етіп тапсырған әр жәдігерін көздің қарашығындай сақтап, қызықтап келгендерге тарихын түсіндіруде. Әр уақыттың куәгері болатын бұл жәдігерлерді қорғау, келешек ұрпаққа жеткізу – музейдің басты мақсаты да.

А.БІРКЕНОВ

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: