Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Соқпақты жолдар, сортаңды белдер

14.09.2021

1504 0

Әуелбек Қоңыратбаев – есімі қазақ руханиятының тарихынан өзіндік орын алған ұлт зиялысының бірі. Оның қоғамдық қызметі мен әдеби-ғылыми шығармашылығынан дәуір қайшылықтары да мол көрініс беріп отырады. Мұның себебін бүгінде қатары сиреген аға буын өкілдері болмаса, жас буынның біле бермейтіні анық. Партия, совет идеясына барынша адал қызмет еткен тұлғаның дүркін-дүркін саяси оқиғалардың соқпағына ұрынуының сыры неде? Қазақ еліндегі академиялық бағыттағы әдебиеттану ғылымының негізін қалауға еңбек еткен ғалымның ұлт руханиятына қосқан жеке үлесі өз дәрежесінде сараланды ма? Көптеген ғылыми ізденістері, қоғамдық ойды ілгері дамытуға қосқан еңбегі бүгінде өз бағасын алып болды ма? – деген сауалдардың төңірегінде ортаға салатын ойлар жоқ емес.

ТУҒАН ӨЛКЕ ТОПЫРАҒЫНДА

(Ә.Қоңыратбаев – кеңестік жүйе қызметкері)

Ә.Қоңыратбаев – Сыр елінің тумасы. ХХ ғасырдың бас кезінде бұл маңызды саяси оқиғалардың бел ортасында болған аймақ. 1924 жылы Түркістан республикасы ыдыраған соң С.Қожановтар тұтас Қазақстан жасау идеясына кірісіп, 1925 жылы көктемде өткен Советтердің 5-съезінде біріккен Қазақстанды жариялап, астанасын Қызылорда атағаны тарихтан мәлім. Осы саяси оқиғалардың бел ортасында 5-съезде ҚазЦИК мүшесі болып сайланған Қалжан Қоңыратбаев та жүрген.

Әуелбек Қоңыратбаевтың Сыр еліндегі ғұмырын бірнеше кезеңге жіктеуге болады. Алғашқысы 20-30-жылдар арасын қамтиды. 1925 жылы Ташкенттегі Қазақ ағарту институтын (Казинпрос) аяқтаған Әуелбек Қоңыратбаев арнайы жолдамамен Қызылордаға жіберілген. Жас маман сол жылдары Қазақстанға қараған Қарақалпақ жеріндегі совпартшколда лектор болған. Одан соң «Қосшы» одағының жауапты қызметкері, 1928 жылы қалалық атқару кеңесінің шешімімен Қызылорда уездік атқару комитетінің жауапты хатшысы болып сайланған. Бірер жылдан соң қайтадан журналистік қызметке оралып, БКП(б) Қазақ өлкелік партия комитетінің (Казкрайком) органы «Еңбекші қазақ» газетінде социалистік құрылыс бөлімін басқарған. Бұл кезде газет редакторының орынбасары М.Дулатов болатын. Ж.Тілепбергенов басқарған «Сыр бойы» газетінде әдебиет бөлімін басқарып жүргенінде 1930 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінің шешімімен Арал аудандық «Балықшылар» газетіне жауапты редактор болып тағайындалған. Осы кезеңде жоқ жерден газет жұмысын ұйымдастырып, типография ашып, 200-ге тарта бас мақала жазыпты.

«Екпінді балықшы» газетінің жұмысын жолға қойған бойда Өлкелік партия комитеті Ә.Қоңыратбаевты еліміздің жаңа астанасы Алматыға алдырып, республикалық «Колхоз» газетіне жауапты редактор етіп тағайындаған. 1932 жылы газет бюджетке өтпей қалған кезде Ә.Қоңыратбаев 1932-1934 жылдары Өлкелік партия комитетінің баспасөз секторында нұсқаушы, артынан секторға жетекшілік жасап, республика бойынша ондаған ұлттық газеттер шығаруға мұрындық болған. Абақтыдан оралған М.Әуезовті Жанайдар Сәдуақасовқа алып кіріп, драмтеатрға жұмысқа орналастыратын кезі де осы.

МОСКВАДАҒЫ МАШАҚАТ

(Ә.Қоңыратбаев – оппортунист)

1932 жылы күзде Крайкомның шешімімен Ә.Қоңыратбаев «Правда» атындағы Бүкілодақтық журналистика институтына оқуға жіберілген. Қазақ журналистикасының кәсіби деңгейін көтеру мақсатында ВКИЖ-ге жіберілген қазақ жастарының тізіміне Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянның өзі қол қойып, БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған екен. Хаттың Мосгосархивте сақталған түпнұсқасы мынау:

Қазақстаннан барған талапкерлер білім алып, үлкен кәсіби мамандыққа бейімделіп жүргенде 1934 жылдың аяқ шенінде Ленинград обкомының бірінші хатшысы С.Кировке қастандық жасалып, елдегі саяси оқиғалар ушығып шыға келеді. Комвуз студенттері мерекелік парадтарда Қызыл алаңда «отцеплениеде» тұратын болған. НКВД қызметкерлері комвуз студенттерінің арасында оперативтік жұмыстар жүргізіп, парад кезінде Сталиннің портретін мысқылдаған деген айыппен тараздық Шойынбаев және Тоқтамысов деген студенттерді қамауға алған. Олармен бір бөлмеде тұрған Ә.Қоңыратбаевқа қатысты ешнәрсе таба алмағандықтан ісі ВКИЖ-дің бастауыш партия ұйымында қаралып, Москвадағы Сокольник аудандық партия комитетіне жіберілген. Парткомиссия мүшелерінің жерлестеріңнің антисоветтік қылықтарын партия ұйымына неге жеткізбедің деген сауалына «мен олардың істеріне мән бергенім жоқ, оның үстіне ВКИЖ-де оқитын қазақ жастары өте аз» деп жауап берген Ә.Қоңыратбаев «оппортунист» ретінде оқудан бір, партия қатарынан екі шығып, Қазақстанға оралған.

Алматыға келген бойда «Социалды Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарған. Осы кезде Тұрмағамбеттің «Шаһнама» дастанын аударып жатқаны туралы мақала бастырып, үзінділерін жариялап отырған.

САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН: СЕБЕБІ МЕН САЛДАРЫ

1936 жылдан бастап еліміздегі саяси оқиғалар ушығып, «халық жауы» деген тіркес қолданысқа түсе бастаған. Сол саяси науқанға Ә.Қоңыратбаевтың аға-інісі қатар ілігіп, бірі алашордашыл, екіншісі «неміс-жапон шпионы» ретінде істі болған. Қалжан Қоңыратбаев 10 жылға итжеккенге айдалып, Советская Гавань маңындағы №22 Амурлагте мерт болса, Әлібек Қоңыратбаев Алматыда НКВД камерасында сотсыз атылған. Бұл жылдары Ә.Қоңыратбаев жиі-жиі тұрағын ауыстырып, Алматы, Талдықорған, Оңтүстік Қазақстан, Қарақалпақ АССР-інде болып, артынан қызыләскер қатарына шақырылған.

Қуғын-сүргін жылдары бірнеше баласы, 1943 жылы Мақтааралда Назым есімді алғашқы жұбайы қайтыс болған. Оны біреу білсе, біреу білмейді. Бұл оқиғаларды көзі тірісінде өзі де айта бермейтін. Осының бәрі саяси қуғын-сүргіннің зардабы болатын.

Иә, Ә.Қоңыратбаев өмір сүрген заманның қиыр-шиыры көп болған. Кеңес үкіметін жер-жерлерде орнату барысында көптеген саяси қателіктердің жіберілгені де тарихтан мәлім. Талай жазықсыз жан атылып, талай шаңырақтың оты сөнген. 1932-1933 жылдары Голощекин қолдан жасаған аштық, 1937-1938 жылдары Мирзоян жүргізген қанды қырғын, осы кезеңде НКВД мекемесіне жетекшілік жасап, 40-жылдары республикалық партия ұйымын басқарған Шаяхметов жалғастырған 40-50-жылдарғы саяси қуғын-сүргіндер қазақ интеллигенциясының қатарын сиретіп, руханият әлемінің тоз-тозын шығарған еді. Мың-мыңдаған адамдар 58-баппен істі болып, бүкіл кеңес елі үлкен концлагерге айналған. Әлеуметтік желіде жүрген Мирзоянның «Өте құпия» деген литермен Сталинге 1937 жылы 1-желтоқсанда жіберген «Шифровкасы» (вх.№2748/III) халықты ату-жазалаудың жоспарға құрылғанынан хабар береді. Ет комбинатындағы сойылатын мал санының жоспары секілді атылуға тиіс кісілердің саны БКП (б) ОК-де күнілгері бекітіліп, өлкелік партия ұйымдарына жіберіліп отырған. Олар тізімді НКВД мекемелеріне беріп, ондағы жебірейілдер бірін атып, бірін итжеккенге жіберіп жайратып отырған. Олардың қатарында оқыған-тоқығаны мол көзі ашық, көкірегі ояу қоғам қайраткерлері көп болса, Сталин үкіметінің кімдерден қорыққанын түсіну қиын емес. Билікте отырған білімсіз де біліксіз басшылар елді өзіне қаратып, көптің сөзін сөйлеп, көңілінен шыққан мықтылардан сескеніп, түрлі айла-шарғымен олардың көзін құртуға тырысқан. Бір-бірінің үстінен орталыққа арыз жазу, ұлтшылдық әрекеттерін көрсету, кеңес үкіметіне көңілі толмайтынын айту, алашорда қайраткерлерімен байланысын ашу арқылы қарсыластарынан өш алу – сол кездегі қазақ интеллигенциясына тән теріс мінездердің бірі. Онымен арыз жазғандар аман қалып, биік мансаптарға қол жеткізді деп айту да қиын. Қажет кезінде өзгелерді құрту үшін пайдаланып, кезегі келгенде Сталин-Мирзоян жүйесі олардың өздерін де оққа байлап жіберген. Қайнаған қоғамдық өмірден орын алған қалың өрттің арасынан аман шығудың өзі қиын шаруаға айналған социалистік қоғамның басты моральдік келбеті, міне, осындай еді.

Реті келген соң көптен көкейде жүрген күмәнімізді де ортаға сала кетейік. Біз үшін 1937-1938 жылдарғы репрессиядан аман қалған қазақ қаламгерлерінің сол жылдарғы адами-әлеуметтік позициясы анық емес. Себебі қуғын-сүргін дәуірінде біреулердің нұсқауымен «халық жауы», «неміс-жапон шпионы» деген жаламен барсакелмеске жіберген Рахым Уәлиахметов, Әлібек Қоңыратбаев, Абат Әлібаев сияқты жас қаламгерлердің тағдыр-талайын сөз етіп жатқан шығармашылық одақты әзірге көргеніміз жоқ. Жазушылар арасындағы жиналыстарда бұл жастарды «халық жауы», «неміс-жапон шпионы» санаған қаламгерлер аз емес.

Үнемі даму, жетілу, тереңдеу үстінде болатын қоғамдық ой мен ғылыми танымның 1937-1938 жылғы оқиғаларға қайта оралып, тиісті бағасын беруге тырысуы заңды құбылыс. Ал «ол кезде біз болғанымыз жоқ» деп мойнын ішіне тығып отыратын мекемелердің қоғамнан алары болса да, берерінің болмайтыны белгілі. Аталған жас жазушылардың қылмыстық істеріне «мәңгі құпия» деген мөр соғылып, жақын туыстарына да көрсетілмеуі көп жайдан хабар береді. Алғаш ұсталғандықтан олардың «қылмыстық» істерінде өздерін жабылып жамандаған аға буын жазушыларымыз жазып берген «доностардың» сақталуы әбден мүмкін. Ондай пікірлер жазушылардан 1937 жылы бір, 1956 жылы екінші рет алынған. Мысалы, 1956 жылы Мемлекет қауіпсіздігі комитеті Әлібек Қоңыратбаевтың ісін қайта көтеріп, ақын Ә.Тәжібаевтан «халық жауы» ретінде атылып кеткен Әл. Қоңыратбаевқа байланысты түсініктеме алған. Оның үзіндісін кезінде МҚК жүйесінің полковнигі Ә.Бәкіров жариялады. Демек Ә.Тәжібаевтың бұл іске байланысты 1937 жылы берген түсініктері де бар. Осы тергеулер кезінде берілген түсініктерін салыстырып зерттеуге әлі күнге мүмкіншілік тумай келеді…

1937 жылдың наурыз айында басталған қуғын-сүргіннің бастапқы легінде «біздің тегіміз жапон» деп жүрген Рақым Уәлиахметов, Әлібек Қоңыратбаев, Абат Әлібаевтардың атылып кеткенін айттық. Бүгінде елге танылып қалған жазушыларымыздың адами-шығармашылық келбетіне ревизия жасауды қиынсынып, атылып кеткен жастардың ісін құпия ұстап, ақиқатқа жол бермеу – ты-ғырықтан шығар жол емес. Ендігі жерде осы құпияның бәрін «кейінгі ұрпақтары араздасып кетеді» деген қисыны жоқ сылтаумен бүркемелеу де мүмкін емес. Оны уақыттың өзі көрсетіп келеді. Қателіктері, кемшіліктері бар ма, олар айтылу керек. Қолмен жасағанды мойынмен көтеру деген осы. Қашанғы өзімізді де, өзгелерді де алдап жүре бермекпіз.

Жуық арада Президентіміз Қ.Тоқаев репрессия жылдарындағы құжаттарды қайта сараптап шығу туралы тапсырма берді. Иә, шындықтың бет-пердесі әлі күнге ашылған емес. Бұл мәселелерге 1956-1957 жылғы «жылымықты» айтпағанда 1988 жылы КСРО мемлекеті назар аударып, репрессия құрбандарын жаппай ақталған болатын. Сол тұста Ресей архивтері ашылса да, жергілікті жерлердегі МҚК-нің архивтері жабық күйінде қалды. Ендігі жерде көпшілік нақты нәтижелерді күтеді. Жауырды жаба тоқитын саяси тәсіл бүгінгі қоғамды қанағаттандыра алады деп айта алмас едік.

ШОЛАҚ БЕЛСЕНДІЛЕР ШЫРҒАЛАҢЫ

(Ә.Қоңыратбаев – панисламист, пантүркист)

Қуғын-сүргін заманы өте бере Ұлы Отан соғысының басталғаны белгілі. 1944 жылы КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының аспирантурасы ашылып, оған оқуға түскендер әскер қатарынан босатылатын ереже шығады. 1941 жылдан Магнитагорскіде РККА қатарында әскери борышын өтеп жүрген Ә.Қоңыратбаев аспирантураға емтихан тапсырып, шығыстану және түркітану мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Осы негізде әскери міндетінен босатылады.

Ғылым академиясында жүріп Қазақстан Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Т.Тәжібаев, И.Шарипов, Қазақ КСР Ғылым академиясының Президенті Қ.Сәтбаевтардың арнайы тапсырмасымен Өзбекстан, Түрікменстан, республикамыздың көптеген аймақтарына ғылыми-диалектологиялық экспедицияларды басқарып, қыруар материалдар жинақтаған. 1946 жылы «Қазақтың лиро-эпосы» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғап, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының қол-жазбалар бөлімін басқарған. Осы жылдары Абай шығармаларының академиялық басылымына, «Қазақ совет әдебиетінің очерктері», әсіресе «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1-том) сияқты академиялық басылымдарға қатысып, М.Әуезовпен бірге «Лиро-эпос» бөлімін жазған. Осылайша республикамызда академиялық әдебиеттану ғылымы қалыптаса бастаған. Оның басы-қасында М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Ә.Мәметовалар тұрған.

Бұл кезде республикамыздағы әдеби-ғылыми өмірге терең бойлап келе жатқан Ә.Қоңыратбаев өзін алда не күтіп тұрғанын білген жоқ. Еліміздегі әдеби-ғылыми үдерістің дамып, қоғамдық беделге ие болып бара жатқанынан сескенген ойы таяз, білігі төмен шолақ белсенділер қазақ әдебиетіне, соның ішінде М.Әуезовтің ғылыми мектебіне ауыз салып, артынша Қазақстан БКП (б) Өлкелік партия комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл-әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» (1947) қаулысы жарық көрген. Қаулының негізгі айтары – ғылым ордасына кеңес үкіметіне тегі жағынан жат адамдар кіріп алып, әдебиет тарихына феодализм дәуірінің «сарқыншақтарын» енгізіп жатыр деген саяси қауесет болды. Бір ғана С.Бәйішевтің М.Әуезов пен оның шәкірттерінің ғылыми жұмыстарына байланысты саяси айыптауға құрылған үстірт материалдары республикамыздың бас газетінде дүркін-дүркін жарық көріп жатты. Қаулыдан соң Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Ә.Мәметова сияқты ғалымдарды «өз еріктерімен» қызметін босатып, 72 сағат ішінде Алматыдан кетуін талап еткен. Мұндай саяси шараны жүзеге асыру бір ғана Ғылым академиясы басшылығының қолынан келмейтіні белгілі. Тасада НКВД, одан қалды республикалық партия ұйымының тұрғаны анық.

Ә.Қоңыратбаевтың «пантүркист», «панисламист» ретінде айыпталатын кезі – осы. Оған негіз болған «Қазақтың лиро-эпосы» деген тақырыпта жазған кандидаттық диссертациясы, шығыс тақырыбында жарық көрген мақалалары. Осы ізденістердің қазақ руханияты үшін маңызын ұқпай, жалаң «пантүркистік», «панисламистік» әрекет санаған, партияның сеніміне ие болған шолақ белсенділер экономика саласының маманы бола тұра әдебиеттану ғылымына «ревизия» жасауға тырысып баққан. Олардың түпкі мақсаты жазылған еңбектердің ғылыми өресін анықтау емес, авторлардың саяси тегін ашуға күш салу болған. Осының бәрі біз үшін 1937-1938 жылдары аға-інісі «халық жауы» деген жалған жаламен қуғын-сүргінге түскен Ә.Қоңыратбаевқа төтелей қатысты болып көрінеді. Себебі өзге ғалымдардың шыққан тегіне қатысты мұндай саяси мәселелер бұрын-соңды сөз болмаған. Оның арғы жағында кезінде «Қазақ әдебиеті» газетін жаптыруға мұрындық болған С.Бәйішев сияқты белсенділердің әрекетінде Алаш қайраткерлеріне деген айықпас дерттің болғаны да түсінікті. Қалжан Қоңыратбаев алашорда мүшесі болса, Әлібек Қоңыратбаев Алашорда көшбасшыларының бірі – М.Дулатовтың күйеу баласы. Осы тарихи айғақ біреулердің ұйқысын бұзып, тынышын алған тәрізді.

Ғылыми теорияны саясат билеген заманның бір сипаты осындай. Әрине, 1989 жылы бұл қаулының күші жойылды. Бірақ онда 1947 жылғы қаулының себеп-салдары тарқатылып ашылмай, саясат әлемінде шортандай секірген шолақ белсенділердің есімдері бүркемеленді. Кезінде саяси сынға ұшыраған ғалымдардың есімдері 1947 жылғы қаулыда көрсетілген тізімнен өзгертіліп берілді. Ең бастысы, мұндай қаулының қабылдануына түрткі болған не? Оның қозғаушы күштері кімдер? – деген сауалдардың жауабы айтылмады. Осы себепті 1989 жылғы «шалажансар» қаулының сөз ететін мәселелері әлі де аз болмай тұр.

Әдетте өлкелік партия ұйымдары БКП(б) Орталық партия комитетінің нұсқауымен жұмыс жасап, солар қабылдаған қаулыларына үн қосып отырған. 1947 жылы одақ көлемінде ондай саяси оқиғалар орын алған емес, қаулы да қабылданбаған. Сонда Қазақстандағы Тіл-әдебиет институтының жұмысына байланысты республикалық партия ұйымының саяси қаулысы сол тұстағы шолақ белсенділердің тірлігі болып шығады. Олардың қазақ ғылымына қандай үлес қосқаны күні бүгінге дейін айтыла бермейді. Ғылыми теория емес, сөз сапырған сабаздардың адами келбеті осы.

Ал КСРО көлеміндегі саяси оқиғалардың қайта шарпуы 1948 жылдан басталған. Бұл кезеңде КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті 1937-1938 жылдары репрессияға ұшыраған қайраткерлерді қайта іздестіріп, концлагерден аман оралғандарын, жазығы болсын-болмасын, қайта қамау ісіне кірісіп жатты. Демек бұл мәселеге ғылым тарихы әлі талай рет қайта оралады.

1947 жылғы қаулының ықпалымен Алматыдан аластатылған Ә.Қоңыратбаев пен С.Кеңесбаевтар Қызылорда педагогикалық институтына жұмысқа жегілген. Келген бойда Ә.Қоңыратбаев қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын басқарып, педагогтік қызметке кірісіп кеткен.

КЕНЕСАРЫ ДАУЫ

(Ә.Қоңыратбаев – ұлтшыл, ескішіл)

1948 – 1951 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында қызмет атқарып жүргенінде республика көлемінде Кенесары дауы туып, кеңес дәуірінде Кенесарыға қатысты көркем шығармалар мен зерттеулер жазған қаламгерлер мен ғалымдар сынға ұшырай бастайды. Бұл саяси науқан 1951-1953 жылдар арасын қамтыды. Осы кезде 1948 жылғы «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты жинақтың «Наурызбай-Қаншайым» бөлімін жазған Ә.Қоңыратбаевтың ісі ерекше бақылауға алынғанын көреміз. Өзге ғалымдар мен жазушылардың кемшіліктерін көрсету мерзімді баспасөз бетіндегі мақалалармен шектеліп жатқанда, Ә.Қоңыратбаевтың Кенесарыға байланысты ізденіс-терін талқылауға Оқу министрінің орынбасары Әди Шәріпов пен облыстық партия комитетінің хатшысы, институт басшылары, оқытушылары және студенттері қатысқан. Жиналыс Ә.Қоңыратбаевтың 1948 жылғы жинақта шыққан мақаласындағы ұстанымын теріс деп тауып, саяси-методологиялық кемшіліктері үшін жұмыстан босату туралы шешім қабылдаған.

Қазақ әдебиеттану ғылымында осы саяси оқиғалардың себеп-салдарына тереңдеп жатқан зерттеушілер көп болмады. Негізгі мәселе мынада болатын. Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО Ғылым академиясының Алматыда эвакуацияда болған тарихшы-ғалымдарына республикалық партия ұйымы академиялық «Қазақ ССР тарихын» жазып беруді тапсырған. Москваның белгілі тарихшылары 1943 жылы кітапты жарыққа шығарып, онда Кенесары Қасымов қозғалысын ұлт-азаттық көтеріліс ретінде бағалаған. Дәл осы баға «Қазақ ССР тарихы» атты кітаптың 1947 жылғы 2-басылымында да сақталған. Сонда республикалық партия ұйымы бекіткен академиялық тарих кітабында берілген саяси бағаға сүйеніп өлең, поэма жазған ақындар мен зерттеулер жүргізген ғалымдардың қандай кінәсі

болуы мүмкін? Соған қарамастан Оқу министрлігі бұл деректерге саяси сипат беріп, Ә.Қоңыратбаевты жеке-дара қудалау үшін пайдаланған.

Рас, мерзімді баспасөз беттерінде Ә.Тәжібаевтан бастап көптеген ақындарымыз жүрдім-бардым сыналған. Бірақ олардың бірде-бірі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған емес. Соған қарағанда ағайынды Қоңыратбаевтардың тағдыры ұзақ жылдар НКВД мен республикалық партия ұйымының бақылауында болған деп шамалауға толық негіз бар. Дәл осылай бір еңбегі үшін екі рет қудаланған ғалымдар бізде болған емес. Республикамыздағы 5-6 ғылым кандидатының бірі Ә.Қоңыратбаев жоғары оқу орнынан шығарылып, ауылдың бастауыш мектебіне мұғалімдік жұмысқа жегілгенде, Қызылордадағы «ссылкасын» аяқтаған С.Кеңесбаев Қазақ КСР Ғылым академиясындағы жұмысына қайта оралып жатқан екен.

1952-1953 жылдары саяси оқиғалар асқына түскен. Бірқатар әдебиетшілер мен тарихшылар ғылыми еңбектері үшін 25 жылға бас бостандығынан айрылып жатқанда саяси-методологиялық ұстанымын сылтау етіп кеңес үкіметі Ә.Қоңыратбаевқа жұмыс бермей қойған. Осы жылдары қырғыз, өзбек елдерінен алған шақыру хаттары ғалымның жеке архивінде сақтаулы. Елден кету-кетпеуді ойланып жүргенде 1954 жылы Оқу министрлігінен хат келіп, онда алдағы күзден бастап Қызылорда педагогикалық институтына жұмысқа қабылданатыны жазылыпты. Бұл – 1954 жыл, яғни Сталин өлгеннен кейінгі жағдай. Сол кезден өмірінің соңына дейін осы оқу орнында дәріс бергені көпшілікке жақсы мәлім. Сыр еліндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін даярлауға Ә.Қоңыратбаев 30 жыл өмірін жұмсаған. Олардың арасынан жазушы, ақын, сыншылар да шыққан.

КЕҢЕС ЗАМАНЫНДАҒЫ КЕМЕЛДЕНУ

(Ә.Қоңыратбаев – көрнекті ғалым әрі ұстаз)

Әрине, адал еңбек ескерусіз қалмайды. Ә.Қоңыратбаевтың ұзақ жылғы ғылыми-педагогикалық еңбегі де назардан тыс қалды деп айтуға болмас. 1961 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының шешімімен ғалым «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Оған дейін «халық жауы» ретінде айыпталған Қалжан мен Әлібек Қоңыратбаевтар өлідей ақталып (1956), олардың ісі қысқартылған болатын. Кеңес заманының талабы бойынша мемлекеттік наградаға ұсынылған адамдар партия органдарынан бөлек МҚК-нің жасырын құптауынан өту керек болған. Оларда есепте тұрған адамдарға мемлекеттік награда берілмеген. Осыған қарағанда 60-жылдардан бастап Қоңыратбаевтар Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің құпия бақылауынан алынып тасталған деп шамалауға болады.

Ал жазықсыз жандарды өлімге қиған НКВД тергеушілеріне берілетін баға әлі алда. Қалжекеңнің ісін жүргізген Финагин, т.б. туралы мәліметтер қазірде Ресей сайттарында бар. Олардың заңсыз іс-әрекеттеріне саяси баға беріп, саяси қылмыскер екенін кейінгі ұрпақтарына жеткізетін кез де алыс болмауға тиіс.

Кеңес заманында үш рет саяси қудалауға түскен Ә.Қоңыратбаев басына түскен қиыншылықтарға қарамастан саналы да сапалы ғұмыр кешкен жан. Елуінші жылдарға дейінгі еңбектерін былай қойғанда 60-жылдардан бергі жердегі зерттеулерінің өзі бір төбе. Бір жағынан түркітанушы, шығыстанушы, әдебиет тарихшысы ретінде күрделі ізденістер жүргізіп, қазақ әдебиетшілері маңайламаған тақырыптарды көтеріп, ғылыми танымды тереңдетуге еңбек етіп кеткен. Екінші жағынан ағымдағы әдеби үдеріске сыншы ретінде араласып, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Т.Әлімқұлов сияқты толып жатқан жазушылар мен ақындардың шы-ғармаларына әділ баға беріп отырған. Оның пікірлерімен С.Мұқановтан бастап көптеген қаламгерлердің келісіп отырғанын да көреміз.

Ә.Қоңыратбаев еңбектерінің толық басылымы 2004-2005 жылдары 10 том көлемінде жарық көрді. Содан бері әдеби-ғылыми оралымға еніп келеді. Ғылыми еңбектерінен бөлек ғалымның прозалық шығармалары да жоғары бағаланып жүр. Осының бәрі Ә.Қоңыратбаевтың қазақ руханиятына сіңірген еңбегінің ауқымын байқатады.

Қазақ ғылымы мен әдебиетіне сіңірген еңбегіне сай Ә.Қоңыратбаевты бағалау ісі де ұмыт қалған емес. Сонау кеңес заманында, 1988 жылы Қызылорда қалалық атқару комитетінің шешімімен қаладағы ғалым тұрған көшеге оның есімі берілгені белгілі. 1990 жылы Шиелі ауданындағы №48 гимназия және бір көше Ә.Қоңыратбаев есімімен аталды.

Реті келген соң айта кетейін, кейінгі жылдары Сыр елінің қаламгерлері қалалық әкімшілікке Ә.Қоңыратбаевқа ескерткіш орнату туралы ұсыныс түсірген секілді. Қала әкімінің орынбасары ондай жоспардың бар екенін айтып, жауап беріпті. Осыдан 4-5 жыл бұрын сол хаттың көшірмесін қарт журналист Өтеген Жаппархан ағамыз маған жіберіп, сүйінші сұрағаны бар.

Әрине, мәселе ескерткіште емес, Сыр еліндегі қаламның қадірін білетін қарт журналистердің Ә.Қоңыратбаевқа берген бағасында. Облыстық «Ленин жолы», республикалық «Социалистік Қазақстан» газеттерінің тілшісі болған Ө.Жаппархан сияқты журналистика ардагерлерінің пікірі біздер үшін аса қымбат. Нағыз халықтық баға деп осыны айтсақ керек.

Сыр елінің сарабдал тұлғасы Әуелбек Қоңыратбаев есімі республика жұртшылығына жақсы танымал. Ол туралы мәліметтер республикалық деңгейдегі барлық анықтамалықтарға енген. Ал қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымына қосқан күрделі еңбектері ұлтымыздың рухани мұрасы ретінде елмен бірге жасай беретін болады.

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: