Жұма, 29 наурыз, 13:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Жамандыққа қимайтын жан еді

30.07.2022

845 0

«31 мамыр – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» атты қысқаша мақаланы интернет бетінен байқаған бойда жас бозбала кезімдегі бейтаныс кейуананың өзінің туған ағасынан естіген еліміздің ардақты азаматы Мұстафа Шоқай туралы айтқан әңгімесі есіме түсіп, біреу білер, біреу білмес деген оймен сол оқиғаны қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.

Қазан төңкерісінен кейінгі ала­сапы­ран қызыл саясаттың қылы­шынан қан тамып тұрған мазасыз уақыт болса керек. Тым-тырыс жат­қан ел ішінде Мұстафа келді деп бірінен бірі сүйінші сұрағандай ма, әйтеуір бір жайма-шуақ күні ауыл іші у-шуға бөленді де қалды. Баламын ғой ол кезде, қызықтап мен де барып көрдім. Атақты, ауқатты отбасынан шыққан болса да киім үлгісінен басқа іс-қимылы мен адамдар арасында өзін-өзі ұстауы қарапайым, қазақы қияқ мұртты, иман жүзді кісі екені көрініп-ақ тұрды. Елдің жүзі таныс азаматтары болса керек, кездескен бойдан құшақ ұрып амандасқаннан соң бір-бірімен өзара қауқылдасып, әзілі жарасқандарымен әзілдесіп жатты.

Ертеңгі күнгі таң ауыл ішіндегі ду-ду әңгімеден басталды. Кеше кештегі Мұстафаға арналған қонақ­асында ол өзінің ұзақ жолға жүрмек ойы барын, соған байланысты ата-бабаларына ас бергісі келетінін қалың көпшіліктің ортасына тал­қыға салған соң, мәс­лихаттасқан қауымның барлығы бірауыздан құптаған болатын.

Араға күн жарым уақыт салып ас беруге келіскен күн де жетті. Ауыл сыртындағы алаңқайға қаздай тізілген он екі қазақтың қараша үйі құрылды. Әр үйдің маңайында қатын-қалаштың сыңғырлаған күл­кісі мен шаруа қамында жүрген ауыл азаматтарының болда-болдың астына алған қатқыл дауыстары шығып жатты. Қой союдан жарыс болып жатқандай, әр үй сайын кеше кешкісін жайлаудан алдырған қойлар бірінен соң бірі сойылуда. Жыл он екі айды ырымдады ма, болмаса шақырған қонағын ат­қаратындай қылып ықшамдады ма екен, ол жағының байыбына бармаппын, бірақ он екі үйге арнап он екі қой сойылды. Ас-сорпадан дәметіп қу ағашты шапаттап ат қып мініп ала шаңды аспанға көтеріп жүрген бала-шағаның арасынан Қадір деген ағамыз сұқ саусағымен нұсқай көрсетіп мені шақырып алды. Шаңдатып мазамызды алдыңдар деп сыбағамды беретін шығар деп едім, жоқ өйтпеді. «Ертең азанда ертемен осында болатын бол, маған көмектесесің, екеулеп ет асамыз», – деп өзі де қою қара қазандай күңгірт тартқан ағам теріс айналып кете барды. Менде мақұл ағатай дегеннен басқа амал бар ма, бөгелек тиген жылқы құсап басымды шұлғыған күйде қала бердім.

Содан не керек, ертеңгісін таң атар атпастан ағамызға белгіленген қараша үйге жалаңаяқ шауып келсем, ағам қара қазанды ошаққа қойып, жеңгемізге от жақтырып жатыр екен. Басқа үйлерге де қызметін атқаруға бөлінген адамдары келіп айналаға жан бітіп жатқандай күй кешуде.

Сүт пісірім уақыт өткенде жол жорғасы бар торы төбел атпен Мұстафа Шоқай кермеге келіп тоқ­тады. Ат байлап жатқанда байқадым, қасында мен танымайтын егделеу келген кісісі бар. Ол да салт. 

Сол мезетте ауылдың қара-құра тірлігінде бас болып жүрген Тобыл деген азаматымыз бар еді, сол жүгіріп келіп: Мұсаға, кешегі сойылған қой­лардың біреуінің еті ояңдау екен, жайлауға ат шаптырайын деп жатырмын, тездетіп семіз қой ал­дыруға – деп ентігін баса алмай тұр­ған жігітке Мұстафа тоқтау салды.

– Тоқа, мал орнына мал шалып шығындалып қайтесің. Сен, былай қыл -деді. Ояңдау қойыңның он бір жілігін он бір үйге тарат та, он бір қараша үйден әр қойдың бір жілігінен ал. Сонда он екі қойың теңесіп кетпей ме, солайынан аса бер – деп жымиып күлді де, бейтаныс адаммен әңгімесін жалғастырып ұзай берді. Ә, солай да болады екен-ау, қалай ойыма келмеген – деп аяңдай басқан қапсағай денелі ағамыз өз шаруасын күйттеп кете берді.

Сонда деймін-ау, мал-мүлкі өзі түгілі дүйім жұртқа жететін Мұстафа атамыз сол кездің өзінде өзіне бұйырмайтұғын малын шашау шығармай он екінші қойдың етін қалай үйлестіре білді. Соншалықты мал бітсе осындай қадамға бара аламыз ба біз?

Содан не керек, ас тарқатылып болған саң Мұстафа Шоқай елге ризалығын білдіріп, сол жерде жүре­сінен отырып өзі де құраннан аят оқыды. Дауысы жанға жағымды екені әлі күнге есімде. Сыпайы, биязы азамат екен.

Сол кездесуден кейін Мұстафадай азаматты қайта көрген емеспін. Кейіннен ұлт қайраткерінің халық жауы екен, совет үкіметін құлатпақшы болыпты, әлеуметтік қауіпті эле­менттермен бірлесіп немістермен қосылмақ ойы болыпты – деген алып қашпа әңгімелер ел арасында ұзын құлақтан естіліп жүрді. Одан соң отандық басылымдарға да жағымсыз суреттеліп шығып жүрді. Сенер-сенбесімізді білмедік ол кезде. Бірақ көңілімнің бір бұрышында жымия күлген Мұстафаның бейнесі тұратын. Алауыздыққа қимадым сол кездің өзінде.

Жаппай саяси қуғын-сүргіннің көк­жиегі алыстап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда қара ха­лықтың қамын жеген репрессия құрбандарын еске алу өте жақсы үрдіс. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын.

Гүлзат ТІЛЕСОВА,

кітапханашы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: