Дүйсенбі, 07 қазан, 08:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Жолбарыс жетектеген қазақ

19.10.2021

1540 0

Қазақ тарихында елдің болашағы үшін еңбек еткен ойшыл, отаншыл, көзі ашық, көкірегіояу,парасатпайымыасқанелжанды азаматтаркөптепшыққан.Соныңбірі – отыз жылдан аса болыс болған, батырлығымен, ақындығымен, ұлтжандығымен елдің есінде қалған Қалманбай Байдәулетұлы.

Ет жүрегі ел үшін езіліп туған арда ұл халқының барлық мұңы мен мұқтажын, қайғысы мен қасіретін сезіне білген Қалманбай Байдәулетұлы 1860 жылы Ұлытау өңіріндегі Сарыкеңгір өзенінің бойында «Алданазардың ақсуаты» деген жерде дүниеге келген. Ел ішінде Қалманбай болысқа қатысты көптеген аңызға бергісіз әңгімелер бар. Солардың бірі ретінде оның болыстық һәм батырлық бейнесін аша түсетін ақ патшаға жолбарыс сыйлау оқиғасы. Оқиға желісі былайша өрбиді. 1913 жыл екен. Дәл сол жылы Ресей императоры ІІ Николай өзінің Романовтар әулетінің таққа отыруының 300 жылдық тойын тойлап жатқан шақ. Мұны естіген Қалманбай Қызылорда шиінің арасынан жолбарысты тірідей ұстап алып, олжасын патшаға сыйлау мақсатымен Петерборға аттанады. Қалманбай Петербордың қақпасынан жолбарыс ұстап кіргенде зәре құты қашып қорықпаған орыс қалмапты. Тіпті, айналасындағылардың өзі оған таңданыспен қарайды. Қалманбай батыр болса жолбарысты жетектеген бойда патша отырған сарайға келіп, кездесуге рұқсат сұраған екен. Бұратана санап жүрген халықтың арасынан біреу шығып, ешкімнің ойына түсе бермейтін, кеудесін кере қаққылап жүрген батырлардың өзінің батылы жетіп ұстай қоймайтын жолбарысты сыйға тартады деп орыстар ойламаса керек-ті. Қалманбайдың жолбарыстың өзіне қарсы шығар батырлығына, ерекше қабілеті мен ержүректілігіне, қайтпас қайсарлығына тәнті болған ІІ Николай патша кездесуге келісімін берген. Ол кезде патшаның алдына жолбарыс жетектеп бармақ түгілі, арнайы кездесуге рұқсат сұраудың өзі мұң болатын. Бұл оқиға ел ешін еркін жайлап, онсыз да атағы дардай Қалманбай болыстың атын аңызға айналдырып жібереді. Бұл туралы кезінде ақын Әбділда Тәжібаев «Жұлдыз» журналының 1976 жылғы қазан айында жарық көрген №10-шы санына жазған екен. Ол жөнінде сәл кейінірек айтамыз. Алдымен М.Болатовтың зерттемелеріне ден қойғанды жөн көрдік.

М.Болатов қазақ шежіресін жинақтап, ел аралап жүргенде Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Екпінді ауылында тұратын 86 жастағы қарт, Бекен Төлегенұлы деген кісіден Сегізсері жайлы материалдарды алғанын жазады. (Бұл деректер М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтының қолжазба бөліміндегі М.Болатовтың материалы 863-ші бума 11 дәптердің 2-6 бетерінен алынды). Әкесі Байдәулет өмірден өткенде Қалманбай не бары 1,5-2 жас шамасындағы, әлі ештеңені білмейтін сәби екен. Оның әкесі Байдәулет Орынборда, Омбыда оқыған пысық, зерек кісі болған. Ол Сарысу өзені бойындағы Сымтас деген жерден 12 отбасылық қызыл үй мен мешіт салдырып, халыққа жағдай жасаған. Шетелден шеберлер әкеліп, сағана, тоған жасатқан. Алайда 25 жасында ауырмай-сырқамай қайтыс болған екен. Қалманбай одан 1,5-2 жас шамасында қалыпты. Інісі Мақыш 1 жасқа да толмаған екен. Бұларды өсіріп, жеткізген Байдәулеттің ағасы Жандәулет те атақты бай болған.

Қалманбай әкесіне ұқсап пысық әрі зерек азамат болып өседі. Оның мұндай қабілетті болып өсіп келе жатқанын байқаған көкесі Жандәулет Қалманбайды ел ісіне баули бастайды. Жасынан ел ісіне араласқан Қалманбай батыр атанады. Бұл туралы атақты ғалым, қазақ ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаев Қалманбайдың поштабайы болған Күзеубай Жидебайұлынан естіген әңгімесін былайша айтқан екен: «Қалманбай батыр жасынан тапқыр, зерек, қарулы болып өскен. Ол кезде ел тіршілігі Атбасар базарына мал айдау, сауда-саттық жасау секілді жұмыстармен айналысқан. Орнықтылығына сенген ғой, бір жолы жас та болса Қалманбайды бас етіп, Жандәулет бай Атбасар базарына топ адам етіп жібереді. Жолда басмашылар шабуылдап, малдарын тартып алыпты. Қалманбайдан басқасы қашып кеткен. Басмашылардың басшысы Қалманбайға жегін аттарды да босатып бер деп бұйырады. Қалманбай асықпай әуелі бір атты босатып, қолына ұстатқан, екіншісін босата беріп, арбаның бір жетегін ала сала басмашы басшысын аңдаусызда түйіп жіберген. Құлап түскен басмашының қылышы мен мылтығын алып, арба үстіне шығып айқасқа әзірленеді. Ауыр денесімен құлаған басшы есеңгіреп қалғанда, басқалары Қалманбайға тиісуге қаймығып, үріккен аттардың соңынан қашып кеткен. Содан не керек, бір ат жетектеп, адам аман, Атбасар базарына жеткен соң жігіттерге базардан барып арқан, жіп үзіктерін жинап әкелуді тапсырады. Өзі отырып сол үзінділерден жіп, арқан ескен. Өйткені базардан мал алушыларға арқан, жіп өте керек. Бір арқанның құны бір тоқты болса керек. Бір аптада бір ат сатып алып, жол азықтарын қамдап, қос атты жегіп, елге жеткен. Елдегілер: «Ау, азықтарың, саудаларың қайда?» – дейді. Сонда олар: «Е, Қалжан батыр болмағанда бәріміз қырылатын едік, қайта аман келгенімізге қуаныңдар», – депті. Осы оқиғадан соң бозбала Қалманбай «Қалманбай батыр» атаныпты. Академик Қаныш Имантайұлы ел тарихына байланысты еңбегінде Қалманбайдың батырлығын осылайша суреттейді.

Жоғарыда Қалманбайдың ақын болғанын да айтып өткен едік. Қалманбайдың батырдың болыстықтан бөлек ақын да болғанын Н.Жолбарыстың зерттеулерінен көруге болады. Н.Жолбарыстың «Бақ.кз» интернет сайтында 2012 жылы жарияланған еңбегінде: «Оның (Қалманбайдың) атақты «Сәтбек батыр» қиссасын Бағаналы жұрты жатқа айтатын болған. Сол кезде енді ғана қазақ даласына тарап жатқан, бүркеншік есіммен шығарма жазу әдісін Қалманбай да қолданған. Оған дәлел Назарбек, Қалжан, Назымбек, Олжабай деген бүркеншік есімдерінің болуы. Қалманбайдың қазақтың шешендік өнерінде қалдырған «Қожа Мансұр», «Назымбек» деген шығармалары да күні бүгінге дейін жеткен. Өкініштісі, Кеңес үкіметі орнағанда, колхоздастыру кезінде Қалманбайдың үйін өртеп, көп шығармалары жалын ішінде кеткен. Өртті көргендердің айтуынша, Қалманбайдың бір сандық қолжазбасы отқа оранған. Қаншама рухани қазына бізге беймәлім үнсіз күйінде қолдан кетті», – деп жазады. Бұл сөздердің астарында шындық бар. Бірде жазушы А.Қаражігітов бұрынғы Киров, қазіргі Әл-Фараби атындағы университетте оқып жүрген кезінде қазақтың ғұлама ғалымы, заңғар жазушы М.Әуезовтен Қалманбай туралы сұрайды. Шамасы Мұқаң Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы дәріс оқып жатса керек. А.Қаражігітов: «Біздің жерде Ұлытау аймағына белгілі болыс әрі ақын Қалманбай Байдәулетұлы деген кісі өмір сүрген екен. Сол кісінің ақындығы жайында білесіз бе?» – деп сұрапты. М.Әуезов болса: «Е, білмей, ол мықты ақын ғой. Оның көптеген шығармасы бар. Қазақ сахарасында болған қанқұйлы қиянатты ұйымдастырушы Жармақ туралы «Сәтбек» дастанын жазды. Оның сүйекті-сүйекті «Назымбек», «Қожамансұр», «Тоты құс», «Сәтбек батыр» сияқты салт-дәстүр», ұлттық-ғұрыптарды көбірек сөз ететін туындылары бар» – деп жауап берген екен. Бұл да болса Қалманбайдың ақындығын дәделдейді емес пе?!

Қалманбай елдің ағасы, болысы, егесі әрі тірегі болғаннан кейін ол кісіге талай ақынның жыр арнағаны сөзсіз. Солардың бірі Балтекеұлы молда Мұқанның Қалманбайға айтқаны. Өлеңнің толық нұсқасын зерттеуші Мәди Болатовтың қолжазбаларынан кездестіруге болады. Сөзімізге дәлел ретінде Балтекеұлы Молдамұқанның Байдәулетұлы Қалманбайға айтқан өлеңінен үзінді келтіре кетейік:

– Ақылдас молда Мұқан қаламыңа,

Жар болсын Қызыр баба талабыңа.

Тіліңнен ләззаты мол сөз шығарсаң,

Кірерсің бас жүйріктің санатына.

Жанассаң жақсыларға қызмет ойлап,

Ғыззат қып гүл ашылар қадамыңа.

Ағаның ғинабатты біреуі едің,

Қалекең барсын сөздің жанабына.

Көрсем деп жақсыларды талап ойлап,

Келіп ем Атбасардың базарына.

Хабар сал ахуалыңнан мырзаларға,

Жау етіп алар ма екен назарына,

Әуелі Қалекеңе хабарлаңдар.

Бір озған ағам еді заманында.

Құлақ сал бұл сөзіме Қалжан аға,

Жарыстан озып бақыт алған аға.

Ерлердей ертедегі қайратың зор,

Алысқан әлі келмей талған аға, – деп өлең-жырды қағаз бетіне түсіріп, сәлем жолдаған екен.

Қалманбай болыс өз кезегінде ескі жыр-толғаулар мен ертегілерді жинаумен де айналысыпты. Бұған М.Болатовтың жазбаларынан дәлел келтіруге болады. Оның Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Екпінді ауылының тұрғыны Бекен ақсақалдың айтуы бойынша жазып алған деректерінде Қалманбай Сегізсерінің өлеңдерін, жырлары мен толғауларын жинату мақсатында балаларына арнайы хат танитын, оқи білетін бір адамын жіберіп, Сегізсері хақындағы мағлұматтарды көшіртіп алған екен. Бұдан Қалманбайдың қазақтың әдебиеті мен тарихына шын жанашыр болғанын көреміз. Жоғарыда Ә.Тәжібаевтың еңбектерінен мысал келтіріп, қайыра ораламыз деген едік. Қалманбайдың әдебиет пен тарихқа, руханиятқа шын жанашыр болғанын дәлелдеу үшін Әбділда ақынның еңбектерін қайта саралап, оның «Жұлдыз» журналында 1976 жылғы қазан айында жарық көрген №10-шы санындағы 78-79 беттерге жарияланған мақаласын негіз еткенді жөн көрдік. Мақалада Ә.Тәжібаев Ұлытаудағы атақты бай Қалманбайға 1907-1908 жылдары Шәді Жәңгірұлы жолы түсіп, өз кәдесімен баратыны айтылған. Сондайақ Қалманбай Шәді төреге осы кездесуде «Шахнаманы» аударып бер деп қолқа салғанын айтады. Тәжібаев: ««Шахнаманы» аударғаны туралы Шәдінің өзі жазған өлең хатын көшіріп әкепті. Шешемнің Қызылордаға бара салып қайтқаны да сондықтан боп шықты. Міне, төмендегілер сол апамның әкелген материалдарынан көшіргендерім», – деп Шәдінің Қалманбайға айтқан өлеңін береді. Біз де аталмыш өлеңнен үзінді беруді абзал санадық.

– Хурматлу Қалманбайға Мәртабалы,

Жігітсіз алыс жерден шыққан намы.

Бес құлан жиылысында сырттан көрдім,

Болмас таныстық жол сөзбен әлі.

Жақыптан ілгеріде сәлем айтып,

Тәржі қып берсе депсіз «Шахнаманы»,

Кітапты адамыңыз маған бермей,

Болмады ол жұмыстың еш ымқаны.

Бұл күнде бір «Шахнама» қолымда тұр,

Жазылған түркі тілмен тамам бәрі.

Шахнама Фирдаусида көп көрінді,

Азырақ етіп едім Иштиханы.

Тақтасын әр табақтың кеспей жазған,

Алты жүз жетпіс беттік қағаз саны.

Назым қып әр жерінде бәйіт айтылған,

Кірсін деп оқығанда сөз ажары.

Іскендір өлгенінен тоқтатыпты,

Қалдырып артындағы көп патшаны.

Ілгері сөзіңізді көңілге алып,

Ойладым жібермекке сізге әні, деп келетін өлең хат Қалманбайға жетіп, ол Шәдіге еңбегінің өтеуіне не сұраса да беретінін айтады. Осыдан соң Шәді төре «Шахнаманы» қазақ тіліне аударып, Ташкент баспаханасынан жалғыз данасын шығарады.

Ел аузында Қалманбайға қатысты аңызәңгімелердің жеткілікті екенін тілге тиек еткен болатынбыз. Сол әңгімелердің кейбірі Қалманбай батырдың қалай болыс болғаны баяндалады. Бір замандарда патшаға салық төлемегені үшін Бағаналының бір бөлігін Шу бойына қарай қоныс аударуға мәжбүрлеген екен. Сондай шақта жер іздеп шыққан Бағаналының Жауғашты руынан шыққан Құлыбек, Төбек, Көрпе, Баймырза секілді төрт ақсақал елді Сарысу бойына көшірген екен. Қоныстанған соң Қалманбайға баталарын беріп, ресми сайлаусыз-ақ өздеріне болыс етіп алады. Бұл шамамен 1878 жыл болса керек. Ал, 1882 жылы ол болыстықта ресми таласып, жеңіп шығады. Осы сайлауда Попов деген оязға тігіліген киіз үйді орнымен қосып аударып тастаған екен. Осыны көріп қорыққан ояз Қалманбайға арнап екінші болыс ашып берген деседі.

Міне, елдің жанашыр болысы, қорған батыры әрі ақыны болған, қазақ руханиятының жанашыры Қалманбай Байдәулетұлы жайлы біз осындай деректерді тарқатамыз. Әсілі, бұл мұнымен Қалманбай туралы барлық дүние жазылды дегенді білдірмейді. Қайта керісінше Қалманбай батырдың өмірі мен шығармашылығы әлі де болса терең зерттеуді қажет етеді.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: