Бейсенбі, 25 сәуiр, 18:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ливан: Дағдарыстағы күнкөріс

23.10.2021

761 0

2019 жылы бастау алып, 2020 жылдың басында пандемияға айналған «Covid-19» вирусы біраз өзгеріс әкелді. Соңғы екі жылда әлем елдерінің денсаулық сақтау саласы қатты сынға ұшырады. Ебін тапқандар емделді, қолынан келмегендер сенделді. Вирус тек медицина саласын қозғап қана қоймай экономикаға да кері әсерін тигізді. Міне, осы кезеңде онсыз да қиын күндерді бастан кешіп жүрген мемлекеттер қатты қиналды. Соның бірі – Ливан.

Ливанның жергілікті валютасы 2019 жылдан бері бүгінге дейін 90 процентке құлдыраған. Бұл елдегі экономикалық дағдарыстың қазіргі келбетін ашып көрсеткендей. Одан бөлек елдегі саяси ахуал да біраз қиындыққа ұшыраған еді. Осы орайда CNN арнасының тілшісі Тамара Киблави «Ливандағы ашкөздік өмірге қажетті сүт пен дәрі тапшылығына қалай әсер етті?» тақырыбында репортаж мақаласын жариялады. Мақала жесір қалған Аммуни Хайдар атты әйелдің бір күндік өмірінен бастау алады.

«Аммуни Хайдар бір ай бойы сыртқа шықпай, жұпыны жабдықталған үйінің терезесі алдында отыр. Күн батқан уақытта кішкентай шам үйді аз ғана жарықтандырып тұрады. Электр энергиясын кешкі сағат 22.00-де сөндірген тұста бұл үйде қараңғылық орнайды.

32 жастағы Хайдар сириялық шекараға жақын орналасқан Тлейл ауылындағы шағын ғана үйінде әлі 10 күндей отыруы керек. Күйеуі Ибрагим Урфали тамыз айының ортасында жанармай цистернасы жарылысынан қайтыс болған. Енді оның әйелі қаралы дәстүр бойынша 40 күн далаға шықпай, ер адамдармен араласпауы керек.

Терең ойға берілген әйелдің көзінен жас ағып, өксік қысады. Ал 6 жастағы екінші баласы оның бетінен қайта-қайта сүйіп, анасын жұбатуға тырысады. Осы кезде ол сәл ғана жымиып, баласын құшағына алады.

Хайдардың қайғысы күллі Ливан елінің жағдайын суреттеп тұрғандай», – деп басталады автордың мақаласы.

Елде екі жыл бұрын болған дағдарыстан кейін оның және бүкіл ливандықтардың күнкөрісі күн санап қиындап барады. Онсыз да азын-аулақ табысы бұл күнде жоқпен пара-пар. Жетіспеушіліктің кесірінен ол төрт баласын дұрыс тамақтандыра да алмай отыр.

Негізінен жергілікті телеарналар тамыз айының аяғында балаларға арналған сүттің қоймада сақтаулы тұрған бірнеше суретін жариялаған. Алайда Хайдар қанша тырысқанымен оның бірде-біреуін таба алмаған. Ал өзінің жеті айлық баласын бүгінде қант араласқан сумен тамақтандыруға мәжбүр.

Ливандағы дағдарыстың басты себебі байлардың сараңдығынан қымбат болған-мыс. Олардан Хайдар сияқты кедей отбасылар ондай бағаға тауар ала алмай отыр.

Мұндағы дағдарыс мемлекет қаржысының тез таусылуы салдарынан болған. Ал «Әлемдік банк» мұның басты себебі биліктің қаржылық сауатсыздығынан деп санайды. Бірақ қорды толтыру үшін сатып алған аса маңызды тауарлар да экономиканы біраз есеңгіретті-мыс.

Ливанның премьер-министрі Наджиб Микати өткен жылы мемлекет субсидиялаған тауардың 74 процентін саудагерлер мен парақорлар елден жасырып қалғанын айтқан. Оның ішінде соңғы жылдарға жетерлік жинақталуы керек болған жанармай, дәрі-дәрмек, азық-түлік пен балалар тағамдары бар. Міне, осыған бөлінген 10 млрд доллардың 7,4 млрд долларын бас пайдасын ойлағандар ел аузынан жырып қалған.

CNN арнасының Орталық банк, фармацевт, дәрігер, науқастар мен гумманитарлық мамандар арасында жүргізген сараптама нәтижесінде биылғы жылдың басында келуі керек тауарларға бөлінген субсидия көлемі артқаны белгілі болған. Ата-аналар балаларын қалай тамақтандырарын білмей жүргенде, қатерлі ісікпен ауырғандар керекті дәріні ала алмай жүргенде мұндай шешім елге аз да болса көмегін тигізер еді. Бірақ ашкөздік алқымнан алған…

Хайдардың күйеуінің өмірін жалмаған цистерна жарылысы жанармай қорын жасақтаудағы қиындықтарға дәлел. Себебі 14 тамызда Ливан әскері контрабандалардан бұл цистернаны тартып алған. Екінші күні олар генераторларын іске қоса алмай отырған ондаған адамға осы дизель отынын таратып бермек болған. Алайда әскери танкке атылған оқтың кесірінен оқиға орнында үлкен жарылыс болып, 31 адам көз жұмған және 79 адам түрлі жарақат алған.

Әйелінің айтуынша, Урфалидің денесінің 95 процентін күйік шалған. Күйеуі және сол сияқты ауыр жарақат алған бірнеше адам жақын жердегі ауруханаға жеткізілгенімен, қажетті дәрі-дәрмек табыла қоймаған. Ал кейбір науқастарды емдеу үшін шетелге жібергені Ливандағы жағдайдың қаншалықты қиын екенін айқындайтындай.

Урфалиды да шетелге емге жібермек болғанымен ол шыдай алмады. Ал ол көз жұмғаннан кейін бірнеше күн өткен соң елдегі денсаулық сақтау министрлігі із-түссіз жоғалып кеткен альбумин дәрісінің 6800 ампуласы Бейрутқа жақын орналасқан қоймалардың бірінен табылғанын мәлімдеген. Альбумин – қатты күйік шалған кезде қолданылатын және ауырсыну деңгейін едәуір төмендетуге оң әсерін тигізетін дәрі.

Альбуминнің қоры министрліктің рейд жасап, оншақты қоймаға тексеріс жұмыстарын жүргізу барысында табылған. Бұл дәрілер негізінен импорттаушылар мен фармацевтерге тиесілі. «Біз дәрілердің барлық түрін және балалар тағамдарын таптық», – деп мәлімдеген арнаға есімін жасырын қалуды сұраған денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Министрліктің хабарлауынша, табылған заттардың барлығы емханалар мен дәріханаларға жеткізілген. Сондай-ақ дәрілер табылған қойма иелері қамауға алынып, дәлелдемелер сотқа жіберілген. Дегенмен мұндай олқылықтарды зерттеу-зерделеу мақсатындағы рейд жұмыстары әзірге елде жаңа билік келгелі тоқтап тұр екен. Арна жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі Фирас Абиадтан мұның себебін сұраған хатты бірнеше рет жолдағанмен әлі де болса жауап келмеген.

2020 жылы қаржылық дағдарыс белең алған кезеңде Ливан билігі өмірлік маңызды тауарларға субсидия бөле бастаған. Мұндағы мақсат инфляция мен жұмыссыздықтың алдын алу, елден көшудің санын азайту еді. Дегенмен биліктің бұл жоспары іске аспай қалғандай.

Жергілікті БАҚ өкілдерінде жариялаған бірнеше материалда елде жанармайды субсидия бағасымен сатып алып, Сирияға сатуға алып кететін контрабанда саны көбейген.

«Орталық банк» негізінен трейдерлердің кірісін қаржыландырды», – дейді, тұтынушылардың құқықтарын қорғау қауымдастығының жетекшісі, Ливандағы бақылау тобы Зухайр Бурро. «Қор жинау арқылы саудагерлер бағаның көтерілуін күтіп, содан кейін ғана оны жоғары бағамен сатады. Осылайша халыққа тауар өте аз көлемде жетеді», – дейді ол.

Жалпы «Орталық банк» ливандық билікке субсидиямен белгіленген бағаны адамдар өз бас пайдасы үшін қолданып жатқанын ескерткенімен, билік құлақ аспаған. Оның үстіне банк ел капиталын құлдыратуға кері әсерін тигізді деген жаламен бірнеше рет айыпталған.

Шілде айындағы жанармай дағдарысы кезінде «Орталық банк» отын импортынына 800 млн доллардай ақша құртқан. Бұл туралы банктің губернаторы Риад Саламех жергілікті БАҚ өкілдеріне мәлімдеген. Әскери рейд барысында сонымен қатар жасырынған жанармай қоры да анықталған. Алайда оның айтуынша, бұл Ливанға тек 3 айға ғана жетеді екен.

Банк қазіргі кезде несиелік желілерді тоқтатып, балалар тағамдары мен дәрі-дәрмек импорттаушылардың жұмысын тоқтатқан. Яғни банк әзірге мұндай шығынды көтере алмайды-мыс. «Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштің өзі 2020 жылғы көрсеткіштен жоғары», – делінген банктің шілде айындағы мәлімдесінде. Мәлімдемеде банк 2021 жылдың І жартыжылдығында балалар тағамы мен дәріге 1,5 млрд доллар жұмсағаны айтылған. Ал өткен жылы мұндай шығынға 1,173 млрд доллар жұмсалған.

«Euromonitor International» нарықты зерттеудің стратегиялық тобының мәліметтері 2021 жылдың бірінші жартысында нәресте тағамының импортының өскенін көрсеткен. Ливан фармацевтикалық импорттаушылар синдикатының басшысы Кәрім Гебара да орталық банкті медициналық сектордағы импорттың көрсеткішін асыруға тырысады деп айыптағанымен, дәрі-дәрмек импортының өскенін мойындаған. «Біз «Орталық банктің» жүргізген талдауымен келіспейміз, өйткені фармацевтер мұндай тапсырыс бермеген. Дегенмен тауар көлемінде өсім бар. Бұған халықаралық компаниялардың жүргізген талдауы дәлел», – дейді Гебара.

Гебараның айтуынша, мамыр айында дәрі-дәрмек импорты тоқтап қалып, тамызда банк дәріге субсидия бөлуді қайта бастаған. Алайда CNN арнасы сұхбаттасқан дәрігерлердің барлығы да бұл субсидия дағдарысты тоқтатпағанын айтқан.

Ал арнаның «Банк субсидиялауды неге тоқтатты?» деген сұрағына есімі жасырын қалуды сұраған шенеунік «Өйткені бізде ақша жоқ. Таусылды», – деп жауап берген.

Мақалада сондай-ақ қазіргі кездегі Ливан емханаларының ахуалы да баяндалады. Мәселен, ең үлкен мемлекеттік аурухана саналатын Рафик Харири университетінің ауруханасындағы жағдай жақсы емес-ті. Көңіліне қаяу түскен науқастар ғимарат алдында отырып өз кезектерін күтуге мәжбүр. Тіпті дәретханаларда қағаз да жоқ екен. Жалғыз медбике ғана бетперде таратып әлек. Бұл өз кезегінде науқастар мен емделушілер гигиеналық құралдар мен дәрі-дәрмек тапшылығын ғана емес күнделікті адам өлімін көріп, оларға еш көмек көрсете алмайтынына қапалы екенінің ашық көрінісі.

Сол ауруханада емделіп жатқан жанның бірі – Тарват. Ол терезе алдында отырып алысқа көз тастайды. Яғни оның әлі де үміт оты сөнбеген. Бұл жерге ол амилоидоз диагнозымен, яғни жүрек ауруымен жатқызылған. Бірақ ол да, дәрігерлер де қажетті емдік препараттың болмауынан шарасыз күйде. «Мен мұны түсінбеймін. Қалай мен дәрі таба алмай отырмын? Мен өмірді сүйетін адаммын. Менің сұлулық салоным, бизнесім болды. Ал бүгінгі жағдайым мынау. Неге мен мұндай күйге түстім?» – деп жылайды ол арнаға берген сұхбатында.

«Жұмысымның ең жаман тұсы – менің қатерлі ісікке шалдыққан пациенттерім болғанымен, оларға еш көмек көрсете алмайтыным», – дейді ауруханадағы онкология бөлімінің бас дәрігері Иссам Шехедах.

Ал ауруханадағы дәріхананың жай-күйі тіптен жаман. Фармацевт әр тартпаны, тоңазытқыштың ішін ашқанымен бірен-саран ғана дәрілер тұрады. Химиотерапия, қан қысымын түсіретін және жүкті әйелдерге арналған дәрінің біреуі де жоқ.

Бөлім басшысы Раида Битар көп науқастың ең арзан тұратын қан қысымын түсіруге арналған «норадреналин» дәрісінің бол-мауынан көз жұмғанын айтқан. Негізінен бұл ең арзан тұратын препараттың бірі. Бірақ соның өзі мұнда жоқ. «Бұл тек қаржылық дағдарыстың кесірі емес. Ашкөз импорттаушылар бізге тауар жібермей отыр. Орталық банк те, бұған дейінгі билік те өз жұмысын дұрыс атқармағаны үшін адам өмірімен жауап беруде», – дейді ол.

Мақалада елдегі ахуал бүкпесіз көрсетіліп, жағдайдың қиындығы ашық жазылған. Кейіпкерлердің басынан өтіп жатқан оқиғалар өте ауыр. Автор мақаланы жесір қалған Хайдардың сөзімен аяқтаған. Біз де солай аяқтауды жөн көрдік:

«Менің бұған дейінгі балаларымды тамақтандырғаным мен қазіргі баламды тамақтандырып жүргенімнің айырмашылығы жер мен көктей. Басымнан өткен оқиғалардың кесірінен мен баламды өзім емізе алмай қалдым. Енді оған нәрестеге арналған жасанды сүт ұнтағы керек. Бірақ ондай бізде, біздің елде жоқ! Мен оны қант қосылған сумен тамақтандырғанда өзімді қалай сезінетінімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл мен үшін ең ауыр сезімнің бірі».

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: