Сенбі, 04 мамыр, 05:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Тарихтың бір қызметі – өткен шақты бүгінгі күн арқылы болашақпен жалғастыру

30.05.2023

611 0

Тарихтың бір қызметі – өт­кен шақты бүгінгі күн арқылы болашақпен жалғастыру.

Екінші қызметі – өткен күннің тәжірибесін бүгінгі күннің қажетіне жарату, оның мәнісі ертеңгі күннің бағыт-бағдарын айқындауға қол­дану.

Тарихтың келесі қызметі – ұлт­тық мемлекеттің іргесін бекемдеу үшін ұлттың идентификациясына дәлел мен дәйек ұстатып, берік ғылыми негіздегі тарихи сананы қалыптастыру.

Ата тарихтың тағы да бір маңыз­ды қызметі ұлттық, мемлекеттік идео­логияны қалыптастыру, әлем­дік қауымдастықтағы өз орны мен рөлін айқындау.

Міне, тарих ғылымының осы қыз­меттерінің өзегі тарихи танымды жаңғыртудан келіп туындайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жан-жақты зерделеу және шешу мақсатында құрылған мемлекеттік комиссияның қызметі мемлекеттік сұраныстан туындап отыр деп айта аламыз. Қазіргі кезде өңірлік, қалалық деңгейде комиссиялар мен архив­терде зерттеу жүргізетін ғалымдар мен мамандардан құралған жұ­мысшы топтар қызу жұмысқа кірісті. Бұл рухани жаңғырудағы үкіметтік қолдаудың айқын көрінісі.

Сонымен, 1997 жылы осы күнді атап өтуге арналған қаулы жарық көргеннен бері не өзгерді? деген сауал туындайды. Еліміз неге осы қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бандарын ақтау мәселесіне қайта оралып отыр?

Біз осы шерлі тарихтың ауыр да қасіретті естеліктерін бойына жиып, «үнсіз» жатқан архив қор­ларын ақтарғанда қалғып бара жатқан тарихи сананы селт ет­кізер сенсациялық жаңалықтар ашу­ды немесе өтіп кеткен тарихи оқиғалардан саяси астар іздеп, ұпай жинауды мақсат етіп отырған жоқпыз.

Осы жерде басын ашып айтатын ақиқат: мемлекеттік комиссиялар мен жұмысшы топтардың алдында тұрған міндет – халқымыздың ба­сына қайғының қара бұлтын үйір­ген жаппай қуғын-сүргін құ­былысына айқындық беру. Оның мәнісі – тоталитарлық қоғам­ның жаппай қуғын-сүргінінен құрбан болған отандастарымыздың санын анықтау, тізімін нақтылау және осы қоғамдық саяси құбылыстың себебі мен салдарларын ғылыми жүйелеу. Бұл деректер тәуелсіз ел болып, жарқын болашаққа бағдар ұстаған еліміздің рухани жаңғыруына жаңа серпін беру. Бұл – бүкілхалықтың қолдауымен, үкіметтік бағдарла­малармен, ғалымдар мен БАҚ құ­ралдарының бірлесе жұмыс іс­теуімен іске асатын әрекет. Бір сәт елімізде орын алған жаппай саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың статистикасына назар аударайық.

1897 жылғы Бүкілресейлік са­нақта қазақ ұлтының саны 6 мил­лион шамасында болған. Қоғам дамуын апатты арнаға (тап­тық-пролетарлық немесе ре­волю­циялық) бұрып жіберген кеңестік биліктің орнауымен бірге қазақ даласына саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық ілесе келді. 1918, 1920-1921 жылдары елімізде аймақтық деңгейде ашаршылық орын алды. Ал 1932-1933 жылдары ол ашар­шылық ұлттық сипат алды.

Саяси себептермен қуғындау 1918 жылдан басталды. Азамат соғысын ақ пен қызылдың, бай мен кедейдің соғысы деп кел­дік. Шын мәнісінде ол кезең ұлт­тық мүддені аяққа таптаған больше­виктік озбырлыққа қарсы күрес болатын. Осы кезеңде сотсыз, сұраусыз атылғандар қаншама? «Әскери коммунизм» саясаты ба­рысында қуғын көргендердің де сұрауы болмады. 1928 жылы Алаш қозғалысы қайраткерлерін қуғын­дауға қатысты жүргізілген сот про­цесі Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің ресми сипат алу еді. Осы жылы 48 Алаш қайраткері істі болды. Бұл – ұлттың саяси, әкімшілік, шы­ғармашылық элитасын жаппай қуғынға салған «Үлкен террордың» алғашқы хабары еді. 1930-31 жыл­дарда орын алған 350 шаруалар көтерілісін ұйымдастырды деген желеумен 1933-34 жылдары «Бірыңғай орталыққа бағынған кеңес­ке қарсы ұлтшылдық ұйым­дар» деген сот процесімен 500-ден астам адам істі болды. Оларға ха­лықтың ауа көшуін, малдың қасақана қырылуын, шаруалардың бас көтерулерін ұйымдастырды де­ген айыптар тағылды. Ал 1937-38 жылдарды қуғындалғандарға осы айыптаумен қатар «отанын сат­қандар, жапон, герман, түріктің тыңшысы, Қазақстанда Кеңес Одағынан бөліп алуды жақтады» деген айыптар тағылып жатты.

Сонымен, жаппай саяси қуғын-сүргіндер мен ашаршылықтың құрбандары туралы мынадай де­ректер айтылады:

– Елде аштықтан көз жұм­ғандар саны – 1,7-2,2 млн.

– Қытай мен Моңғолияға ауып кеткендер – 1,2 млн.

– Ресей, Өзбекстан, Тәжікстанға ауа көшкендер – 800 мың шамасы.

Бұл цифрлар жобамен жасалған болжамдар. Ол нақтылануы керек. Бір мысал келтірейік: республика бойынша 125 мың адам қуғындалса, олардың 25 мыңы өлім жазасына кесілгендер. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша атылғандардың саны 2500-ден астам екен.  Осылардың тек 800-ге жуығының ғана есімі 1998 жылы жарық көрген «Азалы кітапқа» енді. Өзгелері жоғарыда аталған цифрдың ішінде қалып қойды. Демек, алдағы уақытта атқарылар шаруалар аз емес.

Жаппай саяси қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау мәселесі хру­щевтік «жылымықтан» бері қарай әлі де жалғасып келеді. Бірақ ол заңдар мен қаулылардың орындалуы жар­тыкеш сипат алды.

1. Кәмпеске науқанынан зар­дап шекендер ақталды. Бірақ қу­ғындалғандар мен ақталған­дар­дың нақты тізімі жоқ.

2. 1932 жылғы әйгілі «үш масақ» заңымен істі болғандар ресми түрде ақталды. Олардың да нақты тізімі жоқ.

3. Жоғарғы Сот, Әскери три­бунал, облыстық «үштіктердің» үкімімен сотталғандардың тізімі толық емес. Ал аудандық деңгейдегі «екіліктердің» (аупартком хат­шысы, аудандық ОГПУ бастығы т.б.) үкімімен істі болғандардың тізімі нақты емес.

Сөзімнің қорытындысында Түркістан қаласына қатысты мә­селелерге тоқталғанымыз дұрыс болар. Екі мың жылдық тарихы бар қасиетті қаламыз да оның тұрғындары да елге төнген нәубеттен сырт қалған жоқ. Ең бастысы, қаланы құраушы бас ғимарат саналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі өзінің атқарып келген діни-рухани миссиясынан шеттетілді. Шаруашылық қойма­сына, құдайсыздар музейіне ай­налды, бай қолжазба қоры ешкіммен санаспастан өзге елдің меншігіне берілді. Алаш қозғалысы орталықтарының бірі болған қала, аудан төңірегінің қаншама оғландары саяси себептермен оққа байланды. Ашаршылық жылдары Арқадан ауған қалың жұрт ілініп, салынып Түркістанға құлады. Кей­бірі осы қаладан мәңгілік мекенін тапты. Кесене төңірегінде жүргізілген археологиялық ізде­ністер барысында табылып жат­қан адам сүйектерінің көптеп шығуының да бір себебі осы болатын. Көпшілігі қалада тұрақтап қалды. Шамасы жеткені осы қаладан әл жинап алып, өзге өңірлерге жол тартты.

1930 жылдың ақпанында орын алған әйгілі Созақ көтерілісіне түркістандықтар да қатысты, ті­леулес болды. Тіпті, көтерілісті басуға Ташкент, Қызылордадан келген әскери мектептердің әскери­лері де осы қаладан аттанып жат­ты. Қолға түскен созақтық кө­терілісшілер Түркістандағы пат­ша заманында салынған тас түрмеге тоғытылды.

Ащысай кенішіндегі баскөтеру­лердің айыпкерлері де осы түрмеге қамалған еді. Осы тас түрменің ғимараты күні кешеге дейін сақ­талып келген еді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткіші болғанымен музейлендіруге ыңғай келмеді.

Негізінен, қаламыздың облыс орталығы мәртебесін алуына бай­ланысты мемлекеттік комиссия­ның жүргізген жұмыстарының қорытындысы бойынша қаладан саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арналған музей бой көтерсе оңды іс болар еді.

Орыстың ұлы ақындарының бірі Апполон Майковтың «Тыншыңдар, ғаріп пенделер!» деген өлеңі еске түседі. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына осылай айтпасқа шарамыз жоқ. Оларды ұлықтағанымыз, есімдерін ұмыт­пағанымыз, не үшін құрбан бол­ғандығын түсіне алғанымыз!

Хазретәлі Тұрсұн,

Тарих ғылымдарының докторы, профессор

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: